«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Ерлан Сайыр солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру мәселесін көтеріп, Энергетика министрлігінен Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына қатысты нақты жоспарды жариялауды сұрады. Осы ретте депутат Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев солтүстік және шығыс өңірлерді табиғи газбен қамтамасыз етуді стратегиялық міндет ретінде айқындағанын еске салды. Үкімет өз кезегінде 2036 жылға қарай Қазақстандағы газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.
Ерлан Сайырдың сөзінше, сайлау алдындағы кездесулерде Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары өңірлерді газдандыру мәселесін бірнеше рет көтерген.
«Солтүстік және Шығыс өңірлерді газдандыру ұзақмерзімді мемлекеттік жоспарларда қарастырылған. Алайда 2026 жылы солтүстік бағыттағы жобаның конфигурациясы өзгеріп, Петропавл, Көкшетау және Астананы газбен қамтамасыз етуге бағытталған «Есіл – Астана» магистральдық газ құбырының жеке жобасы әзірленіп жатыр. Осыған байланысты Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын газбен қамтамасыз етудің нақты моделі қандай болатыны қоғам үшін маңызды мәселе болып отыр», – деді депутат.
Ресми сауалда солтүстік-шығыс экономикалық макроаймақта шамамен 3,5 млн адам тұратыны көрсетілген. Депутаттардың мәліметінше, бұл өңірлер елдің аграрлық өнімінің 46 пайызын және өнеркәсіп өнімінің 21 пайызын өндіреді. Сонымен қатар 2025 жылы аталған аумақтардағы көші-қон сальдосы 27 мың адамды құраған.
«Халықты газбен қамту – әлеуметтік маңызы жоғары мәселе. Сондықтан өңірлерді газдандырудың нақты сценарийі, іске асыру кезеңдері мен мерзімдері тұрғындарға түсінікті болуы керек. Әсіресе, жаңа инфрақұрылымдық жобалар пайда болған жағдайда бұрын қабылданған жоспарлардың қалай өзгеретіні туралы ашық ақпарат қажет», – деді Ерлан Сайыр.
Осыған байланысты «Әділет» фракциясы Энергетика министрлігіне үш негізгі мәселе бойынша түсініктеме беруді сұрады. Атап айтқанда, «Есіл – Астана» жобасы іске қосылғаннан кейін солтүстік-шығыс өңірлерді газдандырудың бірыңғай моделі сақтала ма, әлде солтүстік және шығыс бағыттар жеке жобаларға бөлінеді ме деген сауал қойылды.
Сондай-ақ депутат Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына қатысты газдандырудың қандай сценарийі қарастырылып отырғанын және бұл өңірлердің елді газдандыру деңгейін 2036 жылға қарай 80 пайызға жеткізу жөніндегі Энергетика министрлігінің Жол картасына жеке енгізілетін-енгізілмейтінін сұрады.
Фракция газдандыруды жеделдету үшін бірнеше ұсыныс білдірді. Оның ішінде солтүстік-шығыс экономикалық аймағын газдандыруды жеделдету, газ құбырларын тартуға мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен жеке инвестицияларды тарту, ішкі газ көздерін іздестіру жұмыстарын күшейту және халыққа газдандырудың тетіктері мен мерзімдері туралы тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу бар.
