Қоғамда энергияға деген сұраныс артқан сайын оның тұрақты әрі се­­­німді көзін қалыптастыру мәселесі де өткірлене түседі. Бұл бағытта Қызылорда облысы дәстүрлі қуат көздерімен қатар табиғи әлеует­ті тиімді пайдалануға көшіп отыр. Соның ішінде күн қуаты өңірдің энер­гетикалық дамуындағы маңызды бағыттардың біріне айналып келеді.
Күн сәулесі – Сырдағы сарқылмайтын ресурс
110
оқылды

Сыр өңірі күн сәулесі мол түсетін ай­мақ саналады. Бұл мүмкіндік бұған дейін тек ауыл шаруашылығы саласына ықпалы жоғары климаттық артықшылық ретінде қарастырылып келсе, бүгінде нақты энергетикалық ресурсқа айналып отыр. Мұны жасыл энергетикаға жасалған алғашқы қадам деп бағалауға әбден болады.

Қызылорда облыстық энергетика, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қармасының мәлімдеуінше, бүгінде өңір­де жалпы қуаты 148 МВт болатын 5 ірі күн электр станциясы тұрақты жұмыс іс­теп тұр. Мұны Сыр өңірінің электр энер­гетикасын әртараптандыруға бағытталған қосымша қуат көзі деп бағалауға болады. Яғни бұл көрсеткіш күн сәулесінен электр өндіру арқылы дәстүрлі энергия көздеріне түсетін жүктемені азайтуға, электрмен қамту тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік артқанын аңғартады.

Алдағы уақытта облыс аумағында жал­пы қуаты 184 МВт болатын тағы 5 күн электр станциясын салу жоспарланып отыр. Егер бұл жобалар толық жүзеге асса, өңірдің жаңартылатын энергия көздері есе­бінен өндірілетін электр қуаты айтар­лық­тай артпақ. 

«Қызылорда облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту – энергетикалық әлеуетті арттырудың маңызды ба­ғыттарының біріне айналып тұр. Қазір өңір­де жалпы қуаты 148 МВт болатын 5 ірі күн электр станциясы тұрақты жұмыс істейді. Бұл облыстың «жасыл энергетикаға» көшу бағытындағы нақты нәтиже­лері­нің бірі деп бағаласақ болады. Алдағы кезеңде қуаттылығы 184 МВт болатын тағы 5 күн электр станциясын салу жос­пар­лануда. Сондықтан Қызылорда облысында «жасыл энергетиканы» дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса береді. Осы арқылы өңірдің табиғи мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту және тұрақты энергия көздерінің үлесін арттыру көзделуде», – дейді бұл жөнінде басқарманың Электр энергетикасын дамыту және энер­гия тиімділігін арттыру бөлімінің бас­­шысы Асқар Тлеужан.

Жалпы, аймақта жаңа электр станция­ларының санын арттыру арқылы энергия тапшылығын азайтып, өңірдің энергетикалық тұрақтылығын күшейтуге басымдық жоғары. Өйткені облыста өндіріс, құрылыс, кәсіпкерлік пен әлеуметтік нысандар көбейген сайын электр энергия­сына деген қажеттілік те арта түскені жа­сырын емес. Сондықтан жаңа энергия көздерін қалыптастыру жоспары уақыт талабынан туындап тұрған негізгі мәселе саналады. 

Бұл тұрғыда облыста бүгінде жұмыс іс­теп тұрған бес күн электр станциясы өңір­дің энергетикалық жүйесіне өз үлесін қо­сып отыр деп айтуға толық негіз бар. Яғни күн энергетикасы Қызылорда өңірі­нің энергетикалық әлеуетін арттырудың нақты тетігіне айналып келеді.

Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерінің қоғам үшін экологиялық маңы­зы да зор. Бұл ретте күннен өндіріле­тін электр энергиясының қоршаған ортаға зардабы аз деп бағаланады. 

