Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының күретамыры ғана емес, ауылдың әлеуметтік ахуалы мен халықтың әл-ауқатын айқындайтын стратегиялық сала. Әсіресе табиғаты қатал, жер көлемі ауқымды Абай облысы үшін агроөнеркәсіп кешенінің орны бөлек.
Қамбаға құйылған береке
94
оқылды

Биыл өңір диқандары үшін жауапты кезең – егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Қазірдің өзінде алқаптардан жүздеген мың тонна өнім жиналып, қысқы мал азығының қоры қалыптастырылуда. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаевтың мәліметіне сүйенсек, биыл өңірде жалпы 790,9 мың гектар алқаптан өнім жинау жоспарланған. Бұл өткен жылғы 782,1 мың гектармен салыстырғанда 8,8 мың гектарға артық.

Биылғы егіс құрылымына көз жүгіртсек, облыста майлы дақыл­дарға басымдық берілгенін аң­ғаруға болады. Майлы дақылдар алқабы 368,7 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 29,3 мың гектарға артқан. Ал дәнді дақылдар 275,6 мың гектарды құрады. Әсіресе бидай алқабының қысқаруы назар аударарлық. Бір қарағанда, бұл төмендеу сияқты көрінуі мүмкін. Алайда мәселенің мәні – ауыл шаруа­шылығы өндірісінің құры­лымын өзгерту, бір ғана дақылға тәуелділікті азайтуда.

Биыл бидай алқабы 22,5 мың гектарға қысқартылды: 2025 жылғы 234,1 мың гектардан 211,6 мың гек­тарға дейін төмендеді. Оның есесіне экспорттық әлеуеті жоғары майлы дақылдарға басымдық берілді. 

Бұл – бү­гінгі нарық талаптарына бе­йім­­делудің бір көрінісі. Егісті әр­тарап­­тандыру арқылы шаруа­шылық­тар­дың экономикалық тұ­рақ­ты­лығын арттыруға, экспорттық бағытты кеңейтуге және ауыл шаруа­шылығы­ның жалпы өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік мол. Қазірдің өзінде бұл бағыттың тиімділігі байқалады. Биыл облыста майлы дақылдардың жалпы түсімі 530,9 мың тонна бола­ды деп болжануда. Бұл өткен жылғы 481,9 мың тон­намен салыстырғанда айтар­лықтай жоғары көрсеткіш.

14 қыркүйектегі деректерге сәй­кес, облыста 190,5 мың гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Бұл алқаптың 69,1 пайызы. Осы жұмыстар бары­сында 193,7 мың тонна астық бастырылып, орташа өнімділік гектарына 10,2 центнерді құрады. Күздік дәнді дақылдарды жинау жұмыстары бұдан бұрын аяқтал­ған. Оның жалпы көлемі 8,2 мың гектар болса, алқап толық орылды. 11,2 мың тоннадан астам өнім жи­налып, орташа өнімділік гек­тарына 13,7 центнер болды.

Енді диқандардың алдында жаз бойы күткен еңбектің нәти­жесін ысырапсыз жинап алу мін­деті тұр. Өйткені егіннің тағдыры тек алқаптағы өнімділікпен өл­шен­бейді. Оны уақытында жинау, тасымалдау, сақтау және тиімді өткізу де маңызды. Бұл ретте об­лыс­тың астық сақтау инфра­құрылымы жеткілікті деңгейде қалыптасқан. Өңірде жалпы сақтау көлемі 173 мың тонна болатын үш лицензияланған эле­ватор, сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілердің жалпы сыйымдылығы 870,9 мың тонналық астық қоймалары бар. Яғни болжамды егінді сақтауға қажетті қуат жеткілікті.

Абай облысының аграрлық әле­уетін тек астықпен бағалау жет­кілік­сіз. Көкөніс, бақша және картоп өндірісі де өңір үшін маңызды бағыттардың бірі.

Биыл картоп жинау алаңы 5,5 мың гектарды құрайды. Қазір оның 2,6 мың гектары жиналып, 55,5 мың тонна өнім алынды. Орташа өнім­ділік гектарына 212,9 центнерді құрады. Көкөніс-бақша дақылдары­ның да жинау науқаны жалғасуда. Жалпы алқап көлемі 5,5 мың гектар болса, бүгінгі күнге дейін 2,6 мың гектардан өнім жиналды. Орташа өнімділік гектарына 257,8 центнер болып, 68 мың тонна өнім алынды. Өнімді сақтау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Облыста көкөніс сақтауға арналған жалпы сыйым­ды­лығы 51,8 мың тонна болатын 13 қойма жұмыс істейді.

Егін жинау науқанының қата­рында мал шаруашылығы үшін тағы бір аса маңызды міндет – қысқы мал азығын дайындау. Қысқа мал қыстату – ауыл еңбек­керлері үшін жыл сайынғы сынақ. Қыс қанша қатал болады деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Сондықтан шаруаның сенімді қорғаны – алдын ала дайындалған жем-шөп қоры. Абай облысында 2026-2027 жыл­дардағы қысқы мал қыстату кезеңіне да­йын­дық жос­пар­лы түрде жүргі­зілуде. Облыста қажетті жұмыс­тарды атқаруға мүмкіндік беретін 4 853 бірліктен тұратын техника паркі бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес, өңірде 1,21 млн тонна шөп, 63,4 мың тонна пішендеме, 78,9 мың тонна сүрлем, 87,7 мың тонна сабан және 120,5 мың тонна шоғырлан­ған жем дайындау көзделген. 10 қыркүйектегі жағдай бойынша 1,15 млн тонна шөп дайындалған. Бұл – жоспардың 95 пайызы. Пішендеме дайындау 82 пайызға, сүрлем 41,2 пайызға, сабан 65 пайызға, шоғырланған жем 39 пайызға орындалды. Жұ­мысты жандандыру мақсатында облыс әкімінің орынбасары Ду­ман Рыспекұлының төрағалы­ғымен Аягөз, Ақсуат, Жарма, Абай, Үр­жар және Мақаншы аудандарында көшпелі штаб отырыстары өткізілді. Онда жем-шөп дайындау қарқыны, жоспар­лардың орын­далуы және қысқы мал қыстату науқанына дайындық мәселелері талқыланды. Штаб отырыс­тары­ның қорытынды­сында жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді. Бұл жерде уақыттың маңызы зор. Қыс есік қаққанша емес, қыс келмей тұрып дайын­далған қор ғана мал шаруа­шылығының тұрақтылығын қам­тамасыз етеді.

Абай облысының алдында тұр­ған міндет ауқымды: егінді ысы­рап­сыз жинау, мал қыстағына жеткілікті жем-шөп қорын қалып­тастыру, шаруалардың өндірістік шығынын азайту, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану және ауыл шаруа­шылығы өн­дірісінің тұрақты өсімін қамтама­сыз ету. Мемлекет қолдауы мен шаруаның маңдай тері тоғыс­қанда ғана берекелі нәтиже болмақ. Ең бастысы, жердің әлеуетін дұрыс пайдаланып, бүгінгі еңбекті ертең­гі тұрақты табысқа айналдыра білу.

Өйткені егіннің берекесі  қам­ба­дағы астықтың көлемімен ғана емес, оның ел экономикасына қос­қан үлесімен өлшенеді.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы