«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы күллі республиканы қамтыған кең көлемді қоғамдық қозғалысқа айналды.
Тазалықтан бастау алған тағылым
129
оқылды

Биыл акция аясында 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 7 миллиондай адам қатысыпты. Осы кезеңде 130 мың гектар аумақ тазартылып, 1,3 миллион түп тал егілген. Ауқымды бастаманың заңды жалғасы ретінде Дүниежүзілік тазалық күні жалпыұлттық сенбілік өтті.

19 қыркүйекте жер-жердегі мың­даған азамат ортақ мүддеге жұмылып жұмыс істеді. Қазақстанның барлық өңірінде саябақтар, аулалар, өзен-көл жағалаулары, тарихи орындар, елді мекендердің айналасы ретке кел­тірілді. World Cleanup Day шең­берін­дегі республикалық сенбіліке 514 мыңға жуық адам атсалысты. Олар­дың ішінде мемлекеттік қызмет­ші­лер, еріктілер, оқушылар, студент­тер, кәсіпорындар мен қоғамдық бір­лестік өкілдері болды. Астана тө­рін­де Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді жас­тармен бірге Президент сая­ба­ғы­на ағаш отырғызып, табиғатқа жа­на­шыр­лықтың өзіндік өнегесін көр­сет­ті. Бұл көріністің салмағын жиналған қо­қыс көлемімен ғана өлшеу аздық ете­ді. «Таза Қазақстан» акциясы 2024 жыл­дан бері тазалық ұғымын қоғам­дық құндылық деңгейіне көтеруді көз­деп келеді. Мемлекет басшы­сы­ның сол күнгі сөзінен де осы бір ұс­та­­ным анық байқалады.

– Мен осындай игі іске өз үлесін қо­сып жүрген жастарды нағыз отан­шыл азамат деп санаймын. Себебі Отан­­ға, туған жерге деген сүйіс­пен­ші­­лік өз үйіңнен, өз ауылың мен қа­­лаң­нан бастау алады. Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар. Өнегелі сөз деп айтсақ, артық бол­мас. Табиғатты аялау, қоршаған ор­та­ға қамқор көзбен қарау – ұлты­мыз­дың болмысында бар асыл қа­сиет. Бұл – бабаларымыздың бізге қал­дырған өсиеті әрі аманаты. Ал жаңа Конституциямыз бойынша осы көзқарас пен іс-шаралар азаматтық мін­дет болып саналады. Сондықтан біз жаппай бір ел болып бастаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жо­басының қоғамдық және тарихи мәні айрықша. Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. Тағы да атап өтейін: бұл – мемлекетіміздің Конс­титуциясында айқындалған аса маңызды міндет. «Таза Қазақстан» – жар­қын болашағымыздың кепілі. Бұл – жай ғана ұран емес, бұл – шын мә­нінде, еліміздің тазалығы өрке­ниет­ті болашаққа апаратын даңғыл жол деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзінің астарынан акция­ның түпкі мәнін түсінеміз. Мәселе бір-ақ күн көше сыпырып, қоқыс тасу­мен шешілмейді. Тазалық адамның бол­мы­сымен біте қайнасқан мінез-құлық нормасына айналса ғана нәтиже баянды болады. Осы тұрғыдан қарағанда «Таза Қазақстан» жобасы мемлекет пен қоғамның жауапкершілігін бір арнаға тоғыстырып отыр.

Биылғы көрсеткіштер де бастаманың ауқымын анық аңғартады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сүйенсек, «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бергі уақытта қыруар шаруа тындырылған. Ұзын саны 2 мыңнан аса экологиялық іс-шара өткізіліп, 3,8 млн тонна қоқыс жиналған, 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылған. Мұндай орасан көрсеткіштер жобаның уақытша науқанмен шектелмей, тұрақты сипат алғанын дәлелдейді.

Әр өңірдің өз мәселесі бар

Әрине, еліміздің табиғи-жағрапия­лық жағдайы әркелкі болғандықтан, әр өңірдегі міндет те бірдей емес. Оңтүстікте су арналары мен арық жүйесін сақтау, тарихи-мәдени орындар мен жасыл желекті қорғау айрықша маңызды. Ал Батыста Жайық пен Каспий жа­ға­лауын күтіп ұстау – өз алдына өзекті міндет. Шығыста орман-тау эко­логиясына, Орталықта өнеркәсіптік қалаларға, өндірістік аумақтарға баса назар аударылады. Осы ерекшеліктер жалпыұлттық бастаманың ауқымын кеңейте түседі.

Мысалы, Астанадағы экологиялық акцияға 150 мыңға тарта тұрғын қатысты. Кәсіпорындар мен коммуналдық қызмет мамандары, шағын және орта бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар, жастар мен еріктілер бір үйдің баласындай, бір қол­дың саласындай бірлесе қимыл­дады. Қала бойынша 6 мыңдай көшет егіліп, 1,5 мың тоннадай қоқыс шыға­рылды. Президент саябағында, EXPO аумағында, «Мыңжылдық» пен Green Line аллеяларында, Ұлы дала және Қа­банбай батыр даңғылдары бойында, Ке­несары көшесінде, тағы басқа жерлер­де көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, кейінгі жылдары қалада 500-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылған, жыл соңына дейін тағы осындай 170 орын­ды жөнге келтіру жоспарланған.

Түркістан облысында тұрғындар «Өзіңнен баста» челленджі аясында көше­лерді, халық көп жиналатын орындарды, тарихи нысандардың айналасын тазартты. Келес, Отырар аудандарында волонтерлер белсенділік танытса, Шым­кентте экологиялық қозғалыс «Жасыл шаһар» бағытымен сабақтасып, Бадам, Қошқарата өзендерінің жағалауы, сая­бақтар, қоғамдық кеңістістіктер реттелді. Дендропарк пен «Тәуелсіздік» саябағында ағаштар егіліп, арықтар аршылды. Әсіресе күзгі жауын-шашынға дейін арықтарды тазалау шаһардың инфрақұрылымы үшін пайдалы.

Жамбыл облысында саябақтарға, «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніне көп көңіл бөлінді. Өңірде жалпы ұзындығы 15 шақырым арық пен канал тазартылып, 350 тонна күл-қоқыс шы­ғарылды.

Қызылордада Сырдария жағалауын жақсарту, елді мекендер төңірегіндегі жасыл белдеуді күшейту, сексеуіл секілді жергілікті климатқа бейім көшеттерді күту мемлекеттің шөлейттенуге қар­сы жұмыстарын ілгері жылжытты. Сексеуілдің топырақты бекітіп, жел эро­зиясын тежеудегі рөлі Сыр өңірін­дегі көгалдандыру жобаларының қанша­лықты маңызды екенін айғақтайды.

Атырауда Жайық өзенінің, Маңғыс­тауда Каспий теңізінің жағалауы, БҚО-да Жайық пен Шаған өзендерінің маңы, Ақтөбеде Елек, Қарғалы өзендерінің өн бойы тазартылды. Заңсыз қоқыс орындары да назардан тыс қалмады. Ақтөбеде жастардың экологиялық белсенділігі спортпен ұштасып, жүгіріп жүріп қоқыс жинайтын Eco-Plogging шаралары ұйымдастырылды.

ШҚО, Абай облыстарында таулы-орманды аумақтар, өзен жағалаулары, тарихи орындарға жете мән берілді. Өскемен, Риддер, Алтай қалаларының маңында туристік демалыс орындары тазартылып, Ертіс, Үлбі өзендерінің жағалауында табиғат жанашырлары бел жазбай еңбек етті. Абай облысында экобелсенділер Семей мен Жидебайдағы тарихи-мәдени орындардың айналасын қоқыстан арылтты.

Алматы, Жетісу облыстарында туристік жүктемесі жоғары аумақтарға ден қойылып, ұлттық парктерден қал­дықтарды шығару, табиғи аумақтардың тазалығын сақтау қолға алынды. Жетісу өңіріндегі бүкіл елді мекенде қоғамдық кеңістіктерді тазалау, ағаштарды күту, көгалдандыру жұмыстары қатар жүрді. Алматы облысындағы акцияларға ондаған мың азамат тартылып, Қонаев қаласында алма көшеттері отырғызылды.

