Таяқ қадасаң тал болып көгеретін Ақмоланың қара топырағы ел дастарқанын мол өнімнен құралақан қалдырған емес.
Сөредегі құнның сыры
коллаж: Елдар ҚАБА
90
оқылды

Елорданың айналасын жағалай жатқан бұл өңір – егінінің берекесі мен төрт түлігінің ырысын қатар өрген өлке. Өңірде астық та, ет те, сүт те, картоп та, жұмыртқаға дейін өндіріледі. Берекелі тірлік пен көл-көсір мол өнім бар.  Алайда сол өнім тұтынушыға жеткенше үстемеге үстеме қосылып, бастапқы құнынан әлдеқайда көп бағаға айналатынын қара халық күн сайын көріп жүр. Фермердің маңдай тері мен тұтынушының маңдайындағы әжімінің арасындағы айырма қай жерде пайда болды?

262 миллиард теңгенің өнімі

Ұлттық статистика бюро­сы­ның дерегіне сүйен­сек, 2026 жылдың қаңтар-шілде ай­­ларында ғана облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 262 миллиард теңгеден асып жы­ғыл­ған. Бұл өткен жылдың сәйкес ке­­зеңімен салыстырғанда 5,4 пайыз­­ға жоғары. Демек, өндіріс тоқ­­таған жоқ. Керісінше, ұдайы өсіп келеді. Бүгінде облыста ауыл шаруашылығымен айналысатын 8 мыңнан астам агроқұры­лым жұмыс істеп тұр. Мыңдаған шаруа қожалығы жердің бабын тауып, қойын құрттап, айранын ұрттап отыр. Шаруасы дөң­ге­леген салада 85 мыңнан ас­там адам еңбек етеді.

Бірақ өңірде өндіріс кө­ле­мі артқанымен, бұл өсім дүкен сө­­ресіндегі бағаға дәл сол күйін­де көше қоймаған. Биылғы жыл­дың қаңтар-шілдесінде Ақмола об­лысында азық-түлік баға­сы жыл басынан бері 6 пайызға өскен. Бір қарағанда, мұнда парадоксты жағдай тудыратын тү­сі­нік­сіз қайшылық бар. Жер ем­ше­гін сауып ішкен диқан мен мұрты май­ланған малсақ қауымның өні­мі өсіп, ауыл шаруашы­лығы­ның әлеуеті артып келеді. Алайда тұтынушының қалтасы жеңілдеп көр­ген жоқ. Керісінше күн санап те­сік қалтасы одан сайын жұқа­рып барады. Демек, мәселе өнім­нің жоқтығында емес. Мәселе – оның өндірушінің қолынан шық­қан­нан кейінгі тағдырында.

Бұл жерде болжам жасап, кі­нә­ліні сырттан іздеудің қажеті ша­малы сияқты. Өйткені Ақмола об­лысының өзінде мемлекеттік ор­ганның жүргізген талдауы нақ­ты мысалдарды тайға таңба ба­с­қан­дай етіп көрсетіп отыр. Қар­жы­­­­лық мо­ниторинг агенттігі­нің Ақ­мола облысы бойынша де­пар­таменті азық-түлік на­ры­­ғы­на жүргізген талдауы бары­сын­да бірқатар өнімге белгі­лен­ген­нен артық сауда үстеме­сін анық­таған.

Мәселен, 2,5 пайыздық сүт өн­­діру­­­шіден 310 тең­­­ге­­ден шыққа­ны­мен, көтерме жет­кізуші оны 450 тең­­ге­ден өт­кіз­ген. Үстеме 45,2 пайыз­ға жетіп жығылған.

Тағы бір мысал одан кем емес. 5 пайыздық сүз­бе өндіру­ші­ден 1 300 теңгеден шыққанымен, бөл­шек сауда желісіне 1 560 тең­ге­ден жеткізілген. Үстеме – 20 пайыз. Ал тағы бір 2,5 пайыз­дық сүт­тің өндірушіден шыққан ба­ғасы 347 теңге болса, жеткізуші оны 405 теңгеден сатқан.

Мемлекеттік қаржылық мо­ни­торинг агенттігінің араласуынан кейін кейбір өнімдердің ба­ға­сы айтарлықтай төмендеген. Ай­талық, айранның бағасы 450 тең­геден 357 теңгеге, сүзбе 1 560 тең­геден 1 495 теңгеге, сүт 405 тең­геден 400 теңгеге дейін түскен. Ең қызығы, бағаның төмендеуі үшін жаңа зауыт салынған жоқ. Сырт жақтан басқа сиыр әкелініп, сүт өндіру технологиясы өзгерген жоқ. Тек баға тізбегіндегі үстеме қай­­та қаралды. Осы бір ға­на мы­сал­дың өзі азық-түлік бағасының қа­лай қалыптасатыны туралы көп нәрсені аңғартады.

Азық-түлік бағасы жайлы ой­ла­ғанда тұтынушы тек дүкендегі соң­ғы соманы көреді. Ал сол өнім­ді өндірушінің жағдайы мен оның нақты нарықтың тиісті ба­ға­сы көбіне көлеңкеде қалады. Өткен жылы Ақмола фермерлері астық өткізу кезінде де дәл осы жағдайды өткізіп, шақшадай бас­тары шарадай болған. Күзгі жауын-шашын салдарынан ас­тық­тың ылғалдылығы жоғары­лап, оны кептіру мәселесі туын­да­ды. Нарықтағы әккі сатып алу­­­шы­лар бағаның одан әрі тө­мен­деуін күткен. Ала жаздай ты­­ным таппаған шаруалар бидай­дың тоннасын 55-60 мың теңге­ден ас­пай жатқанын айтып шы­рыл­даған. Жыл бойы жанармай, тех­ника, тыңайтқыш, жұмыс кү­ші, электр энергиясы, несие, қой­ма, тасымал сияқты бітпейтін шығындардан бас көтермеген диқан шыққан бидайымен ақтал­ма­ған соң пұшайман халге түскен шаруада есеп болмады. Әрине, мұның бәрі өнімнің өзіндік құны­на әсер етеді. Шаруа қажеттілік­те­рі үшін алып қойған миллион­да­ған несиесі қос өкпеден қысқан соң арзан баға ұсынған делдалға бе­ре салуға мәжбүр болады. Бірақ сон­да тағы бір сауал көл­де­нең шы­­­­­ғады. Фермердің өнімін ар­­зан алған келесі буын оны тұ­тыну­шыға қандай бағамен жет­кізе­ді? Яғни өндірушінің арзан са­туы әрдайым оның арзан өн­­діргенін білдірмейді. Мәселе­нің ең түйінді тұсы да осында.

Жәрмеңкедегі жыр

Айырмашылықты ақмола­лық­­тар ауыл шаруашылығы жәр­меңкелерінен де жиі байқап жүр. Көкшетауда ұйым­дастырылатын жәрмең­ке­лер­де жұртшылық нарықтағы ба­ғадан 10-20 пайызға дейін тө­мендетілген өнімдерді таласа-тар­маса сатып алады. Ауыл ша­р­уа­­шылығы басқар­ма­сының мә­лі­ме­тіне қарағанда, бір жәрмеңке­нің өзінде 200 тоннадан ас­там өнім ұсы­нылып, оған 122 ауыл ша­руашылығы тауар өндіру­шісі қатысады. Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қаты­настары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың ай-туынша, мұндай шаралардың не­­гіз­гі мақсаты – азық-тү­лік бағасын тұрақтандыру жә­не отандық өндірушіні қолдау көрсету.

Расында да, өндіруші мен тұтынушының арасы қыс­қарған сайын сауда да жеңіл­дейді. Қала тұрғыны Қымбат Сүйіндікованың пікірі де осы­ған саяды. Оның айтуынша, жұрт жәрмеңкеге бір жағынан сапалы әрі қолжетімді өнім іздеп келсе, екінші жағынан маңдай терімен еңбек етіп жүрген шаруаны тіке­лей қолдауға мүмкіндік алады.

Астанада өткен Ақмо­ла облы­сы­ның жәрмеңкелерінде де дәл осы көрініс қайталанды. Жәр­мең­келерде сиыр еті 2 300 тең­ге­ден, жұмыртқа – 48 теңгеден, кар­­топ 100 теңгеден сатылып, та­уар бағасы нарықтағыдан 10-15 пайыз төмен болған. Осы жер­де еріксіз бір сұрақ көлде­нең тұ­ра­ды: егер өндіруші өнімін жәр­мең­кеде осындай бағамен өткізе алса, сол тауар дүкен сөресі­не жет­кенде неге қымбаттайды? Жауап­тың бір ұшы – делдалдық тізбекте екені айтпаса да түсінікті.

Фермерден шыққан өнім кө­тер­­ме сатып алушыға өтеді. Одан кейін тасымал, қойма, тағы бір дел­дал, сауда орны қосылуы мүм­кін. Әр буын өз шығынын жауып, онымен қоса үстемесін қосады. Тіз­бек ұзарған сайын соңғы ба­ға да салмақтана түседі. Ал тұ­тыну­шы осы ұзын жолдың басын да, ортасын да көрмейді. Кас­са­дағы соңғы соманы ғана көреді. Сол соманың ішінде фермерге қан­ша тигені, өнім­ді тасы­мал­дауға қанша жұмсалғаны, қой­ма­ға қанша кеткені, дүкеннің шы­ғыны мен нақты сауда үсте­ме­сі­нің қанша екені қарапайым сатып алушыға беймәлім күйде қалады.

Мемлекет жүгенсіз кеткен асау бағаны ауыздықтау үшін тыр­мысып-ақ жатыр. Әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік тауар­лары­на бөлшек саудадағы үсте­ме­ге 15 пайыздық шектеу қойыл­ған. Бұл тізімде ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, өсімдік майы, сиыр және тауық еті, сүт, ай­ран, сары май, жұмыртқа, сүзбе сияқ­ты халық күн сайын тұты­натын негізгі өнімдер бар.

Ақмола облысында мемлекет­тік ор­гандар бұл талап­тың сақ­талуы­на тұрақты мониторинг жүр­гізіп, заңбұзушылық анық­тал­ған жағдайда кәсіпкерлер­ді әкім­шілік жауапкершілікке тартып келеді. Алайда қағаздағы та­лап пен сөредегі бағаның арасы кейде көңілге күдік ұялатады.

Бағаны кім көтереді?

Өнімнің өндірушіден тұ­тыну­шыға дейінгі жолы қыс­қа болған сайын бағаның да тө­мендеуіне мүмкіндік көбейеді. Эко­номист Арман Байғановтың пі­кірінше, әсіресе шағын шаруа­шы­лықтар өнімін тікелей сауда орын­дарына шығара алмай, дел­дал­дарға тәуелді болған жағдайда ба­ға тізбегі ұзартып, түпкі құнды өсі­реді. Сарапшы бұл жерде мәсе­ле­ні барлық делдалды кінәлаумен шек­теуге болмайтынын, кері­сін­ше өндіруші мен тұтынушы ара­сын­дағы артық буындарды азайтып, шаруалардың өнімін тікелей өт­кізу мүмкіндігін кеңейту маңыз­д­­ы екенін атап өтеді.

Бұл пікір Ақмоладағы жәр­мең­келердің тәжірибесімен де үн­деседі. Өндіруші мен тұты­ну­шы­ның арасы қысқарған кезде бір­қатар өнімнің бағасы нарық­та­ғыдан 10-20 пайызға төмендеп отыр. Демек, мәселе тек өнімнің қан­ша тұратынында емес, оның соң­ғы бағаға дейін қандай жолдан өтетінінде. Әрине, азық-түлік құнына әсер ететін факторлар көп. Өнімнің өзіндік құнында жа­нармай, электр энергиясы, тех­ника, тыңайтқыш, еңбек ақы­сы, несие, сақтау мен тасымалдау шы­ғындары бар. Сауда орында­ры­­ның жалдау ақысы, қойма мен тоңазытқыш жабдықтарын ұстау шы­ғыны да түпкі бағаға қосы­ла­ды. Мұның бәрі – нарықтағы нақ­ты шығындар.

Мәселен, сөреде 450 теңгеден тұр­ған сүттің өндірушіден қандай ба­ғамен шыққаны, өңдеуге қан­ша жұмсалғаны, көтерме жет­кізу­шінің қанша қосқаны, логистика мен сақтауға қанша кеткені және дү­­кеннің нақты сауда үстемесі қан­­дай болғаны анық көрінсе, түп­­кі бағаның қалыптасуы да тү­сі­нікті болар еді. Мұндай ашық­тық тұтынушының күдігін сейіл­тіп қана қоймай, нарықтағы әр буын­ның өз шығыны мен табы­сы­на жауапкершілігін күшейтер еді.

Ақмола – ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары өңір. Мұнда өнім өндіріледі, бірақ оның молдығы дү­кендегі бағаның автоматты түр­де төмендеуіне әкелмейді. Себебі өнім егістіктен не фермадан тұ­тыну­шыға жеткенше жинау, сақ­тау, өңдеу, тасымалдау, көтерме жә­не бөлшек сауда секілді бір­не­ше кезеңнен өтеді. Әр буынның шы­ғыны мен үстемесі түпкі баға­ға әсер етеді.

Сондықтан мәселені тек фер­мер­ден немесе дүкеннен іздеу жет­кіліксіз сияқты көрінеді. Нақ­ты жауап өнімнің бүкіл жолын салыстырғанда ғана байқалады. Ақмоланың түйткілі – өнімнің аз­ды­ғында емес, оның тұтыну­шы­ға дейінгі жолында. Сон­дық­тан ауыл шаруашылығының нә­ти­жесін өндірілген өнім көле­мі­мен ғана емес, сол өнімнің ха­лық­­қа қаншалықты қолжетімді ба­ғамен жеткенін де бағалау қа­жет.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы