Электр қуаты жеткілікті әрі тұрақты болмаса, өндірісті өркендету де, жаңа кәсіпорын ашу да, инвестиция тарту да қиын. Сондықтан бүгінде өңірлер үшін энергетикалық инфрақұрылымды дамыту – жай ғана техникалық міндет емес, стратегиялық мәселе. Бұл тұрғыдан алғанда, Абай облысында жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған жаңа бастамалардың мәні ерекше.
Жуырда облыс әкімі Берік Уәли China Energy Engineering Group Xinjiang Electric Power Design Institute Co., Ltd компаниясының бас директоры Ма Юн бастаған қытайлық инвесторлармен кездесті. Басқосуда өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыру, электр энергиясы тапшылығын азайту, инфрақұрылымды жетілдіру және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері сөз болды. Қытайлық компания Абай облысында бір емес, екі ірі жобаны іске асыруды ұсынып отыр. Біріншісі – Жарма ауданындағы Жаңғызтөбе кенті маңында қуаты 100-200 МВт жел электр станциясын салу. Екіншісі – Аягөз ауданының Ақтоғай ауылы аумағында күн электр станциясын тұрғызу. Бұл жобалардың екеуіне ортақ бір ерекшелік бар. Ол – өңірдің табиғи мүмкіндігін экономикалық ресурсқа айналдыру.
Энергия – экономиканың күретамыры
Абай облысының географиялық ерекшеліктері жаңартылатын энергетика үшін айтарлықтай мүмкіндік береді. Бір аумақта желдің әлеуеті басым болса, енді бір жерде күн сәулесін тиімді пайдалануға болады. Инвесторлардың дәл осы екі бағытқа назар аударуы да кездейсоқ емес. Жарма ауданындағы жел электр станциясы іске қосылса, өңірдің электр өндіру мүмкіндігі кеңейеді. Ал Ақтоғай аумағында күн электр станциясының салынуы энергия көздерін әртараптандыруға жол ашады. Әңгіме тек жаңа электр станциялары туралы емес. Мұндай жобалар энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттыруға, электр қуатын өндірудің жаңа моделін қалыптастыруға және болашақта энергия тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешуге ықпал етуі мүмкін.
Әсіресе өнеркәсіптік әлеуеті артып келе жатқан өңір үшін бұл маңызды. Өйткені жаңа өндіріс орындары пайда болған сайын электр энергиясына деген сұраныс та өседі. Демек, бүгін салынған энергетикалық нысан – ертеңгі экономикалық жобалардың инфрақұрылымдық негізі.
Бұл жерде бір қарапайым заңдылық бар: энергия бар жерде – өндіріс бар, өндіріс бар жерде – жұмыс бар, жұмыс бар жерде өңірдің әл-ауқаты артады.
Жаңартылатын энергетика жобаларының тағы бір маңызды қыры – олардың инвестициялық және технологиялық сипаты. China Energy Engineering Group Xinjiang Electric Power Design Institute Co., Ltd компаниясы энергетикалық жүйелерді жоспарлау, инженерлік консалтинг, жобалау, EPC моделі бойынша жобаларды іске асырумен айналысады. Компанияның құзыретіне жел және күн энергетикасы, энергия жинақтау жүйелері, электр желілері мен қосалқы станциялар саласындағы жобалар да кіреді.

Яғни инвесторлардың ұсынысы электр станциясын тұрғызумен ғана шектелмейді. Мұнда энергетикалық инфрақұрылымды кешенді дамыту мүмкіндігі қарастырылып отыр. Қазіргі заманғы энергетикада бұл аса маңызды. Өйткені жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артқан сайын электр энергиясын жинақтау, тасымалдау және жүйеге тұрақты қосу мәселелері де қатар шешілуі керек. Сондықтан Абай облысы үшін мұндай жобалар жаңа технологияларды тартудың, инженерлік тәжірибені дамытудың және энергетика саласындағы жергілікті кадрлардың біліктілігін арттырудың мүмкіндігі болмақ.
Тапшылықтың түйінін тарқату керек
Энергетикалық қуатты алдын ала қалыптастыру – көреген саясаттың белгісі. Абай облысының алдында да дәл осындай міндет тұр. Бір жағынан, экономикалық белсенділікті арттыру керек. Екінші жағынан, сол экономикалық өсімді қамтамасыз ететін энергетикалық базаны күшейту қажет. Жел мен күн электр станциялары осы міндеттің бір бөлігін шешуге мүмкіндік береді. Әрине, кез келген инвестициялық жобаның нақты тиімділігі техникалық-экономикалық есептеулерден, қажетті инфрақұрылымның дайын болуынан, экологиялық талаптардың сақталуынан және электр желісіне қосылу мүмкіндігінен кейін айқындалады. Бірақ бүгінгі ұсыныстың өзі өңірдің энергетикалық әлеуетіне деген инвестор қызығушылығының бар екенін аңғартады. Ал инвестиция – сенімнің бір көрсеткіші.
Энергетика саласындағы ірі жобалардың әсері электр энергиясын өндірумен ғана шектелмейді. Құрылыс кезеңінде жұмыс орындары ашылады. Жергілікті мердігерлер мен қызмет көрсетуші кәсіпорындарға сұраныс артады. Инженерлер, энергетиктер, техникалық мамандар қажет болады. Нысандар іске қосылғаннан кейін де тұрақты қызмет көрсететін мамандар керек.
Демек, жаңартылатын энергетика – жаңа кәсіптер мен жаңа құзыреттердің қалыптасуына ықпал ететін сала. Бұл әсіресе ауылдық елді мекендер үшін маңызды. Жаңғызтөбе мен Ақтоғай секілді аумақтарда ірі жобалардың жүзеге асуы жергілікті экономикалық белсенділікті арттырып, инфрақұрылымның дамуына серпін беруі мүмкін. Сондықтан инвестициялық жобаның тиімділігін тек миллиардтаған қаржы көлемімен емес, оның өңірге әкелетін технологиясымен, жұмыс орнымен және ұзақмерзімді экономикалық әсерімен өлшеген жөн.
Әлемдік энергетика бүгінде жаңа кезеңге аяқ басты. Климаттың өзгеруі, энергия ресурстарына сұраныстың өсуі және технологиялық жаңғыру елдерді жаңартылатын энергия көздерін дамытуға итермелеп отыр. Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалмайды. Абай облысының жел мен күн энергетикасына басымдық беруі – осы жаһандық үрдістің өңірлік деңгейдегі көрінісі. Ең бастысы, жасыл энергетиканы дамыту экономикалық өсімге кедергі емес, керісінше оның жаңа драйверіне айналуға тиіс. Бұл бағыттағы жобалар сәтті жүзеге асса, облыстың энергия өндіру әлеуеті артып, энергетикалық жүйенің тұрақтылығы күшейеді. Сонымен бірге өңірдің инвестициялық тартымдылығы да жоғарылай түспек.
Ал энергиясы тұрақты, өндірісі өркендеген, инвестициясы артқан өңірдің қуатты Қазақстанның берік тірегіне айналары сөзсіз.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы
