Италия Республикасына жұмыс сапарымен барған Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастық пен алмасу жөніндегі Қазақстан-Италия үкіметаралық жұмыс тобының 10-отырысын өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сондай-ақ итальяндық компаниялар мен іскерлік бірлестіктердің басшыларымен бірқатар кездесу өтті.
Жұмыс тобының отырысында итальяндық тарапты Италия Республикасы Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Эдмондо Чириелли басқарды. Тараптар бұрын қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысына шолу жасап, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады. Басты назар өзара саудамызды әртараптандыруға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ энергетика, көлік пен логистика, агроөнеркәсіп кешені және басқа да болашағы зор салалардағы өзара іс-қимылға аударылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша, екі ел арасындағы сауданың жалпы көлемі шамамен 16,9 млрд АҚШ долларын құрады. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында тауар айналымы 9,79 млрд долларға жетті. Оның ішінде Қазақстанның экспорты шамамен 9 млрд доллар, Италиядан импорт 789,6 млн доллар болды. Сонымен қатар итальяндық өнімнің Қазақстанға жеткізілімі 13,5%-ға өсті.
Тараптар басты міндеттердің бірі ретінде өзара саудаға одан әрі әртараптандыруды және қосылған құны жоғары өнімнің жеткізілімін арттыруды атап өтті. Қазақстан тарапының бағалауынша, отандық өнімнің Италия нарығына қосымша экспорттау әлеуеті шамамен 307,5 млн АҚШ долларын құрайды. Ең мол мүмкіндік металлургия, мұнай-химия, тамақ және химия өнеркәсібінде, машина жасауда және басқа да салаларда бар.
Іскерлік байланысты дамытудың маңызды практикалық құралы ретінде 2026 жылдың ақпанында Алматыда ашылған Қазақстан-Италия сауда үйі атап өтілді. Бұл алаң экспортты ілгерілетуге, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және екі елдің бизнесі арасында тікелей байланыс орнатуға бағытталған.
Инвестициялық ынтымақтастыққа бөлек екпін жасалды. Бірлескен жобаларды ілгерілету үшін тараптар «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалануға, сондай-ақ екі елдің қаржы институттары мен іскер топтарының арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.
Орта Азия мен Еуропаны жалғайтын сенімді әрі тиімді мультимодальды дәліз ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамытуға да көп көңіл бөлінді. Қазақстан итальяндық теміржол және логистикалық компанияларды Ақтау мен Құрық порттарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, бірлескен жобаларға қатысуға шақырды. Энергетика саласында тараптар дәстүрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.
Агроөнеркәсіп кешенінде өсімдік шаруашылығы, астық өңдеу және мал шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылдың болашағы талқыланды. Тараптар локализация деңгейін арттыру және құрамдас бөлшектер базасын дамыту бойынша жұмысты жалғастыруға келісті. Мақсат – қазақстандық құрамдас бөлшектерді жаһандық жеткізу тізбегіне кіргізу.
Сонымен қатар тараптар экология мен су ресурстарын орнықты басқару, туризм мен спорт, мәдениет пен білім салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. Климаттық бастамаларға, энергия тиімділігіне, декарбонизацияға, су ресурстары саласына заманауи инженерлік және цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ кәсіби және білім беру алмасуларын дамытуға ерекше назар аударылатын болады.
Үкіметаралық жұмыс тобының күн тәртібін практикалық тұрғыда жалғастырған сапардың іскерлік бағдарламасы болды. Итальяндық компаниялармен келіссөздердің басты тақырыбы – Қазақстан мен Италия бизнесінің практикалық өзара іс-қимылын кеңейту. Бұған қазақстандық өнімді ілгерілетуден және тікелей коммерциялық байланыс орнатудан бастап, инвестиция мен технология тартуға, бірлескен жобаларды іске асыруға дейінгі мәселелер кірді.
