Бүгінде ауыл шаруашылығының даму екпіні бүкіл ел экономикасының өсім қарқынынан озып келеді. Атап айтқанда, Қазақстанда ЖІӨ-нің сегіз айдағы нақты өсуі 4,1% болды. Ал ауыл шаруашылығы одан әлдеқайда үдемелі, 5,2%-дық жоғары өсімді паш етті. Жалпы, тура бір жыл ішінде Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыруда қандай жұмыс атқарылды?
Өсімнің өзегі
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, ауыл шаруашылығында үшінші ай қатарынан белсенді өрлеу қарқыны байқалады: сегіз айда жалпы 5,2%-дық өсім қалыптасса, алдыңғы қаңтар-шілдедегі көрсеткіш 5%, қаңтар-маусымда 4,4% болған. «Мұндай динамика жиын-терім науқанының қызуы мен егіннің пісуі секілді маусымдық факторға байланысты. Азық-түлік өндірісінде бұдан 2,5 еседей көп, 12,9% өсім тіркелді», – деп хабарлады экономика ведомствосы.
Өсімді дұрыс тіркеу, оны кеңес кезінен қалған «қосып жазудан» арылту үшін саланы жаппай цифрландыру маңызды. Бұл іске Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауы тың түрткі болды.
– Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру керек. Соның негізінде жердің сапасына, егіннің шығымына, дәнді-дақылдардың жай-күйіне және қай жерге қандай дақыл егілгеніне терең талдау жасалуға тиіс. Жалпы, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою қажет. Жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс, – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, ЖІӨ-дегі бақыланбайтын, көлеңкелі экономиканың үлесі 2023 жылғы 17,58%-дан 2025 жылы 15,69%-ға дейін төмендеді. Көлеңкелі айналымды қысқартудың негізгі құралының бірі мемлекеттік ақпараттық жүйелерді цифрландыру және интеграциялау болды. «Ветеринариялық-санитариялық сараптама» модулі, өсімдік шаруашылығындағы қадағалаудың цифрлық жүйесі, Тауарлардың ілеспе жүкқұжаттар жүйесі және Басқарудың автоматтандырылған бірыңғай жүйесі (БАБЖ) KEDEN жүйесімен интеграцияланып, ауыл шаруашылығында өнімнің қозғалысын бақылау құралдары енгізіліп жатыр.
АШМ мәліметі бойынша бүгінде субсидия алу, төрт түлікті туған сәтінен бастап союға және өнімді өткізуге дейін сәйкестендіру және қадағалау, фитосанитарлық және ветеринарлық сертификаттар беру, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мониторингі, сондай-ақ балық және су ресурстарын есепке алу – бәрі цифрлық форматта қолжетімді.
Жер бос жатпағаны жөн
Президент өз Жолдауында игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері оралтып, қайта бөлуге тапсырма бергенін еске сала келе: «Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек», – деді. Сондай-ақ жайылым тапшылығы мәселесін шешу үшін әкімдерге қайтарылған жерлерді 2026 жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуді тапсырды.
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 13,5 млн гектар жер қайта бөлінді: 5,5 млн гектар халықтың ортақ жайылымына, 8 млн гектар ауыл шаруашылығы өндірісіне конкурспен берілді. Соның ішінде Жолдауда тапсырылған 7,5 млн гектарды айналымға енгізу міндеті орындалған: 3,5 млн гектар жайылымға, 4 млн гектар өндірушілерге табысталды. Ал 2022 жылдан бері мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерінің жалпы көлемі 15,5 млн гектарға жетті. Соның нәтижесінде мемлекет малға өріс, егінге алқап, ауылға кәсіп болатын мол ресурсқа қол жеткізді.

© коллаж: Елдар ҚАБА
Алдағы екі жылда өсімдік шаруашылығы өнімдерінің қадағалануын және ауыл шаруашылығы жерлерін басқаруды қамтамасыз ететін жаңа жүйелерді іске қосу, сондай-ақ мал түрлерін сәйкестендіру жүйесін жаңғырту жоспарланған. 2028 жыл соңына дейін ақпараттық жүйелерді АӨК-тің бірыңғай цифрлық платформасына біріктіру көзделіпті.
Мемлекеттік цифрлық субсидиялау жүйесі (gosagro.kz) бүгінде өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, қайта өңдеу, аквамәдениет және басқа да бағыттарды қоса алғанда, 20 бағыт бойынша мемлекеттік қолдау шараларын электрондық түрде алуға мүмкіндік береді. Жүйе басқа меморгандардың ақпараттық ресурстарымен, Кадастрлардың бірыңғай мемжүйесімен, электрондық шот-фактуралар және ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу жүйелерімен интеграцияланды. Субсидия сомаларын есептеу ұсынылған құжаттар негізінде автоматты түрде жүргізіледі.
Сандық жүйенің нәтижесі қандай?
Сонымен, Жолдау аясында қабылданған шаралар нәтижесінде бүгінде АӨК-тің негізгі процестерін цифрландыруды 5 ақпараттық жүйе қамтамасыз етеді: gosagro.kz-тe 209 мың пайдаланушы тіркелген. Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендірудің бірыңғай цифрлық базасында 39,7 млн мал тіркеуде. БАБЖ-де 16,2 млн фитосанитариялық және ветеринариялық сертификат бар. Су жануарларына мониторинг жүргізуге арналған E-Fish ақпараттық жүйесінде 1 221 субъект бақылауда. Ғарыштық мониторинг қорытындысы бойынша JerInSpectr ЦЖ-де 51,3 мың мониторинг карточкасы қалыптастырылды.
Ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануды мониторингтеу үшін JerInSpectr платформасы қолданылады. Ол жерді қашықтан зондтау деректеріне сүйенеді және әрбір жер учаскесінің қаншалықты нысаналы мақсатына пайдаланылғанын онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Жүйеде жер заңнамасының бұзушылықтары бойынша 50 мыңнан астам инцидент өңделген. Деректерді тереңірек талдау, ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалы жай-күйін бағалау үшін енді ЖИ қолдану көзделген.
Үкіметтің хабарлауынша, АӨК-ті цифрландырудың жаңа кезеңі келесі шараларды қамтиды: 2028 жылға дейін – ауыл шаруашылығы жерлерін басқару, өнімді қадағалау және деректерді интеграциялау үшін жаңа цифрлық шешім әзірленбек. 2026-2027 жылдары – ауыл шаруашылығы жерлерін басқару жүйесі, 2026-2027 жылдары – егін шаруашылығын қадағалау жүйесі, 2028 жылға дейін Digital Agro Platform бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады.
Барлық жұмыстың стратегиялық бағдары – Digital Agro Platform атты бірыңғай цифрлық экожүйе құру. Ол АӨК-тің салалық жүйелерін, жер ресурстарының цифрлық картасын біріктіріп, деректерді Smart Data Agro жүйесінде шоғырландыруға тиіс. Платформа ауыл өнімдерінің бүкіл тізбегін қадағалауға, ЖИ технологиялары мен заманауи BI-талдауды қолдануға, фермерлерге әкімшілік жүктемені азайтуға және саланы басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік бермек. АӨК-тің бірыңғай цифрлық тұғырнамасын қалыптастыруды 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қорыта айтқанда, Жолдау ел үшін өмірлік маңызды саланың салмақты бір мәселесін шешуге ықпал еткендей.
Айхан ШӘРІП
