Жазушыны ерекше құрмет тұтып, шығармашылығын дәріптеп жүрген кейіпкерлерімізді Атырауда өткен Рақымжан Отарбаевтың халықаралық 3-фестивалінде жолықтырдық.
Жүректің iшiнен, қаламның ұшынан
112
оқылды

Бірі – Сүлеймен Шадкам. Иранда туып, Германияның Мюнхен қаласында тұратын этникалық қазақ. Рақымжан Отарбаевпен аға-дос болып, бір-бірімен тонның ішкі бауындай жақсы араласқан. Екіншісі – қаламгердің шығармаларын зерттеп жүрген әдебиеттанушы Ардақ Үсейінова.  

«Рақымжан Отарбаевты бұ­рын­нан білетінмін. Ара-тұра жолымыз түйісіп, кездесіп, әңгімелесіп жү­ретінбіз. Алайда жақын араласып, бір-бірімізді тереңірек таныған кезіміз кейінірек басталды. Алғаш Астанада жүздестік. Кейін Атырау­ға барған сапарларымда жиі кез­десіп, етене араласып кеттік. Сөй­тіп, сыйластығымыз шынайы дос­тыққа ұласты, – деп бастады әңгі­месін Сүлеймен аға. – Менің Рақымжанға деген ықыласымды оятқан оның жазушылығы емес, адамдық болмысы еді. Сөзі де, ісі де, тіпті кейде баладай тентектігі де өзіне жарасып тұратын. Әсіресе ұлт­қа деген сүйіспеншілігі, қазақ­тың намысы мен мүддесіне кел­ген­де ештеңеден тайсалмайтын қайсар мінезі ерекше тәнті етті. Кімнің алдында отырса да, ойын бүкпесіз айтып, шындықты бетке тура жет­кізетін. Жалған сөйлеуді, біреуге жағынуды білмейтін. Бір қызығы, екеуміздің жас айырмашылығымыз небәрі төрт ай ғана. Соған қара­мас­тан, мен оны әуелден «аға» деп атап кеттім. Бұл жасына қарап көрсет­кен құрметім емес, азаматтық тұлғасына, кісілік келбетіне деген шынайы ілтипатым еді. Кейін сол «аға» деген сөз арамыздағы сый­ластықтың ажырамас бір бөлшегіне айналды».

Жарасымды достық

Сүлеймен Шадкам жазушы­ның шығар­маларын шетел оқырмандарына аударуға себепші болды. «Бірде оған туындыларын неміс тіліне аудартып, Германияда жарыққа шығаруға атсалысқым ке­летінін айттым. Ұсынысымды есті­ген­де ерекше қуанды. Өйткені қа­ламгер үшін шығармасының өзге тілде сөйлеп, басқа халықтың рухани қазынасына айналуы үлкен мәртебе ғой. Осы бастама екеуміз­дің достығымызды бұрынғыдан да бекемдей түсті. Әрине, көркем шы­ғарманы бір тілден екінші тілге аудару оңай шаруа емес. Ол үшін екі тілді білумен қатар әдебиеттің таби­ғатын, жазушының ойлау жү­йесін, сөз саптау ерекшелігін терең түсі­не­тін маман қажет. Сондықтан бұл іске кәсіби аудармашыларды тарт­тық. Неміс тіліне тәржімалан­ған мә­тінді осы тілді жетік мең­гер­ген, кезінде дәріс берген білікті ма­манға қайта тексерттік. Басты мақ­саты­мыз шығарманың көркем­дік қуа­тын, автордың айтар ойын жоғалт­пай, неміс оқырманына ба­рынша шынайы жеткізу бола­тын. Сол ке­зеңде Рақымжанның шығармала­рын жарыққа шығару ісінің өзіндік қиындықтары да аз болған жоқ. Соған қарамастан бас­таған ісімізді аяқсыз қалдырмауға тырыстық. Кейін Рақымжанды Гер­ма­нияға да алып бардым. Он­да­ғы жазушылар­мен, аудармашы­лар­мен танысты­рып, шығармашылық байланыс орнатуына мүмкіндік жасадық. Бұл сапардың біз үшін ма­ңызы зор болды. Өйткені Ра­қым­жанның шы­ғармашылығын қазақ әдебиетінің шеңберінде ғана қалдырмай, әлем­дік оқырманға танытуды мақсат еттік», – дейді кейіпкеріміз.

Қаламгер Германияға барса, Сүлеймен Шадкам Аты­рау­ға жиі келіп тұрды. Екі достың аралас-құраластығы осылай жара­сымды күйде жалғасып жатты. 

«Рақымжанның мен ерекше қадірлеген қасиеті – оның қазаққа деген жанашырлығы. Ол ұлттық салт-дәстүрге, қазақы тәрбие мен рухани құндылықтарға айрықша мән беретін. Халқының бүгіні мен ертеңіне бейжай қарай алмайтын. Қазақтың мүддесіне нұқсан келетін қандай да бір жағдайды көрсе, іш­тей күйініп, ашық пікірін білді­ре­тін. Ұрпақтың келешегіне алаңдап, елдің еңсесін көтеретін мәселелерді үнемі ой елегінен өткізіп жүретін. Біз бір-бірімізге жиі хабарласып тұрдық. Бірақ Рақымжанға телефон шалсаң, бірден ала бермейді. Ол жазу үстеліне отырғанда сырт дү­ниеден оңашаланып, шығармасына түгелдей беріліп кететін. Ондай кез­де мазалаудың өзі артық. Қолы бо­сағанда өзі қайта қоңырау ша­ла­ды. Сөйтіп, үзілген әңгімеміз қай­та жалғанатын. Рақымжанның бо­йын­да менмендік те, жасандылық та бол­ған жоқ. Бірақ шындыққа кел­ген­де ешкімнің ығына жығыл­майтын. Өзінің басынан өткен әді­летсіздіктерді де жасырмай ай­та­тын. Бірде Америкаға барған сапарынан кейін жұмыстан боса­тылғанын әңгімелегені есімде. Шын­дықты айтқаны үшін түрлі кедергіге тап болғанын да білетін­біз. Алайда қандай қиындық көрсе де, оның сағын сындырып, алған бетінен қайтара алған ешкім болған жоқ. Ол өз ұстанымына адал қалды. Айтатын сөзін айтты, қорғайтын шындығын қорғады», – дейді кейіпкеріміз.

Рақымжан Отарбаевтың көзі тірісінде Шымкентте, Біш­кек­те театр фестивальдары өтті. Оған Сүлеймен Шадкам да қонақ бо­лып барды. Кейіпкеріміз сол күн­дердің әсері әлі ұмытылмағанын айтады. 

«Бішкектегі фестивальдың жөні тіпті бөлек болды. Қырғыз ағайындар Рақымжанды ерекше ықыласпен қарсы алып, шығарма­шылығына зор құрмет көрсетті. Фес­тиваль жоғары деңгейде ұйым­дастырылды. Мұндай құрметке кез келген қаламгер ие бола бермейді. Бұл оның ұзақ жылғы еңбегінің, табандылығы мен талантының же­місі еді. Қаншама кедергіні еңсеріп, өз жолынан жаңылмаған азаматтың шығармашылық жеңісін көріп, шын жүректен қуандық. Оның ар­маны мұнымен шектелмейтін. Ра­­қымжан өз пьесаларының Еуропа сахналарында қойылғанын қалады. Біз де осы бағытта неміс маман­дарымен байланыс орнатып, біраз жұмысты қолға ала бастаған едік. Өкінішке қарай, бұл жоспарла­ры­мызды толық жүзеге асыруға уақыт жетпеді. Оның қазасы мен үшін өте ауыр тиді. Ақпанның 20-сында жер қойнына тапсырдық. Сол күннің менің өмірімде ерекше орны бар. Өйткені дәл сол күн – менің туған күнім. Бұрын бұл күнді өмірге келген күнім ретінде қарсы алсам, енді Рақымжандай аяулы азаматты ақтық сапарға шығарып салған күн ретінде де еске аламын. Сондықтан ақпанның 20-сы келген сайын көңілімде бір мұң оянады. Қуаныш пен қайғы қатар өрілген бұл күн жадымнан ешқашан өшпейді.

Рақымжанның өзіне ғана тән қызық қылығы да аз емес еді. Әсі­ресе шаш үлгісі ерекше болатын. Кейде оның шашына қарап әзіл­дейтінбіз. Біздің балалар да таң­ға­лып, оның өзгеше жүріс-тұрысына қызыға қарайтын. Бірақ Рақымжан ондайға еш қысылмайтын. Өзінің қалып­тасқан әдеті, ешкімге ұқса­майтын болмысы бар еді. Сырт көзге тосын­дау көрінетін сол міне­зінің өзі оған жарасып тұратын. Оның тентектігі де, ашуы да, ақкө­ңілдігі де табиғи болатын. Бүгінде өткен күндерді ой елегінен өткіз­сем, Рақымжандай азаматпен жо­лым түйісіп, сыйлас дос болға­нымды тағдырдың үлкен сыйы деп білемін». 

Әлі хат күтіп жүрмін...

«Алғаш Рақымжан Отарбаевты біздің өңірден шығып, республика­ға таралатын «Жамбыл» әдеби-та­нымдық журналына жарияланған «Дүние ғайып» повесі арқылы таныдым, – дейді Ардақ Үсейінова. – Жазушы Сібірдің ақ түтек бораны мен сықырлаған сары аязында Ян­крынатқа жол тартқан Айнан мен Емронның арасындағы диалог, екі түрлі болмыстың ішкі қайшылығы арқылы өреді ғой оқиғаны. Бірден назар аудартқаны – ақ ит пен қы­зыл иттің жетек ауыстыруы. Автор ақ пен қызыл итті символға айнал­дырып, астарлап бір ой түйгенін ә дегеннен түсінгеніммен, шешімін таппай ұзақ ойландым.

