Қызылордада «Қауіпсіз қала» акциясы аясында Сырдария өзені бойында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу рейді өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Іс-шараға «Әділет» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері мен Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қатысты.

Қазіргі таңда өзен жағасында демалып, балық аулайтын тұрғындардың қатары артып келеді.
Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері түрлі себептермен 9 адам суға кеткен. Олардың арасында балық аулауға шығып, қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан суға кеткен азаматтар да бар. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлардың алдын алуда қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды.
«Сырдарияда балық аулау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау өте маңызды. Әсіресе өзен жағасының тайғақ, ағысы қатты жерлерінде абай болған жөн. Балық аулау кезінде суға тым жақын бармау, қауіпсіздік кеудешесін пайдалану және ауа райы қолайсыз кезде өзенге жақындамау қажет. Қарапайым сақтық шараларының өзі қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді», – деді Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Елдар Есенгелдиев.

Рейд барысында азаматтарға судағы қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, өрттің алдын алу шаралары ескертілді. Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Яғни, тұрғындарға табиғат аясында от жақпау, жағылған отты қараусыз қалдырмау және темекі тұқылын құрғақ шөпке тастамау қажеттігі түсіндірілді. Әсіресе желді күндері кішкентай ғана ұшқынның өзі өртке ұласуы мүмкін екені ескертілді.
Өз кезегінде «Жастар Рухы» жастар қанатының белсендісі Аяулым Русланқызы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті.

«Сырдария – қаламыздың ажырамас бөлігі. Сондықтан өзен жағасына демалуға немесе балық аулауға келген әрбір адам қауіпсіздікке бірінші кезекте мән беруі керек. Кейде қарапайым ғана сақтық шарасын елемеу үлкен қауіпке әкелуі мүмкін. Біз жастар ретінде осындай рейдтерге қатысып, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіру арқылы қоғамға пайдалы іске үлес қосып жүргенімізге қуаныштымыз. Ең бастысы – әр адам өз өміріне және айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет», – деді Аяулым Русланқызы.
Шара барысында тұрғындарға судағы және өрт қауіпсіздігі бойынша жадынамалар таратылып, төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
