Ресми статистикада NEET санатындағы жастардың үлесі төмендегенімен, олардың жалпы саны әлі де жүздеген мың адамды құрайды. Өткен аптада Құрылтай отырысында депутат, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дидарбек Ділдәбек осы түйткілді көтеріп, жастармен жұмыс істейтін құрылымдардың қызметін қайта қарау қажеттігін айтты.
NEET – ағылшын тіліндегі Not in Education, Employment or Training ұғымының қысқартылған нұсқасы. Бұл санатқа білім алмайтын, еңбек етпейтін және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастар жатады. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 15 пен 34 жас аралығындағы сондай жастардың үлесі 5,8 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш бір қарағанда аса жоғары көрінбеуі мүмкін. Алайда оның артында жүздеген мың жас азаматтың тағдыры тұр. Ресми есеп бойынша 2020 жылы 7,1 пайыз болса, 2019 жылы 7,4 пайызды құраған. 2023-2024 жылдары да 7,1 пайыз деңгейінде қалыптасты. Дегенмен жыл сайын жағымсыз статистика азайып келе жатқаны байқалады. 2026 жылдың екінші тоқсанында NEET санатындағы жастардың саны 312 098 адамға жеткен. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш шамамен 50 мың адамға азайған.
Қазақстанда бүгінде шамамен 6 миллион жас азамат тұрады. Бұл – ел халқының үштен біріне жуық көрсеткіш. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген әлеуметтік зерттеудің нәтижелеріне қарасақ, олардың болашаққа деген көзқарасында оң үрдіс бар. Зерттеуге сәйкес, жастардың 82,7 пайызы елдің болашағына сеніммен әрі оптимизммен қарайды. Ал 77 пайызы алған немесе алып жатқан білімінің сапасына қанағаттанса, 76,5 пайызы қазіргі өміріне көңілі толатынын айтқан. Ал 62,9 пайызы білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын меңгеруді маңызды деп санайды. Бұл көрсеткіштер жастардың басым бөлігінде болашаққа деген үміт пен даму ұмтылысы бар екенін аңғартады. Әйтсе де жалпы жастардың көңіл күйі мен NEET санатындағы азаматтардың нақты жағдайы бірдей болмауы мүмкін. Өйткені әлеуметтік зерттеулердегі ортақ көрсеткіштер белгілі бір топтардың мәселесін толық ашып бере алмайды.
Қазіргі жастар еңбек жағдайына қарайды
Соған қарамастан, NEET санаты бәрібір өзекті тақырып болып тұр. Демек, оған себеп болатын факторларды қарастыру қажет. Қазақстандық қоғамдық даму институты Отбасылық және гендерлік саясатты зерттеу орталығының директоры Эльмира Отардың айтуынша, оны бір ғана себеппен немесе жастардың жеке таңдауымен түсіндіру жеткіліксіз.
Біріншіден, білім беру жүйесінен еңбек нарығына өту кезеңінде белгілі бір алшақтық бар. Жас маманның дипломы болғанымен, еңбек тәжірибесі жеткіліксіз, ал жұмыс берушілер көбіне тәжірибесі бар кадрды іздейді. Соның салдарынан оқуын аяқтаған жас бірден тұрақты жұмысқа орналаса алмай, белгілі бір уақытқа еңбек нарығынан тыс қалуы мүмкін. Екіншіден, алынған мамандық пен еңбек нарығындағы нақты сұраныстың сәйкес келмеуі әсер етеді. Бұған жалақы деңгейі, еңбек жағдайы, жұмыс орнының тұрақтылығы, тұрғын үй және көлік шығындары сияқты факторлар да қосылады. Кей жағдайда жұмыс формалды түрде болғанымен, оның шарттары жас адамның негізгі қажеттіліктерін өтемейді. Сонымен бірге отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, тұрғылықты жері, бала күтімі мен үй шаруасындағы міндеттер, әсіресе жас әйелдер үшін маңызды рөл атқарады. Ауылдық жерлерде жұмыс орындарының шектеулілігі, кәсіби даярлыққа қолжетімділіктің төмендігі, инфрақұрылымдық мәселелер де NEET тәуекелін күшейтеді. Сондықтан NEET мәртебесін жастардың белсенділігінің төмендігі ретінде ғана емес, олардың білімнен еңбекке, бір әлеуметтік мәртебеден екіншісіне өту барысында кездесетін құрылымдық кедергілердің нәтижесі ретінде қарастырған дұрыс.
– Өңірлер арасындағы айырмашылық едәуір. Мысалы, 2025 жылдың басындағы ресми деректерде NEET үлесі кейбір өңірлерде 10 пайыз шамасына жетсе, бірқатар облыстарда 3-4 пайыз деңгейінде болған. Бұл айырмашылық өңірдің экономикалық құрылымымен, жастарға арналған жұмыс орындарының сапасымен, урбанизация деңгейімен және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуымен байланысты. Сондықтан өңірлік саясатта бірдей шара қолданудан гөрі, әр өңірдегі NEET жастардың нақты құрылымын анықтау маңызды, – дейді ол.
Оның сөзінше, кейде жоғары білім алған жастардың да NEET санатына қосылып жатқанын естиміз. Белгілі бір деңгейде бұл білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы институционалдық алшақтықтың белгісі деп айтуға болады. Бұл жағдай дипломның өздігінен еңбек нарығына табысты интеграцияны қамтамасыз етпейтінін көрсетеді. Жұмыс берушілер де жас маманнан бірнеше жылдық тәжірибе сұрайды, бірақ сол тәжірибені қалыптастыратын бастапқы жұмыс орындары жеткіліксіз болуы мүмкін. Жастардың да еңбекке қатысты ынтасы өзгеріп келеді. Жұмыс орнының болуына емес, еңбекақыға, кәсіби дамуға, жұмыс уақытына, еңбек ортасына, мансаптық өсу мүмкіндігіне қарайды.
Маманның айтуынша, соңғы жылдары NEET үлесінің төмендеуі мемлекеттік шаралардың белгілі бір нәтижесі бар екенін көрсетеді. Қазақстанда «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындары, кәсіптік оқыту және қайта даярлау сияқты бірқатар құралдар іске асырылып келеді. Олардың қажеттілігі сөзсіз.
– Дегенмен бағдарламалардың тиімділігін тек қамтылған жастардың санымен бағалау жеткіліксіз деп ойлаймын. Мысалы, бағдарламаға мыңдаған жас қатысуы мүмкін, бірақ олардың қаншасы алты айдан немесе бір жылдан кейін тұрақты жұмыс орнында қалды? Қаншасының табысы өсті? Қаншасы қайтадан NEET санатына оралды? Осындай көрсеткіштер өте маңызды. Яғни мемлекеттік саясатта сандық индикаторлармен қатар жастардың кейінгі еңбек траекториясын бағалау қажет. Бізге «қанша адам бағдарламаға қатысты?» деген сұрақпен қатар «бағдарлама адамның әлеуметтік және кәсіби жағдайын қаншалықты тұрақты өзгертті?» деген сұраққа жауап керек, – дейді әлеуметтанушы.
Психолог Балабек Кеніштайұлының айтуынша, жастардың сүлесоқ, ынтасыз күйге түсуі бірнеше фактордың тоғысында пайда болатын жағдай. Оның бірі, лайықты жалақы төлейтін орындар жеткіліксіз. Екіншіден, психологиялық фактор бар – үздіксіз бәсекеге түсу, әлеуметтік желілердегі «табысты» бейнелермен салыстыру нәтижесінде жастарда талпыныс орнына түңілу пайда болады. Үшіншіден, отбасылық және аймақтық орта: ауылдық жерлерде немесе шағын қалаларда мүмкіндіктің өзі шектеулі болғандықтан, «күш салсам да нәтиже бермейді» деген сенімсіздік қалыптасады. Төртіншіден, білім беру жүйесінің өзі көбіне теориялық дайындыққа негізделген, ал нарық практикалық дағдыны талап етеді, осы алшақтық жастарда сәтсіздік сезімін тудырады.
– Білім деңгейі мен тұрғылықты жерінен гөрі отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы – бәлкім, ең күшті фактор. Табысы төмен отбасынан шыққан жастың жұмыс іздеуге жұмсайтын уақыты мен ресурсы (көлік, интернет, тіпті сәйкес киім) шектеулі болады әрі көбіне отбасын асырау үшін ерте, төмен ақылы жұмысқа тұруға немесе керісінше, ешбір нәтижесіз жұмыс іздеуден бас тартуға мәжбүр болады, – дейді маман.
Оның сөзінше, тұрғылықты жері де әсер етпей қоймайды. Мәселен, Алматы облысында былтыр 25 мыңдай жас жұмысқа тұрып, NEET санатындағы жастар саны 26 186 адамға дейін төмендеген. Бұл мақсатты аймақтық жұмыспен қамту шаралары нәтиже беретінін көрсетеді, керісінше, мұндай бағдарламасы жоқ өңірлерде көрсеткіш жоғары қалуы мүмкін.
Сондай-ақ жоғары білімді жастардың NEET санатына түсуі – еңбек нарығы мен білім жүйесі арасындағы алшақтықтың белгісі екенін ол да қостайды. Өйткені жоғары оқу орындары гуманитарлық, экономикалық бағыттар бойынша дайындайтын мамандар саны нарықтың нақты сұранысынан асып түседі, ал техникалық, инженерлік мамандарға сұраныс жабылмай қалады.
Депутат ұсынысы қандай?
Депутат Дидарбек Ділдәбектің айтуынша, бүгінде жастарды әлеуметтендіру мәселесімен 235 жастар ресурстық орталығы айналысады. Бірақ олардың мүмкіндіктері көбіне қалалық белсенді жастардың арасында ғана қалып отыр. Ауылдағы жастар мемлекеттік бағдарламалар, білім алу мүмкіндіктері, бос жұмыс орындары немесе кәсіп бастауға арналған гранттар туралы қажетті ақпаратты уақытында ала алмауы мүмкін. Оның үстіне, жастар инфрақұрылымының қызметі көбіне жалпылама сипатқа ие. Құлықсыз топтарды анықтау үшін тек кеңседе отырып өтініш күту аздық етеді. Жастар шоғырланған ірі базарлар, теміржол вокзалдары, қала маңындағы жұмысшы кенттері мен ауылдық елді мекендер түсіндіру және кеңес беру жұмыстары жүргізілетін орындарға айналуы мүмкін. Бұл жерлерде көшпелі кеңес беру пункттерін ұйымдастыру арқылы жастарға қажетті ақпаратты тікелей жеткізуге болады.
Депутат көтерген тағы бір мәселе – жастармен жұмыс істейтін мамандардың ақпараттық жүйелерді пайдалану мүмкіндігі. Оның айтуынша, жас мамандар Smart Data Ukimet немесе «Отбасының цифрлық картасы» секілді мемлекеттік базалармен жұмыс істеуде қиындықтарға тап болады. Осы бағытта құзырлы министрліктерге Smart Data Ukimet жүйесіне автоматты алгоритм енгізуді ұсынды. Оның ұсынысы бойынша 15-35 жас аралығындағы азамат оқуын тоқтатқан немесе зейнетақы жарнасы түспеген жағдайда, оған eGov Mobile арқылы атаулы SMS-хабарлама жіберілуі керек. Сонымен бірге жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлерін материалдық ынталандыру мәселесін де көтерді. Оның пікірінше, ауылдық және аудандық деңгейдегі орталықтарда жұмыс істейтін мамандардың жалақысы мен еңбек жағдайына көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ депутат жергілікті бюджеттен имидждік форумдар мен акцияларға жұмсалатын шығындарға мораторий енгізуді ұсынды. Үнемделген қаражатты ауылдық және аудандық деңгейдегі жастар ресурстық орталықтары инспекторларының жалақысын көтеруге бағыттау қажет.
Нұржан БЕКБОЛАТ
