Ал жолдағы апаттың нақты қалай болғанын полиция мен еңбек инспекциясы анықтауда, — деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
"Астана–Қарағанды" тасжолында ауыр жол-көлік оқиғасы болды. Апат Анар стансасының маңында тіркелген. Оқиғаға жүк көлігі мен жол жұмыстарында пайдаланылатын арнайы техника қатысқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол катогының жүргізушісі — орта жастағы ер адам апаттан кейін ауыр жарақатпен Аршалы аудандық ауруханасына жеткізілген. Қазіргі уақытта медицина қызметкерлері оған қажетті көмекті көрсетіп жатыр.
Оқиғаның салдары аса ауыр болғаны белгілі. Зардап шегушінің денесінен бірнеше жарақат анықталған. Алайда оның нақты диагнозы, алған жарақаттарының толық көлемі және олардың қандай жағдайда пайда болғаны медициналық тексерулер мен тиісті сараптамалардан кейін нақтыланбақ.
Жол апатының нақты механизмі әзірге белгісіз. Оқиғаға қатысты бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр.
Алдын ала тараған ақпараттың бірінде жүк көлігі жол жөндеу жұмыстарына тартылған арнайы техникамен соқтығысқаны айтылады. Алайда бұл нұсқа әзірге түпкілікті расталған жоқ. Апаттың қалай болғанын, көліктердің қозғалыс бағытын және жолдағы жағдайды тергеу анықтауы тиіс.
Оқиғаға қатысты түсініктеме берген Ақмола облысының Полиция департаменті Анар стансасы ауданында жүк көлігі мен жол техникасының қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғанын растады.
- Соқтығыс салдарынан жол катогының жүргізушісі медициналық мекемеге жеткізілген. Қазір оған тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Бұл оқиғаға қатысты мемлекеттік еңбек инспекциясы да өз тексеруін бастайды.
Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, 2026 жылғы 3 қазанда ведомствоға «Прогресс KZ» компаниясының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің инженерінен жазатайым оқиға болғаны туралы хабарлама түскен. Департаменттің хабарлауынша, осы факті бойынша арнайы тергеп-тексеру тағайындалып, жүргізіледі.
Яғни, апаттың себептері мен салдары енді екі бағытта қарастырылады. Бір жағынан, полиция қылмыстық іс аясында жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтайды. Екінші жағынан, еңбек инспекциясы жұмыс барысында қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағанын тексермек.
Арнайы тергеу барысында жолдағы жұмыстардың ұйымдастырылуы, арнайы техниканың орналасуы, қауіпсіздік шараларының орындалуы және оқиғаға әсер етуі мүмкін өзге де факторлар зерделенеді.
Әзірге апатқа нақты не себеп болғаны және кінәлі тарап кім екені туралы түпкілікті қорытынды жасалған жоқ. Тергеу амалдары аяқталып, сараптамалар жүргізілгеннен кейін ғана "Астана–Қарағанды" тасжолындағы ауыр оқиғаның нақты мән-жайы белгілі болмақ. Ал қазір Аршалы аудандық ауруханасында жатқан жол катогының жүргізушісінің жағдайы дәрігерлердің бақылауында.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