Сөйтіп жүргенде Таразда Несіпбек Дәутайұлының 70 жас мерейтойына арналған конференция өтетін болып, оны басқарып-жүргізуге Рақымжан аға Отарбаевтың келетінін естідім. Облыстық баспасөз үйіндегі жұмыс кабинетім Несағаның кабинетіне қарама-қарсы. Аға үш күн бұрын келді. Есіктен кірген-шыққанын, жүрген-тұрғанын бағып отырамын. Қасына барып, кітабына қолтаң­басын қойдырып алуға тәуекелім жетпейді. «Аға» деп жетіп баруға іш­тей әлдене жібермей тұрады. Жі­бермей тұрғанға салып, сол күйі амандасуға тәуекел етпесем, мұн­дай сәт енді қайтып тумастай, алаң­дай беремін. Ақыры Несағаға «Рақымжан ағаның кітабын алып едім, қолтаңбасын алуға болар ма екен» дедім бойымдағы бар батыл­дықты жиып. Аға кабинетіне ертіп кірді. Таныстырды. Қолтаңбасын алдым. Сонда таңғалғаным – Ра­қымжан ағаның жадының мықты­лығы. Қолымдағы «Шыңғыс хан­ның көз жасы» кітабына енген бір әңгіменің соңы баспада қағазға түс­пей қалыпты. Бір абзац. «Бас­пада техникалық қателік кетіпті» деп сол абзацтағы сөйлемді сөзбе-сөз қолмен жазып берді. Түпнұс­­қасына қараған жоқ, ұзақ ойланып, еске түсіріп те әуре болмады.

Бір жылдан кейін прозадан «Рух» ха­лықаралық байқауы жа­рияланды. Несаға – әңгі­ме, Рақымжан аға роман жанры бойынша бәйгеге түсті. Іштей екі жүлденің ие­ге­рі кім боларын топшылап қой­ғанмын. Бәрінен бұрын 2-3 жыл бойы қа­шан жарық көрер екен деп күткен «Бас» романын оқуға мүм­кіндік туғанына қатты қуан­дым. Оқып шықтым. Әсерін сөзбен жет­кізе алмаймын. Нәтижесін күтіп жүр­ген­де «Бас» басқа елде жа­рық көріп қойған шығарма» деген желеумен романды бай­қау­дан алып тастапты. Бұлай кө­ңілім құлазымаған шығар. Мен осын­дай күйде отырғанда, жазу­шы­ның халі нешік деп іштей уайым кештім. Жыл соңы жақын­дап қалған, Рақымжан ағаға хат жазайын деп шештім. Романның ұнағанын, керемет әсер қалдыр­ғанын, ой салған тұстарын, сөзсіз бәйге алатын шығарма екенін жа­зып, ағаның электронды пошта­сына жолдап жібердім.

Жіберерімді жіберіп алған соң қарадай қысылып жүрдім. Айда­ладағы Тараздан бір қыз баланың хат жазғанын қалай қабылдар екен, мұнымды Несаға естісе не дейді? Ал ол кісінің естімеуі мүмкін емес. Рақымжан аға хатты алса, оқыса, Тараздан деп тұрған соң бірден Несағаға хабарласады. «Осылай да, осылай Рақымжанға хат жазып­сың», – десе, «не деймін?» деген ой­дың өзінен ұялып, күнде жұмыс­қа келе салып кабинетіме зып беріп кіріп кетем де, есікті тарс жауып отырып аламын. 

Солай бір апта өтті. Тыныш. Несаға үндемейді. «Е, оқы­маған екен ғой, мейлі енді оқымай-ақ қойса» деп жүргенде, бір күні есікті ашып, Несаға кіріп келді. «Өй, Ардақ, сен Рақымжан ағаңа хат жазыпсың ғой. Ағаң телефон соқты. Жүрші кабинетке, жақсы­лап айтып берейін» деп кері бұ­рыл­ды. Соңынан ілестім. «Ағаң риза болып жатыр. Жазуы жақсы екен. Ойы бар, айтары бар. Қытайға жол жүріп кетіпті, кел­ген соң «жауап хат жазып жіберемін» дейді. Мұның дұрыс, жақсы шы­ғармаға берген бағаң жазушыға күш береді», – деп тоқтады.

Ал содан кейін күн сайын элек­тронды поштамды сан ақтарып, хат күте­йін. Рақымжан аға не айтар екен? Не жазар екен? Өзім биік тұт­қан жазушыдан бірауыз пікір есту – ол бір үлкен нығмет қой. Сөйтіп жүргенде жазушы Рақымжан Отар­баев дүниеден өтті деген хабар келді...

Бір жылдан соң ағамның үйін­дегі Сәуле жеңешем хабарласып, сол хатты ары қарай кеңейтіп жа­зып, Рақымжан Отар­баевтың шы­ғармашылығына ар­налған әдеби-сын байқауына қатыс деген ой айт­ты. «Жаза алар ма екенмін» деп көңілде дүдәмал күмән тұрса да, жазып шықтым. Қатыстым. Жүлде алдым. Енді Рақымжан ағадан хат келмейтініне көзім жетсе де, көңілім алаңдап, әлі күнге хат күтіп жүрмін»...

Гүлзина БЕКТАС