Ресей әскері Украинадағы энергетикалық нысандармен қатар, көпірлер мен маңызды көлік инфрақұрылымына соққы беруді күшейтті.
Financial Times мәліметінше, соңғы бір аптада ресейлік реактивті дрондар Днепр өзені үстіндегі үш көпірге, соның ішінде Киевтегі Солтүстік және Оңтүстік көпірлерге шабуыл жасаған.
Салдарынан ондаған адам жарақат алып, көлік қозғалысы қиындаған. Кейбір бағыттарда қоғамдық көлік қатынасы тоқтатылған.
Басылым Ресейдің жаңа тактикасы ірі қалалар арасындағы көлік байланысын әлсіретіп, қыс қарсаңында Украина экономикасына қосымша қысым жасауға бағытталғанын жазады.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің азаматтық инфрақұрылымға шабуылдарын айыптады. Ал Кремль бейбіт нысандарды әдейі нысанаға алатынын жоққа шығарады.
