Депутат Айсұлу Сүлеймен пилотсыз авиация бүгінде ең қарқынды дамып келе жатқан технологиялық бағыттардың біріне айналып отырғанын айтты.
XXI ғасырдың технологиясын өткен ғасырдың құралдарымен басқаруға тырысып отырмыз – депутат
301
оқылды

«Әділет» партиясы фракциясының депутаттары Айсұлу Сүлеймен мен Тілектес Адамбеков Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды және цифрлық даму министріне депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Депутат Айсұлу Сүлеймен пилотсыз авиация бүгінде ең қарқынды дамып келе жатқан технологиялық бағыттардың біріне айналып отырғанын айтты.

– Жасанды интеллектпен ұштастырылған пилотсыз жүйелер ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, геодезия, логистика, инфрақұрылымды мониторингтеу және басқа да бірқатар салаларды түбегейлі өзгертуге қабілетті. Сондықтан бүгінде бұл бағытқа мемлекеттік деңгейде ерекше назар аударылуда, – деді Айсұлу Қанатқызы.

Ол 2025 жылы Үкімет 2031 жылға дейінгі азаматтық пилотсыз авиацияны дамыту тұжырымдамасын бекіткенін атап өтті.

– Құжат ғылыми базаны дамыту, кадрлар даярлау жүйесін қалыптастыру, пилотсыз авиация жүйелерін қолдану аясын кеңейту, отандық өндірушілерді қолдау және негізгі компоненттерді жергіліктендіруді көздейді, – деді депутат.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарға тоқталды.

– Бірер күн бұрын Мемлекет басшысының Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында қалалық әуе мобильділігі, пилотсыз авиация және төмен биіктіктегі әуе кеңістігін цифрлық басқаруды дамыту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Атап айтқанда, пилотсыз авиациялық жүйелер қозғалысын басқарудың – UTM жүйесін Қазақстанда енгізуді және технологиялар трансферін көздейтін меморандумға қол қойылды. Бұл уағдаластықтар пилотсыз авиация индустриясының дамуына серпін береді, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, бұл саладағы технологиялардың даму қарқынын ескере отырып, уақыт жоғалтпау маңызды.

– Сонымен қатар пилотсыз авиация – күрделі технологиялық сала. Ол орасан зор қарқынмен дамып келеді. Сондықтан біз бір минутты да жоғалтпауымыз маңызды, – деді Айсұлу Сүлеймен.

Ол пилотсыз авиацияны дамытуда бірінші кезекте ғылыми-технологиялық негізге назар аудару керегін айтты.

– Біріншіден. Егер біз дайын шешімдерді қуып жетуді емес, өзіміздің бәсекеге қабілетті орнымызды қалыптастыруды көздесек, саланың дамуы мықты ғылыми-технологиялық негізге сүйенуі қажет. Бұл үшін ғылыми-зерттеулер, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, сынақтар, әзірлемелерді коммерцияландыру және жасанды интеллектіні қолдану бағыттарын дамытуымыз керек, – деді депутат.

Екінші мәселе – салаға қажетті мамандарды даярлау.

– Екіншіден, кадр мәселесі. Пилотсыз ұшу аппаратын сатып алу немесе өндіру жеткіліксіз. Оны бағдарламалайтын, басқаратын, техникалық қызмет көрсететін және жөндейтін мамандар қажет. Сондықтан операторлар, инженерлер, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер мен басқа да мамандарды алдын ала даярлауымыз қажет, – деді ол.

Үшінші мәселе пилотсыз авиацияға қажетті инфрақұрылымға қатысты болды.

– Үшіншіден, инфрақұрылым мәселесі. Бүгінде пилотсыз аппаратпен қарапайым ұшуды жүзеге асыру үшін оператор әуе қозғалысын басқару орталығына өтінімді электронды пошта арқылы жібереді. Кейін деректер қолмен тексеріледі, ал өтінімнің қаралу мәртебесі цифрлық түрде ашық көрсетілмейді. Яғни, XXI ғасырдың технологиясын өткен ғасырдың құралдарымен басқаруға тырысып отырмыз, – деді Айсұлу Сүлеймен.

Осыған байланысты  Үкіметке үш мәселені қарастыруды сұраймыз:

– 2031 жылға дейінгі азаматтық пилотсыз авиацияны дамыту тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы Парламентке, бизнеске, ғылыми ортаға және қоғамға тұрақты түрде ақпарат беруді қамтамасыз ету;

– саланың бірыңғай ведомствоаралық технологиялық Жол картасын қалыптастыру мәселесін қарау және жетекші ғылыми-технологиялық алаңды немесе жоғары оқу орындарын, ғылыми ұйымдарды, әзірлеушілер мен бизнесті біріктіретін консорциумды айқындау;

– пилотсыз қозғалысты және төмен биіктіктегі әуе кеңістігін басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесін құруды жеделдету.

Оның құрамында өтінімдерді цифрлық түрде беру және сүйемелдеу, шектеу қойылған аймақтарды картаға түсіру, қажетті мемлекеттік және авиациялық ақпараттық жүйелерді интеграциялау, сондай-ақ болашақта ұшуларды автоматтандырылған түрде келісу мүмкіндігі қарастырылуы қажет, – деді депутат.