Алматыда мұз айдынының жұлдыздарын бір алаңда тоғыстырған VIII Denis Ten Memorial Challenge турнирі мәресіне жетті.
Мұз үстіндегі мәнер
116
оқылды

Әлемдік додада дүниежүзінің 25-тен астам елінен келген 150-ге жуық мәнерлеп сырғанаушы бақ сынады. Ерекше атап өтерлік жайт, биыл мұз үстіндегі бәсеке 2026/27 жылғы маусымдағы ISU Challenger Series күнтізбесіне енген. Бұл жарыстағы нәтижелер спортшылардың ISU әлемдік рейтингінде есепке алынады деген сөз. 

Сонымен әлемнің кіл мықтыларын жинаған тартыста еліміз олжасыз қалған жоқ. Әйелдер арасындағы жекелей сырғанауда қазақстандық Софья Самоделкина қола медаль жеңіп алды. Спортшымыз қысқа бағдарламада қос аксель мен үштік флипті сәтті орындағанымен, лутц секіруінде қателік жіберді. Еркін бағдарламада да бұл элемент ойдағыдай шыға қоймады. Дегенмен қайсар мінез танытқан Софья үштік флип пен үштік тулуптан тұратын каскадты, сондай-ақ жеке үштік лутц пен үштік риттбергерді қатесіз орындап шықты. Нәтижесінде, жалпы саны 204,36 ұпаймен турнирдің үшінші сатысына жайғасты.

– Әрине, бұл турнирде көрерменнің қолдауы ерекше болды. Олардың қошеметі кей сәтте музыканың үнін басып кетті. Еркін бағдарламамды бастаған кезде жанкүйерлердің қатты айқайлап, қолдау білдіргені соншалық, алғашқы музыкалық екпінді естімей қаламын ба деп ойладым. Мұндай ықыластың мәнерлеп сырғанаушылар үшін маңызы зор. Көрерменге менің мұз үстіндегі өнерім мен бағдарламаларды орындау мәнерім ұнайтын сияқты. Мұны сезіну маған да ерекше қуаныш сыйлайды. Алда мені жаңа жарысқа дайындық күтіп тұр. Ертең АҚШ-қа ұшамын. Алғашқы Гран-при кезеңіне дейін екі жарым апта уақытым бар. Сол уақытты барынша тиімді пайдаланып, жаттығуға кірісемін, – деді Софья Самоделкина.

Әйелдер арасындағы жекелей сырғанауда алтын жүлдені 226,01 ұпай жинаған Александра Игнатова иеленсе, күміс медаль 209,20 ұпай алған Оңтүстік Корея өкілі Ким Юджэнің еншісіне бұйырды. 2022 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Александра Игнатова еркін бағдарламада күрделі төрт айналымды секірулерге басымдық берді. Спортшы төрт айналымды лутцты қондыру кезінде аздаған қателікке жол берсе де, одан кейінгі элементтерді сенімді орындап шықты. Үштік риттбергер мен үштік сальховты, үштік лутц – үштік тулуп каскадын және үш секіруден құралған күрделі комбинацияны сәтті орындаған Игнатова тағы бір мәрте өзінің техникалық шеберлігін танытты.

– Көрерменнің қолдауы керемет болды. Атмосферасы да ерекше әсер қалдырды. Тіпті жаттығу кезінде-ақ жанкүйерлердің ықыласына таңғалдым. Олар сол кезде де қолдарына плакат ұстап, бізге қолдау білдіріп жатты. Ал мұз айдынына қыздыру жаттығуларына шыққанда, трибуналардан естілген қошемет күшейді. Қай елде өнер көрсетсем де, жанкүйерлердің осындай ықыласына бөлену мен үшін үлкен қуаныш. Қолдауларыңыз үшін барлығыңызға көп рақмет! – деді Александра Игнатова. 

Ал ерлер арасындағы жекелей сырғанауда ел намысын қорғаған Диас Жиренбаев еркін бағдарламада жетінші орыннан тоғызыншы орынға сырғыды. Екі бағдарламаның қорытындысы бойынша спортшымыз 186,27 ұпайға ие болды.

Турнирде бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен Владислав Дикиджи 312,79 ұпаймен алтын жүлдеге қол жеткізсе, күміс және қола медальдарды оның отандастары Глеб Лутфуллин (277,23 ұпай) мен Пётр Гуменник (261,76 ұпай) еншіледі.

Сонымен төрт күнге созылған мұз айдынындағы тартыс арнайы әзірленген  гала-шоумен түйінделді. Бағдарламаға турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлер, Денис Тен академиясының тәрбиеленушілері қатысты. Кештің ерекше қонақтарының бірі – Денис Теннің көптен бергі досы, атақты мұз акробаты Мари-Пьер Лере. Франция чемпионы спорттық мансабын аяқтағаннан кейін әуедегі акробатиканы меңгерген. Ол – мұз айдынының үстінде, бірнеше метр биіктікте күрделі элементтерді ешқандай сақтандырусыз орындайтын санаулы өнерпаздардың бірі. Мари-Пьер Лере мен халықаралық жобалардың финалисі, «Моананың» орыс тіліндегі нұсқасының вокалдық партияларын орындаған Санат Асуат қазақ тілінде бірлескен нөмір ұсынды.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы