Жыл басталғалы елімізде бензин бағасы шарықтап кетті. Globalpetrolprices.com сайтында Қазақстандағы жанармайдың бір литрі 174 теңге тұрады деп жазылған. Бүгінде АИ-92 маркалы бензин «ҚазМұнайГаз» бекеттерінде – 154, «Газпромнефть» бекеттерінде – 152, Sinooil бекеттерінде 150 теңгеден сатылып жатыр. 2019 жылдың соңында бензин акцизі мөлшерлемесін өзгерту туралы Үкімет қаулысы жарияланды. Биыл күшіне енген құжат бойынша акциз құны тоннасына 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге дейін көтерілген. Бензин бағасының шарықтауын шенділер осы акциздің өскенінен көреді. Акциз дегеніміз не? Акциз дегеніміз – адам денсаулығына зиян келтіретін мекемелер мен компанияларға салынатын салықтың бір түрі. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда жанар-жағармай қоры жеткілікті. Мәселен, қаңтар айында 415,7 мың тонна бензин өндірілген. Атырау, Шымкент, Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттары еш кедергісіз, штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ендеше бензин неге қымбаттады? Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың пікірінше, оның себебін әлеуметтік саладағы қажеттіліктен іздеген дұрыс. – 2020 жылы әлеуметтік саладағы шығындар артады. Аталған бағытқа республикалық бюджеттен 6 триллион теңге бөлу қарастырылған. 2019 жылы бұл салаға 5,3 триллион теңге жұмсалған еді. «Педагог мәртебесін көтеру туралы» заң қабылданды, төрт жыл бойына ұстаздар жалақысын екі рет көтеру керек. Сондай-ақ балабақша тәрбиешілері мен колледж мұғалімдерінің де жалақысы жоғарылайды. 2020 жылы бұл өсім 25 пайызды құрайды. Мұның бәрі қосымша ақшаны қажет етеді. Сонымен қатар біз микро және шағын бизнес субъектілерін табыс салығынан үш жылға босату арқылы да кірістерімізді азайттық, – деген еді министр. Жалпы, министрдің сөзінің жаны бар. Ел Үкіметі әлеуметтік салаға жыл сайын триллиондаған ақша бөледі. Бұл жерде «триллион» сөзінің мағынасына ерекше бойлаған жөн. 1 триллион дегеніміз – миллиардты мыңға көбейткенде шығатын сан. Бұл – шын мәнінде орасан сома. Яғни, министрдің уәжіне сүйенсек, мемлекет бензинді қымбаттату арқылы әлеуметтік саланың жыртығын жамауды көздейді. Былайша айтқанда, халықты халық асырауы керек деген логика. Сондай-ақ Әлихан Смайылов «бензин бағасының өскені инфляцияға әсер етпейді» деп сендіруге тырысады. Алайда Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов ақпан айында мүлде басқаша сөйлеген. – Азық-түліктік емес жылдық инфляция 5,2% құрады. Өткен айда 5% еді. Бұл акциздердің артуына байланысты бензиннің қымбаттауы есебінен болды. Көлік қызметтері және электр қуаты бағасының өсімі ақылы қызметтер инфляциясының ұлғаюына ықпал етті, – деген-ді банкир. Бір-біріне қарама-қайшы екі ақпараттың қайсысына сенесіз, оны патша көңіліңіз білсін. Бензиннің күрт қымбаттауына тағы бір себеп – мұнай өнімдерін Ресейге жаппай тасымалдау. Шенеуніктердің ойынша, бұл қымбатшылыққа да шүкір деуге тиіс екенбіз. Өйткені Ресейде бензиннің орташа бағасы 260 теңгені төңіректейді. Бірақ экономист Мақсат Халық жанармайдың қымбаттауы жақсы құбылыс емес деп санайды. – Осы орайда ескеретін нәрселер бар. Энергетика министрлігі жаңа жылдың алдында бензин қымбатшылығы болатынын жариялады. Себебі оны әрі қарай ұстап отырудың мағынасы жоқ. Ондай жағдайда Қазақстанның бензиніне деген сұраныс артып кетіп, ол Ресейге өтіп кетуі мүмкін деген жорамал болды. Қазір Ресейдегі жанармай бағасы біздегіден әлдеқайда қымбат. Ал біздегі бензин жаппай Ресейге кететін болса, онда Қазақстанда бензин тапшылығы орнап, әлеуметтік қиындық туындауы ықтимал. Есте болса, осындай жағдай 3-4 жыл бұрын орын алып, жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезекке ұрындырған, – дейді сарапшы. Бензиннің қымбаттауы өзге өнімдерге, оның ішінде азық-түлік қымбатшылығына да әкеп соғатыны ешкімге жасырын емес. Бірінші кезекте нан бағасына әсер етеді. Өйткені егіс даласындағы жұмыстар негізінен жанар-жағармаймен жүретін комбайндармен атқарылады. Дайын өнімді тасып, тиісті орындарға жеткізуде де көліктің орны бөлек. Әрине, бензиннің қымбаттауы экономикаға жақсы қырынан да әсер етуі ықтимал. Әсіресе, «Теслаға», электронды көліктерге сұраныс артуы мүмкін. Қазірдің өзінде кейбір көлік жүргізушілері экологиялық жағынан бензиннен әлдеқайда таза газға ауысып алған. Себебі газ жанғанда ауаны ластайтын элемент біреу ғана, ол – көмірқышқыл газы. Онда да көмірқышқыл газы ауаның құрамында бар. Дегенмен, ең өкініштісі, Қазақстандағы газ өндірісін мұнай лоббиі тұншықтырып отыр. Айтпақшы, әлемде мұнай бағасы құлдырағандықтан, көпшілікті бензин арзандай ма деген сұрақ толғандырады. Бұл сауалға Үкімет дәлізінде журналистерге ұсталып қалған Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жауап берді. – Бензиннің бағасы еркін айналымда. Барлығын нарық реттейді. Қазақстан өзінің мұнай өндірісін қысқарта ма, ұлғайта ма деген сұраққа келер болсақ, бұл бағытта нақты жоспарымыз бар. ОПЕК-тің ұстанымдары – бізге ұсыныс ретінде ғана келді. Бізде жоспарды өзгертетін ой жоқ, – деді министр. Демек, жанар-жағармай құны әдеттегідей осы қалпында қалады. Елімізде бір көтерілген баға ешқашан сол деңгейден түспейтінін ескерсек, бензин қашан арзандайды деп тосын ғажайыпты тосудың қажеті жоқ сияқты.