Шымкент қаласы мен Түркістан облысында 2025 жылы 104 шақырымнан астам электр желісі жаңартылды.
Тозған желіден тұрақты жарыққа
279
оқылды

Тозуы 80%-дан асқан учаскелердегі жұмыс 27,5 мыңға жуық абоненттің электрмен жабдықтау сенімділігін арттырды. Ал 2026-2029 жылдарға жоспарланған қаржыландыру көлемі 78 млрд теңгеге жетеді.

Жарық барда оның қайдан келіп, қандай желімен жететінін көп ойлай бермейміз. Ал бір сәтке сөне қалса, үйдегі тірліктен бастап, мектеп, емхана мен кәсіпорынның жұмысына дейін кідіріс туады. Сондықтан электр желілерін жаңғыртудың мәні ескі сымды жаңасына алмастырумен шектелмейді. Бұл тұтас өңірдің тіршілігін кедергісіз жалғастыруға қажет жұмыс.

 

Оңтүстікте аяқталған жобалардың қайтарымы қандай? Алдағы жаңғырту қандай мәселелерді шешеді? Осы сауалдарды «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС күрделі құрылыс бөлімінің бастығы Данияр Сәрсенбаевқа қойдық.

 

– Данияр Уайдаұлы, әңгімемізді жұрт бүгінде көріп отырған нәтижеден бастасақ. 2025 жылы аяқталған екі жоба нақты не өзгертті?

– Алғашқы жоба Түркістан облысында іске асырылды. Жалпы ұзындығы 89,763 шақырым болатын электр желісінің 31 нысаны қайта жаңартылды. Тозған ағаш тіректер темірбетон тіректерге, ал ашық сымдар оқшауланған қауіпсіз сымдарға ауыстырылды. Жұмыс басталғанға дейін осы учаскелердің тозуы 87,3 пайызға жеткен еді. Желі толығымен жаңарғаннан кейін бұл көрсеткіш нөлге түсті. Нәтижесінде, 3 582 абонентке берілетін электрдің сапасы жақсарды.

Екінші жоба Шымкент қаласындағы Л-Қайтпас және Л-XXI Партсъезд желілерін қамтыды. Жалпы ұзындығы 14,37 шақырым учаскедегі ескі сымдар жоғары температураға төзімді, композиттік өзегі бар жаңа сымдарға ауыстырылды. Бұл шешім желілердің электр өткізу мүмкіндігін 27 МВт-қа арттырды. Тозу деңгейі 81 пайыздан 20 пайызға дейін, яғни төрт есеге жуық төмендеді. Шамамен 24 мың абонент үшін электрмен жабдықтау сенімділігі жақсарды. Екі жобаны қосқанда 104 шақырымнан астам желі жаңартылып, оның нәтижесін 27,5 мыңға жуық абонент көрді.

– Бұл учаскелердегі тозу 80 пайыздан асып кеткен екен. Жалпы, компания желілерінің қазіргі жай-күйі қандай?

– 2026 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша электр желілері мен жабдықтардың орташа тозуы 56,5%-ды құрады. Бұл – Шымкент қаласы мен Түркістан облысын қамтитын бүкіл желінің орташа көрсеткіші. Ал жекелеген учаскелердегі тозу бұдан әлдеқайда жоғары.

Тозығы жеткен желіні апат болған сайын жамап-жасқай беру мәселені шешпейді. Бір тұсын жөндегенмен, екінші бөлігі сыр беруі мүмкін. Сондықтан ең осал учаскелерді анықтап, оларды тұтас жаңарту қажет.

– Ұлттық жоба аясындағы келесі қадам қандай?

– 2026 жылы ЭКСЖ платформасына жалпы құны 20 млрд теңгеден асатын екі жоба енгізілді. Оның бірі Шымкент қаласының, екіншісі Түркістан облысының электр желілерін жаңғыртуға арналған. Әр жобаға 10 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Бұл жобалар елді мекендерге электрді тікелей жеткізетін тарату желілерін жаңғыртуға арналған. Жұмыс тек тірек пен сымды ауыстырумен бітпейді. Электр энергиясын автоматты есепке алу, желіні қашықтан бақылау және басқару жүйелері де енгізіледі.

