Жеті жасқа дейінгі баласы бар жолаушыға әуежайда ана мен бала бөлмесі бар болса, оны пайдалану мүмкіндігі беріледі.
Рейс кешіксе, жолаушыға тамақ пен қонақүй тегін берілуге тиіс
234
оқылды

Қазақстанда әуе рейсі кешіккен жағдайда жолаушыға сусын, тамақ, ал ұзақ уақыт күтуге тура келсе, қонақүй мен трансфер тегін берілуге тиіс, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл талаптар «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңның 86-бабында белгіленген.

Тасымалдаушының кінәсінен немесе әуе кемесінің кеш келуіне байланысты рейс кешіксе, жолаушы екі сағаттан артық күткен кезде салқын сусынмен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ оған бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауын шалуға немесе екі электрондық хабарлама жіберуге мүмкіндік берілуі керек.

Күту уақыты төрт сағаттан асса, авиакомпания ыстық тамақ беруге міндетті. Одан әрі тамақ күндіз әр алты сағат сайын, түнде әр сегіз сағат сайын ұсынылады.

Егер жолаушы рейсті күндіз сегіз сағаттан, ал түнде алты сағаттан артық күтсе, авиакомпания оны қонақүйге орналастырып, әуежайдан қонақүйге және кері қарай тегін жеткізуі тиіс.

Жеті жасқа дейінгі баласы бар жолаушыға әуежайда ана мен бала бөлмесі бар болса, оны пайдалану мүмкіндігі беріледі.

Бұдан бөлек, егер рейс авиакомпанияның кінәсінен кешіксе және тасымалдаушы мұның еңсерілмейтін күш салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, жолаушы әр кешіккен сағат үшін билет құнының 3 пайызы мөлшерінде айыппұл талап ете алады. Жалпы айыппұл сомасы кешігу болған ұшу учаскесі бойынша билет құнынан аспайды.

Айыппұл алу үшін жолаушы авиакомпанияға өтініш беруі керек. Өтінішті тасымалдаушының интернет-ресурсы немесе билет сату пункттері арқылы беруге болады.