Негізінен, аймақта электр энергетикасын әртараптандыру бағытында жаңа жұ­мыс орындарын ашуға мүмкіндікті кеңейте бастағанын да айта кету керек. Оның ішінде жаңа жобалардың іске қосылуы энергетика саласына қажетті ма­ман­дарға сұранысты арттыра түскен. 

«Жаңартылатын энергия көздері нысандарының көбеюі өңірдегі жұмыспен қамтуға да оң әсерін тигізіп отыр. Қазір жұмыс істеп тұрған күн электр станцияларында 50 адам тұрақты еңбек етуде. Бұл бірінші кезекте жаңа энергетикалық нысандардың тек электр қуатын өндірумен шектелмей, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындарын қалып­тас­тыратынын көрсетеді. Осы орайда алдағы кезеңде жоспарланған жаңа жобалардың іске қосылуы да техникалық мамандарға, энергетиктерге, инженерлерге және басқа да қызмет көрсету саласының мамандарына деген сұранысты арттырарына зор сеніммен қараймыз. Сонымен бірге нысандардың құрылысы кезеңінде қосымша жұмыс орындары ашылып, жергілікті кәсіпкерлік пен сервистік қыз­меттердің дамуына мүмкіндік береді деп күтілуде. Сондықтан жасыл энергетиканы дамыту – бір жағынан энергетикалық әлеуетті арттырса, екінші жағынан өңір­дің еңбек нарығына жаңа мүмкіндіктер әкелетін маңызды бағыт ретінде жоғары мәнге ие», – дейді  бөлім басшысы Асқар Бекболатұлы.

Бір сөзбен айтқанда, күн электр стан­ция­­ларын көбейту жоспары алдымен электр өндірісінің ауқымын кеңейтсе, екін­шіден,  инвестиция, технология, ма­ман тарту және жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. 

Осы орайда аймақта жел және су көздерінен жаңартылған энергия қуатын өн­діруге не кедергі деген сұрақтың туындауы да заңдылық. 

Қазір Қызылорда облысында жаңартылатын энергия көздерін дамытуда тек күн энергетикасына басымдық беріліп отыр. Бұған ең алдымен өңірдің таби­ғи-климаттық ерекшелігі басты себеп,  яғни аймақта күн сәулесі мол түседі. Сондық­тан бұл күн электр станцияларын пайдалануға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр екен. 

Ал жел және су энергетикасын дамыту мәселесіне келсек, жел энергетикасы бойын­ша электр станциясын салу үшін жел­дің жылдамдығы мен тұрақтылығы, электр желісіне қосылу мүмкіндігі және жо­баның экономикалық тиімділігі алдын ала жан-жақты зерттелуі қажет деп есеп­тей­ді мамандар. Сол сияқты су энергетикасын пай­далану бағытында да өзіндік қиындықтар жоқ емес. Бұл тұрғыда кейінгі жылдары Сырдариядағы су тапшы­лығы мүмкіндікті шектеп, аз суды ең алдымен ауыл шаруа­шылығына бағыттауға мәжбүрлеп тұр. 

Сондықтан қазіргідей қуаңшылық қыс­паққа алған кезеңде өңір үшін  күн энер­гетикасы анағұрлым тиімді бағыт ретінде қарастырылып отыр. Дегенмен бұл жел немесе су энергетикасын дамыту мүмкіндігі жоқ дегенді білдірмейді. Болашақта тиісті зерттеулер жүргізіліп, техникалық және экономикалық тұрғыдан тиімді жобалар анықталса, жаңартылатын энергияның осы бағыттарын да дамытуға мүмкіндік артатынына сеніммен қараймыз дейді басқарма өкілдері. 

Қалай дегенде де, күннен қуат өндіруді мықтап қолға алған Сыр өңірінің алда­ғы жоспарлары ауқымды. Ендігі кезекте табиғи мүмкіндікті нақты экономикалық қуатқа айналдырып, жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін толық пайдалануды көздеген. Бұл бірінші кезекте өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, жаңа инвестиция мен жұмыс орындарына жол ашатын маңызды бағыт ретінде қарастырылып отыр. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы