Ондаған жыл бойы жылжымай ата-аналардың төзімін сарқитын балабақшадағы кезек мәселесі жекеменшік балабақшалардың ашылуымен біршама жеңілдегендей еді.
Балабақшаға лицензия: талап пен мүмкіндік
111
оқылды

Алайда елде келер жылдан бастап мектепке дейінгі барлық мекемеге лицензиялаудың енгізілуі сол ахуалды қайта туғызып, түйткілдің түйінін одан сайын шиеленістіріп жіберетіндей.  Ақмолалық  жекеменшік балабақша иелеріне де бұл хабар ауыр тиген сияқты...

Талапқа сай болу керек

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын міндетті лицензиялау келер жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілмек. Бұл өзгерістің басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, балабақша­лардағы білім беру мен тәрбие сапасына қойылатын талаптарды күшейту болып отыр. 

Бұл мәселе  Көкшетауда өткен Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының білім беру және денсаулық сақтау салалық кеңесінің кезекті отырысында тағы бір мәрте жан-жақты талқыға түсті. Қазақстан кәсіпкерлерінің DARA URPAQ қауымдастығының заңгері Сәкен Айсиннің айтуынша, лицензия алу үшін мектепке дейінгі ұйымдар қауіпсіздік пен санитарлық талаптардан бастап, материалдық-техникалық базаға, кадрлық қамтамасыз ету және балалардың толыққанды дамуына қажетті орта қалыптастыруға дейінгі бірқатар шартқа сай болуы керек.

Мәселенің күрделілігі де тап осында болса керек. Өйткені талаптардың бір бөлігін өңірдегі жекеменшік балабақшалардың орындауы мүмкін емес секілді. Мысалы, балабақша орналасқан ғимарат жалға алынған болса, жалдау мерзімі кемінде бес жыл болуға тиіс. Сонымен бірге ғимарат ерекше қажеттілігі бар балаларды да қабылдауға бейімделуі қажет. Сәкен Айсиннің айтуына қарағанда, өңірдегі жекеменшік балабақшалардың 80 пайыздан астамы жалға алынған ғимараттарда жұмыс істейді. Ал ғимарат иелерінің бәрі бірдей ұзақмерзімді жалға беруге келісе бермейтіні тағы бар. Мұндай жағдайда нысанды мүмкіндігі шектеулі балаларға бейімдеу де оңай шаруа емес. Оның үстіне бұл мақсатқа мемлекет тарапынан субсидия да қарастырылмаған. Демек, барлық шығын кәсіпкердің мойнына ілінбек.

Бұған қоса алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған лицензия мен тиісті медициналық кабинеттің болуы да қатаң талап етіледі. Ауылдық жерлерде орталықтан­дырылған су құбыры мен кәріз жүйесі мүлде жоқ елді мекендер үшін мұндай талаптарды орындау тіпті күрделі болатыны айтпаса да түсінікті. Алайда балабақша басшыларын алаңдатып отырған ең негізгі мәселе бұл да емес. Жаңадан енгізілетін міндетті лицен­зия­лаудың басты қағидасы ғимараттың нысаналы мақсатына қатысты талап болып отыр.

Ақмола облысында елді мекендердің басым бөлігі ауылдық жерлерде болғандықтан, көптеген жекеменшік балабақша кәдімгі коттедждерде орналасқан. Құжат бойынша олардың басым бөлігі коммерциялық нысан емес, кәдімгі тұрғын үй ретінде тіркелген. Ал ғимараттың нысаналы мақсатын өзгер­ту – уақыт пен қаржыны қажет ететін күрделі рәсім екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне жеке үйін жалға берген меншік иесінің мұндай өзгеріске келісе қоюы тағы екіталай. Мұнымен мәселе бітпейді. Өрт қауіпсіздігіне қойылатын талаптар да бар. Жеке тұрғын үй мен білім беру ұйымына қойылатын өрт қауіпсіздігі талаптарының айырмашылығы айтарлықтай. Балалар күн сайын болатын нысанның тиісті талаптарға сай болуы заңда тайға таңба басқандай көрсетілген.

Жиынға қатысқан Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі бұл мәселеде талаптың бәріне ортақ екенін ашық айтты.

– Барлық ұйым өрт қауіпсіздігі бойынша оң қорытынды алуға тиіс. Балабақшаға қойылатын талап жекеменшік немесе мемлекеттік болуына қарамастан бірдей. Бірақ көп жағдайда мұнда жағдай көңіл көншітпейді. Өрт қауіпсіздігінің барлық шарасы сақталмаған балабақшаларға біз оң қорытынды бере алмаймыз, – дейді ол.

Талаптардың қатарында жеке тұрған қазандық, құрылыс материалдарына қойы­латын арнайы шарттар, өрт сөндіру құрал­дарымен толық қамтамасыз ету секілді та­лаптар бар. Бұл орайда өрт сөндіргіштерді орнату бір басқа. Ал жеке сектордағы шағын балабақша үшін бөлек қазандық салу – мүлде басқа мәселе. Мұндай нысандардың көбі дәл жеке сектордағы тұрғын үйлерде орналасқанын ескерсек, талаптың кәсіпкерлер үшін қаншалықты күрделі екені айтпаса да түсінікті.

Жиын барысында Целиноград ауданының балабақша басшыларының бірі ғимараттың нысаналы мақсаты оның өрт қауіпсіздігіне қаншалықты әсер ететінін сұрады.

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі мұның тікелей қатысы бар екенін түсіндірді. Оның айтуына қарағанда, жеке үйде бес адамның тұруы мен сол ғимаратта күн сайын жүз баланың болуы – екі түрлі жағдай. Сондықтан талап та соған сәйкес болуы керек.

– Бұл талаптар кеше ғана пайда болған жоқ. Нормалар бұрыннан бар, олар кеңес заманынан бері қолданылады. Сондықтан оларды сақтау қажет, – дейді ол.

Бұрынғы лицензиялардың тағдыры не болмақ?

Жиында бұған дейін лицензия алып үлгерген жекеменшік балабақшалардың жағдайы да көтерілді. Кәсіпкерлер осы заң шыққанға дейін лицензия алған балабақша­ларға бұл міндеттердің қатыстылығы жөнінде сауал қойды.  

– 2012 жылға дейін жекеменшік балабақшалардың қызметі лицензияланатын. Ол кезде біз лицензия алдық және олар мерзімсіз уақытқа берілген еді. Мүмкін, біздің ұйымдар үшін сол лицензиялар әлі де жарамды болатын шығар, – дейді кәсіпкер Татьяна Самодаева.

Бұл пікірді жекеменшік балабақша бас­шысы Ғалия Рахимберлина да қолдады.

– Қазір алдағы қаңтардан қолданысқа енгізілетін міндетті лицензиялау талабы же­кеменшік балабақша иелерінің арасында аса үлкен алаңдаушылық туғызып, тіпті дүрбелең басталды десем қателеспеспін. Кейбірі тіпті бизнестерін сатып жатыр. Мүмкін, 2012 жылға дейін лицензия алған ұйымдарды әзірге қозғамай, жаңа ашыл­ған балабақшаларға ғана лицензия алу тала­бын қойған дұрыс шығар, – дейді Ғалия Ра­химберлина.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы, заңгер Расул Сыздықовтың айтуынша, бұрын берілген лицензиялар соттар тарапынан жарамсыз деп танылмаған. Алайда олардың жаңа жүйеде жарамды болып қала ма, жоқ па деген сауалға жиын барысында нақты жауап болмады. Бұл кәсіпкерлерді алаңдатып отырған тағы бір өткір мәселе.

Мемлекеттік органдар не дейді?

Жиынға қатысқан мемлекеттік орган өкілдері жағдайды реттеуге мүмкіндік бар екенін алға тартты. Құзырлы сала өкілдерінің мәліметінше, жаңа жүйе бірден емес, кезең-кезеңімен біртіндеп жүзеге асырылмақ. Ақмола облысы Білім басқармасы басшысы­ның орынбасары Жанар Назыкенова мәселенің тігісін жатқыза түсіндіріп, жаңа енгізілетін жүйенің іс жүзінде жүзеге асырылуы үшін туындаған мәселелерді бірлесе шешу жолдары қарастырылатынын атап өтті.  

– Мектепке дейінгі білім беру мекемелерін лицензиялау бірден емес, кезең-кезеңімен, яғни үш жыл ішінде жүргізіледі. Барлық балабақшаға жол картасы жіберілген. Білім басқармасының қызметкерлері жаңа жүйеге көшу кезінде туындайтын барлық мәселені бірлесіп шешуге дайын, – дейді Жанар Назыкенова.

Құзырлы басқарма басшылығы мұнымен қоса лицензия алу үшін қажет құжаттардың жартысынан астамы мемлекеттік білім беру тапсырысын алу кезінде де талап етілетінін атап өтті. Сондықтан балабақша басшылары олардың бір бөлігімен бұрыннан таныс.

Облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Ботакөз Дүйсенова да лицензиялау процесінің басты мақсаты – баланың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету екенін атап, бала­бақшалардың міндетті лицензиялаудан өткізілуі ең басты мәселе қауіпсіздіктің қам­тамасыз етуге бағытталғанын жеткізді.

Ал облыс бойынша бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің орынбасары Сауле Сәдуақасованың айтуына қарағанда, бүгінде барлық мектепке дейінгі ұйым санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға тиіс. Кейбір ұйымдар бұл талапты орындамай, жұмысын бастап кететін жағдайлар жиі кездеседі. Мұндай кезде қызметін уақытша тоқтатуға дейінгі қатаң шаралар қолданылады.

– Біз лицензиялау енгізуді толығымен қолдаймыз. Қазіргі жағдайда кейбір мектепке дейінгі ұйымдар ашылған кезде санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға бірден кіріспейді. Мұндай жағдайда қызметін тоқтатуға дейінгі шаралар қолдануға тура келеді. Лицензиялау мәселесіне келсек, біздің тарапымыздан қиындық көріп тұрған жоқпын. Бұған дейін берілген барлық санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды онлайн түрде, қайта баруды қажет етпей-ақ ұзартылады, – дейді Сауле Сәдуақасова.

Жиын барысында Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің білім беру қызметін лицензиялау бөлімінің басшысы Манат Әбілмаженов те түсініктеме берді. Оның айтуынша, лицензияны департамент береді. Сонымен бірге ол кәсіпкерлер тарапынан айтылған барлық ұсыныс пен ескертпелерді ескеру үшін кеңес отырысының хаттамалық шешімін ведомствоға жолдауды сұрады.

Балабақшалар жабылса, кезек қайта көбеймей ме?

Сонымен келер жылдың қаңтарына дейін үш айдан сәл ғана астам уақыт қалды. Бүгінде өңірде ондаған жекеменшік балабақша лицензиялық талаптардан өте алмай қалу қаупі бар. Бұл мәселе ауылдық жерлермен ғана шектелмейді. Көкшетау мен өңірдің өзге де ірі қалаларының өзінде екі-үш қабатты жекеменшік үйлер мен коттедж ғимарат­тарында орналасқан шағын балабақшалар мен мектепке дейінгі ұйымдар жетерлік.

Бір жағынан, балалардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуына қойылатын талаптардың күшеюі – заңды қажеттілік екені түсінікті. Екінші жағынан, жаңа талаптарды орындауға мүмкіндігі жетпеген жекеменшік балабақшалардың жабылуы мектепке дейінгі орын тапшылығын қайта күшейтуі ықтимал. Сондықтан мәселе лицензияның бар-жоғында ғана емес. Ең бастысы – талап пен мүмкіндіктің арасындағы алшақтықты қалай азайтуға болады деген сұрақ көптің көкейінде тұр.

P.S.                                        

Мемлекет балалардың қауіпсіздігі мен сапа­лы мектепке дейінгі білім алуына кепілдік беруге ұмтылса, жекеменшік балабақшалар осы міндетті бөлісуге дайын екенін айтып отыр. Ендеше жаңа жүйеге көшу барысында талаптардың орындалуын қамтамасыз етумен қатар, шағын кәсіпкерліктің іс жүзіндегі нақты мүмкіндігі де ескерілуі қажет сияқты. Өйткені бір балабақшаның жабылуы – бір ғана кәсіпкердің бизнесінен айырылуын ғана туғыз­байды. Оның ар жағында ондаған отбасының баласы, ата-ананың жұмысы, тәрбиешілердің күнделікті нәпақасы мен ең бастысы – балабақшадан орын күтіп отырған кішкентай балақайлардың болашақ тағдыры тұр. Сон­дықтан «өгізді де өлтірмей, арбаны да сын­дырмас» үшін түйткілдің шешіміне салқын­қандылықпен қарап жеті рет өлшеп, бір рет кесу қажет сияқты. Ал ата-аналар болса, қа­зір­дің өзінде қосымша балама іздей бастады...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы