Қауіпсіздік туралы жаһандық диалог
Ауқымды форумға 120-ға жуық мемлекеттің делегациялары қатысты. Олардың қатарында құқық қорғау ведомстволары мен әділет министрліктерінің 40-қа жуық басшысы, халықаралық ұйымдардың, азаматтық сектордың және жетекші технологиялық алпауыт компаниялардың өкілдері болды. Қатысушылардың жалпы саны 9 мың адамға жетіп, Конгресс аясында 200-ден астам қатар өткізілген іс-шара мен жаңа цифрлық шешімдердің таныстырылымдары ұйымдастырылды.
Бұл оқиғаның маңызын асыра бағалау мүмкін емес. БҰҰ конгрестері бес жылда бір рет өткізіледі және 1955 жылдан бері қылмыстылықтың алдын алу саясатын талқылауға, қылмыстық сот төрелігі саласында ортақ келісім қалыптастыруға және құқық үстемдігін нығайтуға арналған басты жаһандық алаң қызметін атқарып келеді. Биылғы іс-шараның ашылуында атап өтілгендей, бұл – мемлекеттерді, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарды, сондай-ақ сарапшыларды біріктіретін алаң.
15-ші конгресс «Қылмыстың алдын алуды, қылмыстық сот төрелігін және құқық үстемдігін жеделдету: адамдар мен планетаны қорғау және цифрлық дәуірде Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу» атты жаһандық міндет аясында өтті. Тақырыптың тұжырымдалуының өзі көп нәрсені аңғартады. Мұнда цифрлық дәуір қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл тәсілдерін түбегейлі өзгертуді талап ететін, қылмыстық қатерлердің барлық саласын қамтитын дербес фактор ретінде қарастырылған.
Тарихи тұрғыдан алғанда, сот төрелігінің дәстүрлі моделі қылмыс жасалғаннан кейін әрекет етуге, яғни оны анықтауға, тергеп-тексеруге және кінәлі адамды жазалауға бағдарланған болатын. Ал қазіргі жағдай мүлдем басқа – превентивтік тәсілді талап етеді. Құқықбұзушылық жасалғанға дейін криминогендік факторлар мен тәуекелдерді анықтау, профилактиканың әлеуметтік және құқықтық институттарын жетілдіру, сондай-ақ болжамды технологияларды пайдалану қажет.
Осылайша, бүгінде мемлекеттің қылмыстық-құқықтық саясаты туралы ғана емес, қылмыстылықтың себептерін, жағдайлары мен факторларын зерделеуге негізделген кешенді алдын алу жүйесі – криминологиялық саясат туралы да жиі айтуға тура келеді.
Әбу-Дабидегі конгрестің айрықша ерекшеліктерінің бірі қалыптасқан кәсіби қауымдастық шеңберінен шығуға ұмтылыс болды. Негізгі іс-шара қарсаңында әртүрлі елдің жас өкілдері қатысқан Young Voices for Justice жастар форумы өтті. Олардың ұсынымдары қорытынды декларацияны әзірлеу процесіне енгізілді. Мұндай тәжірибе осындай құжаттарды дайындау тарихында алғаш рет қолданылды.
Бұл қадам толықтай заңды. Тиімді профилактика қылмыстық-құқықтық қақтығыс туындағанға дейін басталады. Ол білім берумен, әлеуметтік ортаның сапасымен, жастардың өзін-өзі дамыту және әлеуетін іске асыру мүмкіндіктерімен, сондай-ақ құқықтық мәдениеттің жалпы деңгейімен тығыз байланысты. Сондықтан қазіргі кезеңде құқықбұзушылықтардың алдын алу тек полицияның, прокуратураның немесе соттың ғана құзырындағы міндет болудан қалып, бүкіл мемлекет пен азаматтық қоғамның ортақ іргелі міндетіне айналуда.
Қазақстанның Конгреске қатысуы
Қазақстан БҰҰ-ның 15-ші конгресінде белсенді ұстаным танытты. Еліміздің бұл іс-шараға қатысуы отандық құқықтық жүйені жаңғырту тұрғысынан ерекше маңызды. Өйткені бүгінде жаһандық күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың барлығы дерлік – трансұлттық қылмысқа, ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестен бастап, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау, қылмыстық процесті цифрландыру және киберқылмыстылыққа қарсы іс-қимылда заманауи технологияларды қолдануға дейінгі мәселелер еліміз үшін өзекті болып отыр.
Қазақстандық делегация құрамында Бас прокуратураның, Қаржылық мониторинг агенттігінің және Сыртқы істер министрлігінің өкілдері болды.
Жоғары деңгейдегі пленарлық отырыста Бас Прокурор Берік Асылов бейнеүндеу форматында халықаралық қауымдастыққа «Заң мен Тәртіп» іргелі қағидатына негізделген құқықтық тәртіпті қорғаудың кешенді моделін таныстырды.
Қазақстанның негізгі ұстанымы әлемдік үрдіспен үндес болды: қазіргі заманғы қауіпсіздікті тек күш қолдану әдістерімен қамтамасыз ету мүмкін емес. Басты назар жазалаудан жан-жақты профилактикаға ауысуда. Бұл тәсілдің негізінде саламатты әлеуметтік экожүйе құру, қоғамда кез келген құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру, волонтерлік қозғалыстарды дамыту және жауапты патриотизмді тәрбиелеу жатыр.
Конгрестің бейіндік сессиялары барысында қазақстандық сарапшылар қылмыстылыққа қарсы күрестің дәстүрлі әдістері біртіндеп болжамды технологияларға орын беріп жатқанын нақты көрсетті. Есірткі бизнесі мен интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылда үлкен деректерді терең талдауға, тәуекелдерді болжауға және жедел цифрлық мониторинг жүргізуге ерекше назар аударылды.
Орталық Азия өңірі үшін Қазақстан, Өзбекстан, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы және Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы бірлесіп ұйымдастырған қосымша іс-шара маңызды оқиға болды. Бұл алаңда серіктестер жасанды интеллект пен есірткі қатерлері туралы ерте хабарлау жүйелерін пайдалана отырып, халықаралық өзара іс-қимылға арналған озық IT-шешімдерді таныстырды. Қатысушылар өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибемен жедел алмасуға және өзара құқықтық көмек көрсетуге дайын екендерін білдірді.
Әбу-Даби декларациясы
БҰҰ-ның Қылмыстылықтың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі 15-ші конгресінің басты нәтижесі Әбу-Даби декларациясының бірауыздан қабылдануы болды. Бұл стратегиялық құжат 2031 жылға дейінгі кезеңге арналған халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағдарларын айқындайды және қылмыстық сот төрелігін реформалау, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау, сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелерінен бастап сыбайлас жемқорлыққа, терроризмге, адам саудасына, заңсыз қаржы ағындарына және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстылыққа қарсы ымырасыз күреске дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтиды.
Декларация жауап беруге бағытталған басты сын-қатер – қылмыстық әлемнің бұрын-соңды болмаған деңгейде цифрлануы. Халықаралық құқық дәстүрлі қатерлерге бейімделіп жатқан кезеңде қылмыстылық шекарадан тыс әрекет ететін жоғары технологиялық экожүйелерге айналды.
Қазіргі қылмыстық топтар жасанды интеллектіні, цифрлық платформаларды, криптовалюталарды, заманауи байланыс құралдарын және трансшекаралық электрондық сервистерді белсенді пайдаланады. Цифрландыру ауқымды онлайн-алаяқтық пен кибершабуылдардан бастап адам саудасы мен қылмыстық кірістерді заңдастыру мақсатында жоғары технологияларды қолдануға дейінгі жаңа қатерлерді туындатып отыр.
Форум аясында қылмыстық нарықтың коммерциялануын сипаттайтын crime as a service («қылмыс қызмет ретінде») тұжырымдамасы кеңінен талқыланды. Бұл модельде техникалық тұрғыдан күрделі зиянды құралдар мен заңды IT-сервистер құқыққа қайшы әрекеттер жасау үшін жалға беріледі. Сондықтан құжаттың негізгі тақырыбы киберқылмыстылыққа қарсы күрес болды. Халықаралық алаяқтық желілерін жою және бүкіл әлем бойынша заңсыз колл-орталықтардың қызметін үйлестірілген түрде тоқтату басым міндет ретінде жарияланды. Осылайша, декларация БҰҰ-ның Киберқылмыстылыққа қарсы жаңа конвенциясын іске асырудың практикалық жол картасына айналды.
2021 жылғы Киото декларациясынан айырмашылығы, жаңа құжат құқықтық жүйелерді цифрландыруға түбегейлі бетбұрыс жасайды. Декларация мемлекеттік органдардың криминогендік тәуекелдерді болжау және соттардың жұмысын жеделдету үшін жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау мүмкіндіктерін пайдалануын ынталандыру арқылы маңызды қадам жасады.
Сонымен бірге қатаң «гуманитарлық сақтандыру тетігі» де ескерілген. Декларация мемлекеттерге жасанды интеллектіні адамның қатаң бақылауында ұстауды, алгоритмдердің ашықтығын қамтамасыз етуді, біржақтылыққа жол бермеуді және азаматтардың дербес деректерін толық қорғауды тікелей міндеттейді. Технологиялар адам жүзеге асыратын сот төрелігін алмастыратын құрал емес, тек көмекші құрал ретінде танылды.
