Қазақстанда мемлекеттік сатып алу порталы 10 және 11 қазан күндері уақытша жұмыс істемейді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жоспарлы техникалық жұмыстарға байланысты өтінім қабылдау мерзімдері де өзгерді.
Мемлекеттік сатып алу порталының ресми хабарламасына сәйкес, профилактикалық жұмыстар 10 қазан күні сағат 09:00-де басталып, 11 қазан сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Осы аралықта портал пайдаланушыларға қолжетімсіз болады.
Техникалық үзіліске байланысты мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың өтінімдері мен баға ұсыныстарын қабылдау мерзімі ауыстырылды.
Атап айтқанда, 10 қазан күні сағат 09:00-ден 23:59-ға дейін аяқталуы тиіс өтінімдерді қабылдау мерзімі 12 қазан сағат 18:00-ге шегерілді. Ал 11 қазан күні сағат 00:00-ден 18:00-ге дейін аяқталатын өтінімдерді қабылдау мерзімі 13 қазан сағат 18:00-ге ауыстырылды.
Бұл өзгеріс мемлекеттік сатып алудың барлық тәсіліне қатысты.
Сонымен қатар аталған кезеңде Бірыңғай байланыс орталығының қызметтері де уақытша тоқтатылады. Телефон байланысы мен басқа да байланыс арналары жұмыс істемейді.
Портал әкімшілігі техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін қызметтер әдеттегі тәртіппен қайта іске қосылатынын хабарлады.
