Наурыздың ортасында вице-премьер Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация мұнай өндірісі жүргізіліп жатқан өңірлерге арнайы барып қайтты. Мақсат – еліміздегі мұнай өндіруші және мұнай саласындағы қызмет көрсету компанияларына қатысты проблемалармен танысып, дағдарыс жағдайына қарай шешім қабылдау. Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, БҚО, Қызылорда облыстарын аралаған үкіметтік делегация мұнай-газ секторы өкілдерімен кездесіп, саладағы проблемалық мәселелерді талқылады.
«Әлемдегі экономикалық жағдайды қиындататын ең үлкен мәселе – мұнай бағасының төмендеуі. Оған қоса, коронавирус індеті экономикаға кері әсерін тигізді. ОПЕК+ мүшелерінің келіспеушілігі мұнай бағасының 30% төмендеуіне әкелді. Болашақта бір баррель үшін 20-40 доллар деңгейінде экономикалық дамудың сценарийі және бюджеттік параметрлердің есебі бар» деп атап өтті Ералы Тоғжанов мұнайшылармен жүздесуде.Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары мұнай-газ секторы өкілдеріне барлық әлеуметтік міндеттемелер уақытында орындалатынын, еңбек нарығында жұмыссыздықтың күрт өсуіне жол берілмейтінін айтып сендірді. Десе де әлемдік нарықтағы мұнай бағасының құлдырауы Қазақстан экономикасы үшін айтарлықтай әсері болары белгілі. Себебі бүгінде еліміздің мұнай саласында 2 мыңнан аса компанияда 200 мыңдай жұмысшы қызмет етеді. Соңғы жылдары саладан түсетін салықтың жыл сайынғы көлемі 500 млрд теңгеден асып отыр. Яғни, аталған саланың біздің ел үшін экономикалық тиімділігін шамалай беріңіз. Сарапшылардың болжауынша, мұнай нарығында жақын арада жағдай жақсара қоймайды. ОПЕК+ елдері арасындағы келісімдердің орындалмауынан нарықта артық мұнай көп, бұл жағдай бағаны әлі де тұқырта бермек. Үкіметтік делегациямен кездесуде жоғарыда аталған облыс әкімдерінің әлеуметтік еңбек жағдайы туралы есебі тыңдалды. Мұнай өндіруші өңірлер үшін саладағы тұрақтылық, жұмыс орындарының қысқармауы басты орында. Бір ғана Маңғыстаудағы мұнай өндіруші «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «Қаражамбасмұнай» және «Бозащы Оперейтинг ЛТД» компанияларында 20 мыңның үстінде жұмысшы еңбек етіп жатыр. Ал олардың отбасындағы жан санын қосқанда, орташа есеппен 80 мың адам сол айлыққа күн көріп отыр деген сөз. Облыс әкімі Серікбай Тұрымовтың айтуынша, 9 банкроттық кәсіпорында 127 қызметкерге 75,9 млн теңге жалақы қарызы жиналып қалған. Олардың қайтарымы банкроттық рәсімдер аясында жүзеге асырылады. Жалпы, өңірде екі мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, 2,5 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмекті алып отыр. Ал Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметіне сүйенсек, аймақтағы жұмыссыздық деңгейі – 4,8%. Атырау – Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 52%-ын беретіндіктен, облыстағы жұмыспен қамту деңгейі барынша бақылауда ұстауды қажет етеді. Қазіргі таңда «Теңізшевройл», «НКОК», «Қазмұнайгаз» және өзге де мұнай өндіруші кәсіпорындар мен мұнай сервистік компанияларында 95 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
«Әрине, бағаның күрт төмендеуіне байланысты мұнай нарығындағы жағдайды тұрақты деп айтуға болмайды, бірақ біздің мұнай өндіруші компанияларға қолдау көрсету үшін бізде барлық құралдар бар. Біз қазіргі жағдайға тұрақты мониторинг жүргіземіз, өндіру көлемі қысқартылған жоқ және олар бұрынғы режимде жүргізілуде», – деді Ә.Мағауов.Рас, қысқартудың салқыны мұнай-газ кәсіпорындары мен олардың тікелей мердігер компанияларына қатты тимегенімен, мұнай сервистік компанияларға әсер етуі әбден мүмкін. Проблема негізінен жобалау жұмыстарының толық аяқталуына және компаниялардың бюджетінің азаюына қатысты. Мәселен, биылғы жазда ТШО-да одан әрі кеңейту жобаларынан 5 мыңдай адам босап қалуы мүмкін деген дерек бар. Сондықтан жұмыс орындарын ұстап қалу үшін әрі әлеуметтік төлемдердің сақталуы үшін мұнайлы өңірлерде қажетті шаралар қабылдануы керек. Атап айтқанда, қолданыстағы және жаңа келісімшарттардың құнын қайта қарауға жол берілмегені жөн. Мысалы, 2015 жылы мұнай бағасы төмендеген кезде операторлар мұнай бағасын доллармен қабылдау кезінде келісімшарттардың құнын орташа алғанда теңгемен 20% төмендетіп, оңтайландыру жұмыстарын жүргізді. Мұндай сценарий жоғарыдағы сервистік компанияларды банкротқа ұшыратары анық. Сондай-ақ инфляцияның өсуін және ұлттық валютаны түзетуді ескере отырып, қолданыстағы шарттық келісімшарттарды индекстеуді қарастыру қажет. Себебі мердігер компаниялар шетелдік жабдықтарды доллармен сатып алатыны белгілі. Бұл тұрғыда мұнай-газ кәсіпорындары мен мұнай сервистік компаниялары арасындағы ұсынылатын қызметтер мен тауарларға ақы төлеудің ашықтығы мен орындалуын қадағалап отыру да орынды. Өйткені саладағы сервистік компаниялардың кейбірі 2015–2016 жылдары жер қойнауын пайдаланушылардың өз міндеттемелерін толық орындамағаннан банкротқа ұшырады. Сонымен бірге жаңа инвестициялық жобаларды, атап айтқанда Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасын жүзеге асыруды жеделдету қажет, мұнда инвестиция көлемі шамамен 4 миллиард долларды құрайды. Бұдан бөлек, Қазақстанның мұнай сервистік компанияларының экспорттық қызметіне де қолдау көрсету керек. Мысалы, қазіргі кезде 2 мыңнан аса қазақстандық маман Ресейде түрлі жобаға қатысып жатыр. Мұндай ауқымды шараларды қабылдау мұнай бағасы мен коронавирус пандемиясынан тұтас экономикамызға келетін шығындардың алдын алуға көмектеседі.
Бауыржан БАЗАР