Сонымен қатар құжат адамның құқықтық қорғалуы мен экологиялық қауіпсіздіктің қазіргі кезде технологиялармен тығыз байланысты екенін атап көрсетеді. Декларация осындай жоғары деңгейде алғаш рет әйелдер мен балаларды киберқатерлерден қорғауға басымдық бере отырып, осал топтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін реттейді. Бұдан бөлек, қоршаған ортаны қылмыстық-құқықтық қорғауды күшейтуді және табиғи ресурстарды заңсыз өндіруге қатаң қарсы іс-қимыл жасауды талап ететін экологиялық сот төрелігінің қағидаттарын бекітеді.
Құжаттың ең басты ерекшелігі – қауіпсіздікті, сот төрелігін, адам құқықтарын және орнықты дамуды өзара ұштастыруға ұмтылуы. Конгрестің ашылуында қылмыстылыққа қарсы күрес тек қауіпсіздік мәселесімен шектелмейтіні бірнеше рет атап өтілді. Бұл процесс адам қадір-қасиетін қорғаумен, әлеуметтік интеграциямен, орнықты дамумен және бейбіт, әділ әрі тиімді институттарды қалыптастыруға бағытталған БҰҰ-ның №16 Тұрақты даму мақсатына қол жеткізумен тікелей байланысты.
Әбу-Даби декларациясының бұрынғы құжаттардан басты айырмашылығы – оны іске асырудың нақты тетігінің болуы. Конгресте Pledge4Justice («Әділет жолындағы міндеттеме») атты жаһандық бастама іске қосылды. Оның аясында мемлекеттер мен үкіметаралық ұйымдар декларацияны іс жүзінде жүзеге асыру бойынша өлшенетін нақты міндеттемелер қабылдайды. 60-тан астам ел үш негізгі бағыт бойынша өз жоспарларын бекітті. Олар: технологиялар мен киберқауіпсіздік, халықаралық ынтымақтастық және ұйымдасқан қылмыстылыққа қарсы күрес, сондай-ақ инклюзивті сот төрелігі.
Осы тұрғыда Қазақстан құқық үстемдігі қағидаттарына адалдығын тағы бір мәрте растап, аталған бастамаға ресми түрде қосылды. Конгрестің пленарлық отырысында Бас Прокурордың орынбасары Асхат Жұмағали еліміздің қазіргі заманның аса қауіпті екі қатеріне – киберқылмыстылық пен адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі нақты міндеттемелерін жариялады.
Жалпы, Әбу-Даби декларациясы әлемдік қауымдастықтың жаһандық ниеттерді нақты іс-қимылдар мен қаржылық міндеттемелерге айналдыра отырып, заман сын-қатерлеріне жедел жауап бере алатынын дәлелдеді.
Халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мәнге ие болуы
Конгрестің тағы бір маңызды қорытындысы қазіргі қылмыстылыққа тиімді қарсы іс-қимыл жасаудың бір мемлекеттің ұлттық юрисдикциясы шеңберінде мүмкін еместігі. Трансұлттық қылмыстылық, киберқылмыстылық және көлеңкелі қаржы ағындары мемлекеттік шекараларды трансшекаралық қозғалысты қамтамасыз ету және жауаптылықтан жалтару құралы ретінде пайдаланады.
Бұған лайықты жауап тек жан-жақты халықаралық ынтымақтастық бола алады. Атап айтқанда, деректермен жедел алмасу, өзара құқықтық көмек көрсету, қылмыс жасаған адамдарды ұстап беру, бірлескен тергеп-тексерулер жүргізу, қылмыстық активтерді іздестіру және қайтару, құқық қорғау және сот органдарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету қажет.
Осы тұрғыда форум аясында қазақстандық делегация өткізген екіжақты кездесулер ерекше практикалық қызығушылық тудырады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Асхат Жұмағали БАӘ Бас прокуроры доктор Хамад Саиф Әл-Шамсимен келіссөздер жүргізді. Тараптар трансшекаралық істер бойынша үйлестіру тетіктерін кеңейту және ведомствоаралық байланыстарды нығайту мәселелерін нақты талқылады.
БАӘ Әділет министрі Абдулла Сұлтан бин Ауад әл-Нуаймимен екіжақты қылмыстық-құқықтық ынтымақтастықты күшейту перспективалары қаралды. Елдеріміз арасындағы әріптестік экстрадиция, құқықтық көмек көрсету және сотталған адамдарды беру туралы келісімдерді қамтитын берік шарттық негізге сүйенеді. Кездесу барысында тараптар Ұстап беру туралы шартқа қосымша хаттамаға қол қою мүмкіндіктерін талқылады.
Араб тарапымен жүргізілген келіссөздердің басты практикалық нәтижесі ауыр қылмыстар жасады деген күдікке ілінген үш азаматты Қазақстанға кідіріссіз экстрадициялау туралы сындарлы уағдаластыққа қол жеткізу болды. Еліміз үшін мұндай байланыстар жалпы саяси декларациялардан нақты өзара іс-қимыл тетіктеріне көшуді көрсетеді.
Жаһандық бастамаларды практикалық іске асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының басшылығымен өткізілген жұмыс кездесулері болды. БҰҰ ЕҚБ-ның өңірлік өкілі Оливер Штольпемен келіссөздер барысында делегаттар Қазақстан Pledge4Justice платформасы аясында іске асыруды жоспарлап отырған нақты жобаларды талқылады.
Тараптар ағымдағы жылдың қараша айында Қазақстанда өткізу жоспарланған киберқылмыстылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ауқымды халықаралық конференцияға дайындық мәселесіне ерекше назар аударды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазіргі цифрлық қатерлерге жалғыз қарсы тұру мүмкін емес деген ортақ қорытындыға келіп, Орталық Азия өңіріндегі барлық елдің прокуратура органдары мен ішкі істер министрліктері арасындағы іс-қимылды үйлестіру мүмкіндіктерін қарастырды.
Әбу-Даби және Қазақстанның криминологиялық саясатының болашағы
Қазақстан үшін 15-ші конгрестің шешімдері халықаралық ұсынымдар ретінде ғана маңызды емес, сонымен қатар қылмыстық қатерлерге қарсы іс-қимылдың ұлттық стратегиясына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Бүгінде тек қылмыстық заңнаманы тұрақты жетілдірудің өзі жеткіліксіз екені айқын.
Сонымен қатар құқықбұзушылықтардың алдын алу экожүйесін дамыту, олардың түпкі себептерін жан-жақты зерделеу, профилактиканың тиімділігін бағалау, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту және озық технологияларды белсенді енгізу қажет.
Мәселе мемлекеттің біртұтас криминологиялық саясатын жүйелі түрде қалыптастыру туралы болып отыр. Жаһандық үрдіс қылмыстылықты дәстүрлі күш қолдану әдістерімен тежеуден тәуекелдердің алдын алуға бағытталған кешенді тәсілге көшуді айқын көрсетеді. Қазақстан үшін бұл бағыт заң мен тәртіптің конституциялық қағидатымен, сондай-ақ жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі міндетпен толық үндеседі.
Бұл тәсіл жаңа жоғары технологиялық қатерлер дәстүрлі институционалдық тетіктер оларға жауап беріп үлгергеннен жылдамырақ пайда болатын цифрлық дәуірде ерекше маңызды мәнге ие. Сондықтан қазақстандық құқықтық саясатты дамытудың қисынды қадамы тиімділікті бағалауды ескере отырып, криминологиялық болжау мен превентивтік профилактиканың біртұтас жүйесін құру болуға тиіс.
Әбу-Дабидегі конгресс қылмыстылық жөніндегі халықаралық пікірталастың дәстүрлі қылмыстық құқық шеңберінен біржола шыққанын айқын көрсетті. Әлемдік қауымдастықтың басты назарында қылмыстылықтың алдын алу, қылмыстық мінез-құлықтың себептері мен факторлары, трансұлттық қатерлер, цифрлық трансформация, жасанды интеллект, адам құқықтарын қорғау және сот төрелігі институттарының сапасы мәселелері болды. Әбу-Даби декларациясы осы бағдарларды дамудың маңызды бағыттары ретінде бекітті.
Осылайша, Әбу-Даби-2026 форумының басты қорытындысы айқын әрі бұлжымас сипатқа ие. Тиімді құқықтық саясат жасалған әрекет үшін жазалаудан емес (дегенмен жазаның бұлтартпастығы өзгермейтін қағидат болып қала береді), сол қылмыстың жасалуына мүмкіндік беретін жағдайларды жоюдан басталуға тиіс.
Дәл осы тұрғыдан алғанда, криминологиялық саясат мемлекеттің қазіргі заманғы құқықтық саясатының аса маңызды құрамдас бөлігіне айналады. Қабылданған Декларация мұндай түсінікті қалыптастыруға елеулі халықаралық негіз береді және сонымен бірге ұлттық құқықтық жүйелердің алдына негізінен қылмыс жасалғаннан кейін әрекет етуге бағытталған модельден ғылыми негізделген, заманауи әрі қылмыстылықтың алдын алуға бағдарланған превентивтік саясатқа көшуге қаншалықты дайын екендігі туралы мәселені қояды.
Асхат ЖҰМАҒАЛИ,
Қазақстан Республикасы Бас
Прокурорының орынбасары,
Игорь РОГОВ,
Қазақстан криминологиялық
қауымдастығының құрметті президенті,
заң ғылымдарының докторы, профессор
