Шағын және орта бизнес – халықтың экономикалық әл-ауқатының көрсеткіші іспетті. Кәсіпкерлік дамыған са-йын азаматтардың өмір сүру сапасы да жақсара берері даусыз.
Кәсіпкерлік – дәулет кепілі
инфографика: Елдар ҚАБА
118
оқылды

Әр ашылған нысанның бір қауым елдің игілігі десек артық айтқанымыз емес. Кейінгі жылдары Қазақстан шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы елеулі жетістіктерге жетті. Бұл қарқын арта берсе, оған ілесіп халықтың табысы да көбейеріне сенім мол. 

Алдымен деректерді қарайық, Ұлт­тық статистика бюросының рес­ми мәліметтеріне сәйкес, кейін­гі 7 жылда шағын және орта биз­нес саласында жұмыспен қам­тыл­ғандардың саны 3,38 миллион адам­нан 4,53 миллион адамға жет­ті. Бұл көрсеткішті өте мақ­та­н­арлық деңгей санауға болады. Неге? Себебі еліміздің еңбек на­ры­ғында жұмыспен қамтыл­ған­дар­дың жартысына жуығын, нақ­тырақ 48,6 пайызын осы сала қам­тып отыр. Яғни әрбір екінші қа­зақстандық несібесін шағын жә­не орта бизнестен табады. 

Жалпы, Қазақстанда қазір 2,2 миллион шағын және орта бизнес су­бъектісі бар екен. Әйтсе де жал­­­­пы ішкі өнімдегі үлесі орасан. Осыдан 7 жыл бұрын, 2019 жылы са­ла ел жалпы ішкі өнімінің 31,7 пайы­зын алып жатса, биыл 41 пайызға жуықтады. Дәл осы сан­дарға ерекше зер салған жөн. Өйт­кені дамыған елдердің қата­ры­на қосылу үдерісінде саланың маңы­зы ерекше. Дамыған ел­дер­дің басым бөлігінде жұмыспен қам­тылғандардың 60 пайыздан ас­тамын шағын және орта бизнес ие­мденген. Жалпы ішкі өнімдегі үле­сі де 50 пайыз шегінен кем түс­пейді. 

Елдегі шағын және орта биз­нес құрылымын салалар бойынша жік­тесек, ең көбі сауда саласына шо­ғырланғанын көреміз, үлесі – 35 пайыз. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өң­деу салаларында да өсім бай­қа­лады. Айтпақшы, осы тұста бір ерек­ше санды айта кеткен жөн. Қа­зақстандағы шағын және орта биз­нестің 48,1 пайызын әйелдер ба­сқарып отыр. Ал жеке кәсіп­кер­лер арасындағы үлесі – 52,6 пайыз, заңды тұлғалар арасында – 28,1 пайыз.

Осылайша, кейінгі 7 жылда Қа­зақстан экономикасының сер­пі­лісіне шағын және орта биз­нес­тің ықпалы мол болғанын бай­қа­дық. Бұл оң үдеріс алдағы уақытта да жалғасып, көңіл көншітер ста­­тистикалардың қалыптаса­ты­ны сөзсіз.

Мадияр ТӨЛЕУ