Ақмола облысында су айдындары мен өзен-көл жағалаулары басты назарда болды. Целиноград ауданындағы Шалқар ауылдық округінде көпір маңы мен өзен жағалауы тазартылса, Егіндікөл, Оразақ ауылдарында тұрғындар өз елді мекендерін сыпырып-сиырды.

Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Жез­қазған қалаларындағы кәсіпорын ұжым­дары да науқанның көрігін қыз­дырды.

Қостанай мен Солтүстік Қазақстанда Тобыл, Есіл өзендерінің, Павлодарда Ертіс жағалауының, өндірістік аумақтар жанындағы жасыл желектердің екінші тынысы ашылды.

Ұлытау өңірінде Жошы хан мен Алаша хан секілді тарихи орындардың жан-жағы мұқият тазартылды.

Осы мысалдардың өзі «Таза Қазақ­стан» жобасының барлық жерде өзіндік сипатта жүзеге асқанын көрсетеді. Өңірдің табиғаты қандай болса, эко­логия­лық проблемасы да сондай. Яғни жалпыұлттық бастаманы жергілікті ерек­шелікке бейімдеу шаралары оның мазмұнын біршама байытады.

Саннан – сапаға

Тазалықтың келесі сатысы – нәти­жені бақылау. Қазақстанда заңсыз қо­қыс орындарын анықтауға ғарыштық мониторинг жасалады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дере­гінше, 2026 жылы ғарыштық суреттер арқылы мыңдаған заңсыз қоқыс орны анықталып, қыркүйек айының ортасына қарай олардың 83 пайызы жойылған. Бұл тәсіл мәселені біркүндік акция шең­берінен шығарып, аумақтарды тұрақты бақылауға көмектеседі.

Сондай-ақ нәтиже тек жиналған қо­қыс тонналарымен өлшенбеуге тиіс. Егілген көшет көктеді ме, саябақ қайтадан ластанбады ма, заңсыз үйінділер тағы пайда болмады ма деген сұрақтарға да лайықты жауап табылуы керек. Бір мың көшет отырғызу бір бөлек те, сол көшеттердің бірнеше жылдан кейінгі жай-күйін қадағалау – өзінше бөлек мәселе. Ендеше бастаманың келесі кезеңі саннан сапаға қарай ойысса игі.

Президент ұсынған тазалықтың ұлттық стандарты осы қажеттілікпен үндеседі. Аталмыш құжат тазалау һәм абат­тандыру жайындағы талаптарды біріз­дендіріп, нақты бағаланатын инди­катор қалыптастыруға, жауапкер­шілікті нақтылауға септігін тигізеді. Ұлттық стандартта көше, аула тазалығы, қоқыс контейнерлерінің қолжетімділігі, қалдықтарды сұрыптау, көгалдандыру сапасы, көшеттердің жерсінуі, арық-дренаж жүйелерінің ахуалы, қоғамдық орындардың санитариялық жағдайы, тұрғындардың шағымдарына жауап беру жылдамдығы сияқты өлшемдер қамтылуы мүмкін.

Тазалық кепілі – тәртіп

Тазалықтың қоғамдық мәдениетке айналуы жастардың белсенділігіне тікелей тәуелді. Осы орайда 19 қыркүйек күнгі акцияға 124 білім беру ұйымынан шамамен 5 мың шәкірт үлес қосқан. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ел ертеңі осындай көзі ашық, көкірегі ояу, талапты жастардың қолында екенін ескертті.

