Жыл басынан бері «102» арнасына тыныштықты бұзу фактілері бойынша 25 мыңнан астам хабарлама түскен. Оның 83 пайыздан астамы сағат 22:00 мен 02:00 аралығында тіркелген.
«Тыныш ұйқы да – қауіпсіз қаланың өлшемі»: акустикалық камералар мәселені шеше ала ма?
212
оқылды

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Кендебай Адамбек Құрылтай отырысында түнгі уақытта мотоциклдер мен тюнинг жасалған көліктердің қатты шу шығарып, заңсыз жарыстар ұйымдастыруына қатысты мәселе көтерген еді. Ол түнгі тыныштықты бұзғаны үшін белгіленген 21 625 теңге айыппұлдың аз екенін айтып, жазаны күшейтуді ұсынды.

Депутаттың бұл бастамасына пікір білдірген «24KZ» жаңалықтар сайты редакциясының бас редакторы Марья Айдарбаева түнгі тыныштықты бұзуды жай ғана тұрмыстық қолайсыздық деп қарауға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, бұл мәселе қоғамдық тәртіппен қатар, жол қауіпсіздігіне де қатысты, — деп хабарлайды Aikyn.kz.

Журналистің өзі де мұндай жағдайлар туралы ақпаратты күнделікті көріп жүргенін айтады.

– Мен өзім де БАҚ саласында жүргендіктен, мұндай оқиғаларға қатысты ақпаратты күнделікті дерлік көремін. Бір қарағанда, түнде қатты дыбыс шығарып өткен бір көлік немесе мотоцикл соншалықты үлкен мәселе болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ олардың артында тұрғындардың шағымы, ұйқысы бұзылған балалар мен қарттар, ал кей жағдайда жолдағы қауіпті әрекеттер тұр, – дейді Марья Айдарбаева.

Астана полициясының мәліметі де мәселенің ауқымды екенін көрсетеді. Жыл басынан бері «102» арнасына тыныштықты бұзу фактілері бойынша 25 мыңнан астам хабарлама түскен. Оның 83 пайыздан астамы сағат 22:00 мен 02:00 аралығында тіркелген. Ал шағымдардың 67 пайызы аула мен көшедегі шуға қатысты.

– 25 мыңнан астам хабарлама – жай ғана статистика емес. Бұл мыңдаған адамның тыныштығына әсер еткен жағдайлар. Сондықтан мұндай мәселені тұрғындардың «шулап жатыр» деген кезекті шағымы ретінде қабылдамауымыз керек, – дейді ол.

М. Айдарбаеваның айтуынша, мәселенің тағы бір маңызды қыры – түнгі уақытта жолдағы қауіпсіздік. Әсіресе, жылдамдықты асырып, қауіпті маневр жасайтын және қатты дыбыс шығаратын мотоциклдер мен автокөліктер тұрғындардың тыныштығын бұзып қана қоймай, жолдағы қауіпсіздікке де әсер етеді.

Мысалы, Алматыда биыл мотоциклдің қатысуымен 54 жол-көлік оқиғасы болып, екі адам қаза тапқан, 57 адам жарақат алған. Қыркүйекте өткізілген түнгі рейд кезінде 544 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталған.

Осы ретте Марья Айдарбаева мәселені тек айыппұл көлемін арттырумен шектемей, құқықбұзушылықты анықтаудың тиімді жолдарын қарастыру қажет деп есептейді. Бұл тұста Кендебай Адамбек ұсынған акустикалық құрылғыларды фото және бейнетіркеу жүйесіне біріктіру бастамасы да өзекті.

– Меніңше, бұл жерде мәселе тек айыппұлды көбейтуде емес. Құқық бұзған адам оның міндетті түрде тіркелетінін және жауапкершіліктен жалтара алмайтынын білуі керек. Сол себепті технологияны пайдаланып, мұндай жағдайларды автоматты түрде анықтау мүмкіндігін қарастыру маңызды, – дейді Марья Айдарбаева.

Сонымен бірге ол мұндай жүйе енгізілген жағдайда оның техникалық дәлдігіне де мән беру қажет екенін атап өтті. Азаматтардың құқығын қорғау және қате тіркелген деректерге шағымдану тетігі алдын ала нақты белгіленуге тиіс.

Журналистің пікірінше, қауіпсіз әрі жайлы қала ұғымы тек инфрақұрылыммен өлшенбейді. Қаланың жайлылығы тұрғынның өз үйінде өзін қауіпсіз сезініп, түнде тыныш ұйықтай алуынан да көрінеді.

– Біз қауіпсіз әрі жайлы қала туралы көп айтамыз. Бірақ жайлы қала дегеніміз – тек жақсы жол, жарық көше немесе жаңа ғимарат емес. Оның ең қарапайым өлшемдерінің бірі – адамның түнде өз үйінде тыныш ұйықтай алуы, – дейді Марья Айдарбаева.