Екі жоба Еуропалық қайта құру және даму банкінің қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылады. Сонымен бірге жабдықтар мен материалдардың 70%-ын отандық өнімдер құрауы тиіс. Олардың қатарында елімізде өндірілетін сымдар, кабельдер, темірбетон тіректер мен трансформаторлар бар.

– ЭКСЖ платформасында жобаларға «Іске асыруға дайын» деген мәртебе берілген. Соған қарамастан құрылыс неге бірден басталмайды?

– «Іске асыруға дайын» деген мәртебе құрылыс ертең басталады деген сөз емес. 24 маусымдағы жағдай бойынша сатып алу конкурсы өткізіліп, ұсыныстар Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдерімен бірге қаралып жатқан еді.

Жеңімпаз анықталғаннан кейін EPC-келісімшарт жасалады. Одан соң мердігер жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлейді. Бұл жұмысқа шамамен төрт ай қажет. Сараптаманың оң қорытындысын алуға тағы 45 жұмыс күні беріледі.

Жоба сараптамадан өтіп, тарифтік шешім қабылданғаннан кейін ғана құрылыстың нақты кестесі жасалады. Сондықтан 2026 жылы екі жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын толық көлемде бастау мүмкін емес.

Бұл рәсімдер уақыт созу үшін емес, болашақ нысанның қауіпсіздігін, жобаның негізді құнын және атқарылатын жұмыстың сапасын қамтамасыз ету үшін қажет.

– Ал осы жобалар аяқталған кезде қандай нақты көрсеткіштер өзгереді?

– Жаңғыртудың нәтижесін тек тозу деңгейімен өлшеу дұрыс емес. 2029 жылға қарай компания желілерінің орташа тозуын 56,5 пайыздан 52,8 пайызға дейін төмендету көзделген. Бұл – бүкіл желі шаруашылығына ортақ көрсеткіш. Ал нақты жаңартылған учаскелерде нәтиже әлдеқайда жоғары: бұған дейінгі жобалардың бірінде тозу төрт есеге жуық азайды.

Сонымен бірге шамамен 200 МВА қосымша қуат пайда болып, электр энергиясын автоматты есепке алу жүйесімен қамту көрсеткіші 6,8%-дан 41%-ға дейін, яғни алты есе артады.

– 200 МВА қосымша қуат пен цифрлық есеп қарапайым тұрғынға не береді?

– Қосымша қуат жаңа тұрғын үйлерді, мектептерді, ауруханаларды және өндіріс орындарын электр желісіне қосуға мүмкіндік береді. Бұрын қуат жетіспеген аудандарда жаңа нысандар салуға жол ашылады.

Ал цифрлық жүйе желідегі ауытқуды ерте анықтауға көмектеседі. Диспетчер ақау туралы тұрғындардан хабар түскенін күтпей-ақ, оның қай жерде болғанын көре алады. Соның арқасында апатты анықтау мен қалпына келтіруге кететін уақыт қысқарады.

Тұрғын үшін мұның нәтижесі түсінікті: жарықтың себепсіз өшуі сирейді, кернеу тұрақтанады, электрмен жабдықтау сапасы жақсарады.

– 2027-2029 жылдары қандай жұмыстарға басымдық беріледі?

– Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы тарату желілерін жаңғырту жалғасады. Ең алдымен тозуы жоғары, апат қаупі басым учаскелер мен трансформаторлық қосалқы стансалар қамтылады.

Осы кезеңге жоспарланған қаржыландырудың жалпы көлемі 78 млрд теңгені құрайды. Қаражат желілерді жаңартуға, қосымша қуат құруға, электр шығынын азайтуға және басқару жүйелерін цифрландыруға жұмсалады.

– Әңгімемізді түйіндесек, атқарылған істің шын қайтарымы неден байқалады?

– Біз нәтижені төрт көрсеткішке қарап бағалаймыз. Олар – желінің тозуы, апаттық ажыратулар саны, электр энергиясының техникалық шығыны және жаңадан пайда болған қуат.

Алайда жұрт үшін ең маңыздысы – үйіндегі жарықтың үзілмей, бірқалыпты берілуі. 2025 жылғы екі жоба 27,5 мыңға жуық абонентке осындай нәтиже берді. Алдағы жобалардың да межесі – осы.

Түпкі мақсат – жарық сөніп қалған сайын желіні жөндеу емес, оның үздіксіз берілуін қамтамасыз ететін берік жүйе қалыптастыру.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.