– Сіздер жас, жігерлі азаматсыздар. Волонтерлік қызметпен айналысып жүрсіздер. Өте дұрыс. Мен еріктілердің еңбегін қолдаймын. Бұл – елге шы­найы жанашыр болудың нақты көрі­нісі. Біз 2020 жылды Волонтер жылы ретінде атап өттік. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлеген сөзімде мен Халықаралық во­лонтерлер жылын белгілеу туралы бастама көтердім. Бұл ұсынысымды әлем елдерінің бар­лығы дерлік қолдап, 2026 жыл Халық­аралық волонтерлер жылы болып жарияланды. Бұл жыл сіздерге арналды. Бұдан бөлек, Қазақстан – волонтерлік қызметті ең жоғары заң дең­гейінде, яғни Конституцияда бекіткен санаулы мемлекеттердің бірі. Осы орай­да елі­міздегі және шетелдегі барша ерік­тілерді шын жүректен құттықтаймын! – деді Президент.

Мамандардың пікірінше, «Таза Қазақстан» жобасының экономика­лық қайтарымы да көп күттірмейді. Тап-тұйнақтай тазалық тұрғындардың күнделікті өміріне, қаланың тартымды­лығына, туризмге және инвестициялық ортаға әсер етеді. Бірақ жұмыс сапасы сырт көзге ұнаумен емес, адамның өз қаласында, өз ауылында жайлы ғұмыр кешуімен өлшенеді. Азаматтар саябақта өзін қауіпсіз сезінсе, балалар таза аулада ойнаса, өзен жағалауында бейберекет қоқыс шашылып жатпаса, экологиялық саясаттың нақты нәтижесі де сол болар еді.

Президент 19 қыркүйекте қоғамдық кеңістікті бүлдіретін рұқсатсыз граф­фитиге қатысты мәселе көтеріп, Астана әкіміне ғимарат қабырғаларына заңсыз сурет салатындарға қарсы қатаң шара қолдануды тапсырды. Демек, қоғамдық орынды бүлдірмеу, белгіленген тәртіпті сақтау, мәдени мұраны қадірлеу де «Таза Қазақстанның» бір бөлігі болса керек.

Сенбіліктен соң

Айтпақшы, Мемлекет басшысы ше­телдік қонақтардың Қазақстан қала­ларына берген бағасын да тілге тиек қылды.

– Жақында Астана мен Алматыға Американың белгілі конгрессмендері келді. Олар көшелердің тазалығы мен жинақылығына таңғалып, қаланы басқару деңгейі мен сапасына жоғары баға берді. Әлеуметтік желілерде ірі қалаларымыздың келбетіне тәнті болған шетелдік қонақтар мен туристердің бей­не­жазбаларын жиі байқаймыз. Көрікті қоғамдық кеңістіктер, қауіпсіздік пен жайлылық шетелде Қазақстанға қатысты оң пікір қалыптастырады. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Дегенмен біз имидж үшін жұмыс істемей, азамат­тарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуды ой­лауы­мыз керек. Басты мақсат – осы. Ел ішіндегі жетістіктер халқымыздың пат­риот­тық сезімін оята­ды. Өз елін мақтан тұтып, туған жерге пайдасын тигізуге үндейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рас, «Таза Қазақстанның» нәтижесі тазартылған гектардан, жиналған тон­­надан, отырғызылған көшеттен кө­рінеді. Бірақ жобаның ең маңызды мәні адамның өз ауласына, өз көшесіне, өз қаласына, өз даласына деген көз­қарасына байланысты. Тазалық әдетке, жауапкершілік мінезге, табиғатқа жана­шырлық күнделікті мәдениетке айналса ғана бүгінгі ересен еңбек ұзақмерзімді нәтижеге ұласады.

Сенбілік халықты бір күнге ғана біріктірген жоқ. Жобаның жалғасы әлі алда. Бүгін егілген тал ертең көлеңке беруі үшін оған күтім керек. Тазартылған жағалау қайта ластанбауы үшін тәртіп керек. Жойылған заңсыз қоқыс орны қайта пайда болмауы үшін жіті бақылау керек.

Сондықтан «Таза Қазақстанның» келесі кезеңі сенбілік санымен емес, санадағы өзгеріспен өлшенбек. Мемлекет тазалыққа жағдай жасаса, азамат оны сақтауға тиіс. Әкімдік саябақ салса, тұрғындар оны қорғауға тиіс. Осындай өзара жауапкершілік орныққанда ғана сенбіліктегі серпіліс былайғы өмірде жалғасын табады.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