Ел тарихын түгендеуде қазақ жерінен табылған жәдігерлердің маңызы зор. Алайда өткеннің қойнауында қалған қалалар мен қоныстың бәрі бірдей зерттеліп, өз бағасын алды деуге келмейді.
Орынбай Ошанов, этноархеолог: Қалаларды  көшпелі қоғамнан бөліп қарауға болмайды
155
оқылды

Бүгінде қазақ даласының осындай көне тарихын археологиялық деректер мен этнографиялық мәліметтер негізінде зерделеп жүрген этноархеолог Орынбай Ошанов осы бағытта бірқатар маңызды мәселені алға тартады. Таяуда біз Алматыдағы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтына арнайы ат басын тіреп, этноархеологпен мазмұнды сұхбат құрып қайттық.

– Орынбай аға, 2024 жылы Қара­саздан табылған нысан қала, керуен сарайы немесе бе­кініс болуы мүмкін екенін айтқан едіңіз. Ол кезде нысанды толық зерттеу, қаржыландыру алдағы уа­қыттың еншісіндегі мәселе еді. Содан бері екі жыл өтті. Қара­саз­ға қатысты қандай жаңа ғы­лы­ми дерекке қол жеткіздіңіз? Ны­санның мәртебесін нақты­лауға мүмкіндік туды ма?   

– Бұл ескерткіш алғаш рет 2024 жылы анықталды. Өкініш­ке қарай, содан бері ол толық­қан­ды ғылыми зерттеу бағдар­ла­масына енген жоқ. Дегенмен ма­мандар барып, барлау жұ­мы­сын жүргізді. Қазір оған Қар­а­хан дәуіріне тән қалашық деген сипат бердік. Нысанның ор­на­лас­қан жерінің өзі көп нәрседен хабар береді. Қарасаз – көшпелі өмір салтымен тығыз байланыс­ты аймақ. Бұл өңірде ханжай­лауы болған Шалкөде секілді үлкен жайлау алқабы бар. Кеген-Нарынқол өңірлерінде сақ дәуірінің ірі патша оба­ларының шоғырлана орналасуы да бұл аумақтың ерте кезең­дерден-ақ ерекше маңызға ие болғанын айшықтап тұр. Кейін­гі орта ғасырларда да бұл өңірдің маңызы жоғалмаған. Тарихи деректерде Шағатай ханның осы аймақтарды жайлау ретінде пайдаланғаны айтылады. Көш­пелі қауым жаз мезгілінде мың­даған малымен осы өңірге шо­ғырланған. Ал адамдар мен төрт-түлік көп жиналған жерде сауда-саттыққа да қажеттілік туады. Сол үшін де Қарасаздағы ны­санның пайда болуын көш­пелі ортаның экономикалық тіршілігімен байланыстыра қарастыруға негіз бар. Қарахан дәуірінде Жетісу мен Шу-Талас өңірінде қалалық мәдениет пен сауда ерекше қарқынмен да­мыды. Қарасаздағы ескерткіш те сол үдерістің бір көрінісі. Ең қы­зығы, Қарасаз ескерткіші табылған жер тек аялдау орны бол­мағанға ұқсайды. Нысанның маңында үлкен қорым, зират орындары бар. Күйдірілген кір­піштен салынған құры­лыс­тар­дың іздері де кездеседі. Мұ­ның бәрі бұл жерде белгілі бір уақыт бойы тұрақты тіршілік болға­нын аңғартады. Бірақ қорым да, ны­санның өзі де әлі толық қа­зыл­ған жоқ. Егер кешенді зерт­теу жүргізілсе, бұл жерден тари­хы­мызға қатысты тың деректер шы­ғуы әбден мүмкін.

  – Сонда көшпелі өңір саналған Нарынқолдан ортағасырлық қа­лашықтың табылуы көшпелілердің де қала мәдениетімен тығыз бай­ланыста болғанын көрсете ме?

– Әрине. Даламыздағы қала­лар­ды көшпелі қоғамнан бөліп қарауға болмайды. Сыр бойы мен Жетісудағы  көптеген қаланың қалыптасуы көшпелілердің өмір салтымен тікелей байланысты. Далада көш жолдары тоғысатын, халық белгілі бір мезгілде көп шо­ғырланатын түйінді аймақтар бо­лады. Оның ішінде қыстау­лар­дың маңы ерекше. Сыр, Шу бойын­дағы қалалардың көбі көш­пелілер қыс мезгілінде тұрақ­тайтын осындай қолайлы жер­лерде пайда болған. Өйткені мұн­да мал өніміне сұраныс бол­ды. Саудагерлер келді, айырбас жүрді, яғни қала мен дала бір-бірі­нен бөлек өмір сүрген жоқ. Сон­дықтан барлық қаланың пайда болуын тек Ұлы Жібек жо­лымен байланыстыру да жет­кілік­сіз. Әр қаланың өмір сүруіне се­беп болған өзінің эконо­ми­ка­лық ортасы, тұтынушысы болды. Көш­пелілер көп шоғырланған жерде сауда-саттық та дамыды. Мысалы, Қарасаздағы нысанды осы тұрғыдан қарастыруға бола­ды. Оның белгілі бір кезеңде пай­­да болып, кейін тіршілігінің тоқ­­тауына саяси және эконо­ми­калық орталықтардың ауысуы әсер етуі ықтимал. Билік пен негізгі сауда бағыттары өзгерген кез­де қалалардың да маңызы өз­гереді. Бір өңір өркендеп, екін­шісі бұрынғы рөлінен айырылады. Мысалы, Қарахан дәуірінде Тараз шаһары астана мәртебесіне ие болды. Бірақ саясаттың қайта құ­былуының әсерінен қала орта ғасыр кезеңінде маңызын жо­ғал­тады. Сонымен бірге тарихтағы қала­лардың дамуын нарық пен сұ­раныс тұрғысынан қараған жөн. Қай жерде адам мен төрт тү­лік көп шоғырланса, сол жерде айырбас пен саудаға сұраныс бар. Кейін XIX ғасырда да осы заң­ды­лық жалғасты. Патша үкіметі өз билігін орнатқаннан кейін қазақ же­рінде жаңа сауда орындары ашыла бастады. Адамдар бұрын­ғы­дай малын Бұқараға, Самар­қанға апармай-ақ, іргесінде қазақ даласында қаптап ашылған Қоян­ды, Тайынша сияқты жәр­мең­келерге барып саудасын жа­сады. Бізде қазақ Ресейдің аяғына ма­сыл болған халық сияқты тари­хи түсінік қалыптасқан, шын мәнінде, олай емес. Ресей пат­ша­лы­ғының ХІХ ғасырдағы экс­порт­қа шығарған тауарлар тізімін қарасақ, бидайдан кейінгі екінші орын­ды жүн-жұрқа иеленгенін көреміз. Құйрық май (сало) басқа тауарлар қатарында 4-орынға тұрақтайды. Бұлар – қазақ дала­сынан шыққан өнімдер. Міне, осының өзінен-ақ бір ғана қой өнімінің Ресей үшін қанша пайда әкел­генін көруге болады. Осын­дай мал шаруашылығы өнім­дері­не деген үлкен сұраныстың нә­ти­же­сінде жәрмеңкелер ашылып, сауда орталықтары пайда болды. Сол себепті көшпелі қоғамды қа­ла­­дан, саудадан бөлек қарас­тыру дұрыс емес. 

– Қарасаз қалашығының осы уа­қытқа дейін анықталмай келуін оның қазіргі және XIX ғасырдағы зираттардың арасында орналасуы­мен байланыстырасыз. Тіпті ар­хео­­лог­тардың өзі мұндай аумақ­тар­ға көп бара бермейді. Демек, Қа­зақстанда біз әлі де байқамаған осындай нысандар көп болуы мүм­кін ғой?

– Археология жыл өткен сайын дамып келеді. Соған сәй­кес, жаңа ескерткіштер де анық­та­лып жатыр. Бұрын біз нысан­дар­ды белгілі бір қалыптасқан жүйе бойынша іздейтінбіз. Мә­селен, қалаларды көбіне сауда жол­дары мен Ұлы Жібек жолы­ның тармақтары бойынан іздедік. Ал Қарасаздағы ескерткіш сол қа­лыптасқан түсінікке толық сәйкес келмейді. Бұрын бұл жер­де қала болуы мүмкін деп ешкім ой­ламаған. Бірақ осы нысан табылғаннан кейін ғалымдар Ке­ген-Нарынқол даласына басқаша көз­қараспен қарай бастадық. Қазіргі уақытта бұл өңірде түркі ке­зеңіне жататын басқа да ес­керт­кіштер табылды. Кейде жер­гілікті халық айтып жүрген аңыз­дың өзінде тарихтың ізі жатуы ықтимал. Мәселен, Кеген өңірін­дегі кейбір көне дуалдар туралы ел арасында түрлі әңгіме сақтал­ған. Жергілікті халықтан сұрасақ, бұл қалмақтардың аққу-қазын өсір­ген жері екен. Біз оның қан­дай қажеттілігі барын, бұл жай ғана жұрттың аузында қалған аңыз шығар деп ойладық. Ал олар­ды жаз­ба деректермен салыс­тырған­да, кей мәліметтің тарихи негізі бар екені байқалады. Мысалы, пар­сы тарихшысы Жувейнидің ең­бегін қарап отырсақ, онда Ша­ғатай ханның бұйрығымен Кеген-Нарынқол даласында аққу-қаз­дарға арнап қолдан көлшіктер жа­салғаны белгілі болды. Сон­дық­тан археологияда жергілікті ха­лықтың жадын да мүлде еле­меуге болмайды. Қазір археолог­тар қазақ қыстаулары орналасқан жерлерге де көбірек назар аудара бастады. Мұндай аумақтардан қыш ыдыстың сынықтары, көне қоныстар мен басқа да археоло­гия­лық белгілер кездеседі. Бұл мін­детті түрде қала болмаса да, адам ұзақ уақыт мекендеген қо­ныс болуы мүмкін.

– Қазіргі археологиялық бар­лау әдісінде Қазақстанда әлі де «ақ­таңдақ» болып отырған аумақ­тар бар ма?

– Кейінгі жылдары, әсіресе Жо­шы ұлысы мен Алтын Орда ке­зеңін зерттеуде едәуір нәтижеге қол жеткіздік. Қазір Ертістен Еділге дейінгі ұлан-ғайыр далада Алтын Орда дәуіріне тиесілі түрлі ес­керткіш анықталып жатыр. Олар­дың арасында кесенелер, ша­ғын қоныстар, қалашықтар, сауда орындары мен керуен-сарайлар бар. Ал шығыс өңірінде жағдай басқаша. Біз бұл аумақты Үгедей ұлысымен байланыс­тыра­мыз, бірақ сол кезеңнің архео­ло­гия­лық іздерін әлі толық анықтай алмай келеміз. Бәлкім, мәселе ескерткіштердің жоғында емес, оларды қалай және қай жерден іздеу керегін әлі толық түсінбеуі­міз­де шығар. Алтын Орда ескерт­кіш­терін кей жағдайда күйдіріл­ген кірпіш сияқты белгілерінен бір­ден тануға болады. Ал шығыс­тағы Үгедей кезеңінің нысандары басқаша сипатта болуы мүмкін. Біз «қала» дегенде көбіне Орта­лық Азиядағы ірі қалаларды елес­тетеміз. Ал бұл өңірде шағын бе­кініс, сарай немесе ықпалды әу­леттердің қонысы түріндегі ны­сандар болуы ықтимал. Сол үшін де қазір жаңа бағытқа назар ауда­рып жүрміз. Қазақ қоғамында тө­релердің, бай-ауқатты адам­дардың қыстауы мен жайлауы қай жер­де болғанын анықтап, сол ау­мақтарды зерттеу керек деп ой­лаймыз. Өйткені даланың ең қо­лайлы, шұрайлы жерлерін әр ке­зеңде қоғамның ықпалды топ­тары мекендеген. Егер кейінгі дәуірдегі төрелер мен ауқатты әулеттер белгілі бір жерді таңдаса, оның ар жағында ортағасырлық қоныстың ізі болуы ғажап емес. Сол себепті біз Әбілфейіз сұлтан, Құ­нанбай секілді тарихи тұлға­лар­дың қыстауы мен жайлауы сияқ­ты орындарын зерделеп, сол маңнан ортағасырлық тарихты іздеуге тырысып жүрміз.

– Кейінгі кезеңдегі қазақтың қыс­таулары мен зираттарын зерт­теу одан ертеректегі тарихи жәді­гер­лерді ашуға көмектеседі дейсіз ғой?

– Иә. Қазақ зираттарының өзі де жоқ жерден пайда болған жоқ. Олардың сәулетінде ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр бар. Қа­зақстанның әр өңіріндегі зи­раттарға қарасаңыз, ортақ бел­гі­лермен қатар жергілікті ерек­ше­ліктерді де көресіз. Бір жерде төрт­­бұрышты, енді бір жерде ал­­ты немесе сегіз қырлы құры­лыс­­тар кездеседі. Шығысқа қарай бар­ған сайын өзіндік сәулеттік үлгілер көбейе түседі. Мысалы, Қозы Көрпеш – Баян сұлу ке­сенесі секілді көне ескерт­кіш­тер­дің сәулеттік ықпалын кейінгі қа­зақ зираттарынан да байқауға бо­лады. Жетісудан шығысқа қа­рай жылжыған сайын осындай са­бақтастықты көруге болады. Шыңғыстау өңірінде сыртқы пі­шіні крест тәрізді болып келетін, төрт бұрышында күмбезі бар, ор­тасы ашық құрылыстар кез­де­седі. Тарбағатай, Ақсуат маңында алты, сегіз қырлы, ағашпен жа­был­ған зират үлгілері бар. Осы­лар­дың қайдан шыққаны, қандай дәс­түрдің жалғасы екені, ме­нің­ше, зерттеуді қажет ететін мәселе.

– Зерттеулеріңізге сүйенсек, Сол­түстік Қазақстандағы елді ме­кен атаулары өзгергенімен, орман-тоғай атаулары өзгермеген.  Жер-су атаула­рын қайтару мәселесінде эт­ноар­хео­логия нақты ғылыми не­гіз ұсы­на ала ма?

– Дұрыс аңдадыңыз, расында кей­бір елді мекендердің қазіргі атауы басқа болғанымен, өзен-көл­дердің, орман-тоғайлардың арасында байырғы қазақша атау­лар сақталған. Әрине, біз зерт­теуі­­міздің нәтижесінде ұсыныс бере аламыз. Бірақ тек ғылыми тұр­ғыдан дәлелдей алатын дерек­терге сүйенуіміз керек. Кей жағ­дайда тарихи құжаттар мен архив ма­териалдары көмекке келсе,  кейде халықтың жадында сақ­талған ақпарат біз үшін аса құнды дерекке айналады. Мен Солтүстік Қазақстан өңірін аралаған кезде осы­ған назар аудардым. Одан бө­лек, солтүстіктегі кейбір жер атау­­лары XVIII ғасырдағы батыр­лар мен белгілі тұлғалардың есі­мі­­мен байланысты сақталған. Кей ауылдарда бұрынғы рулық, туыс­тық құрылымның белгілерін кө­руге болады. Бір қызығы, жер­гілікті халық олардың көбін әлі күнге дейін жақсы біледі. Эт­ноар­хеологияда жергілікті тұр­ғын­дар­мен жұмыс істеу – негізгі әдіс­тер­дің бірі. Біз сол өлкенің тарихын бі­летін қариялармен, орман­шы­лармен, жергілікті тұрғындармен сөйлесеміз. Солтүстіктегі орман­ды өңірлерді аралағанымда жер­гі­лікті орманшылар бір ғана то­ғайдың өзінен бірнеше көне қыс­таудың орнын көрсетіп, әр­қай­с­ысының атауын айтып бер­ген жағдайлар болды. Кейбір ша­ғын орман алқаптары белгілі бір адамның, әулеттің немесе бұ­рын сол жерде қыстаған қазақтың аты­мен аталған. Бұл атаулар рес­ми картаға түспесе де, халықтың санасында сақталып келген. Бірақ «халық әлі біледі» деп арқа­ны кеңге салуға болмайды. Қазір кей­бір ауылдың тұрғындары жап­пай көшіп жатыр. Ауыл босаса, сол жердің атауын, тарихын біле­тін адамдар да кетеді. Бір буын ауысқаннан кейін көптеген атау мүлдем ұмыт болуы мүмкін. Сол себепті мұндай деректерді ке­шік­тірмей жинап, арнайы этног­ра­фиялық және этноархеологиялық экспедициялар ұйымдастыру қажет. Әр өңірдің орман-тоғайы, қыс­тауы, өзен-көлі мен тарихи ме­кендерінің атауын жеке-жеке хат­қа түсіруге, тіпті бірнеше том­дық еңбек жасауға болады.

– Қазір археологияда LiDAR, дрон, GIS, геомагниттік зерттеу се­кілді инвазивті емес әдістер кеңі­нен қолданылып жүр. Қазақ­тың кө­не қыстаулары мен көш жол­дарын осындай технологиялар арқылы тұтас картаға түсірсек, біз білетін қазақ тарихының геогра­фия­сы қан­шалықты өзгеруі мүм­кін?

– Иә, мұндай технология­лар­дың мүмкіндігі зор. Еліміздің ар­хеология саласы да бұл бағыт­тан қалыс қалған жоқ. Қазір бізде мұнымен айналысатын арнайы «Геоматика және цифрлық ар­хеология бөлімі» бар. Онда з­а­ма­науи сканерлеу, спутниктік тү­сірілім, дрон және басқа да жаңа тех­нологиялар қолданылады. Кей­де экспедицияға шықпас бұрын зерттелетін аумақ алдын ала осындай әдістермен қарала­ды. Мамандар бізге белгілі бір ны­сандарды көрсетіп, «осы жерге барып, тексеріп көріңіздер» деп бағыт береді. Қазіргі техноло­гия­лар жер бедерін, нысанның құ­рылымын, көлемі мен жоспарын анық көрсетіп, тіпті оның үшөл­шемді моделін жасауға көмекте­седі. Сондықтан дрон да, спут­ник­тік түсірілім де, сканерлеу де ар­хеология үшін маңызды құрал. Дегенмен археологияның негізгі қағидасы өзгерген жоқ. Нысанды түпкілікті түсіну үшін оны көзбен көріп, қолмен ұстап, қазба арқы­лы зерттеу қажет. Жоғарыдан тү­сіріл­ген сурет немесе сканер ны­санның құрылымын көрсете ала­ды, алайда оның нақты мер­зімін, қызметін, мәдени қабатын то­лық анықтап бере алмайды. Зерт­теудің соңғы нүктесін бәрібір археологиялық қазба жұмысы қояды.

– Түптеп келгенде, жаңа тех­но­логия дәстүрлі қазбаның орнын ба­са алмайды дейсіз ғой?  

– Дәл солай. Құрылғы жер ас­тын­да белгілі бір құрылыс не­месе зат жатқанын көрсетуі мүм­кін. Қаланың жалпы жоспарын да анықтауға болады. Бірақ оның нақты не екенін, қай кезеңге жа­татынын және қандай мақсатта пайдаланылғанын археологиялық материалды қолға алмай тұрып нақты айту қиын. Бұл жерде эт­ноархеологияның да маңызы ай­рықша. Археологиялық деректі техникалық немесе зертханалық тұрғыдан түсіндіру жеткіліксіз. Оны белгілі бір халықтың өмір салтымен, шаруашылығымен са­лыстыра қарауымыз тиіс. Мыса­лы, кейінгі уақытта Ботай мәде­ниетіндегі жылқыға қатысты түр­лі пікір айтылып жүр. Кейбір шет­елдік зерттеушілер Ботайдан табылған жылқы сүйектерінде ауыздық, ер-тоқым немесе мінуге байланысты айқын патологиялық өзгерістер байқалмағандықтан, бұл жылқылар қолға үйретілмеген деген пікір ұсынады. Бірақ мұн­дай тұжырымға көшпелі өмір сал­ты тұрғысынан да қарауымыз қажет. Қазіргі қазақ ауылдарының өзінде жүздеген, тіпті мыңдаған жылқы ұстайтын шаруашылықтар бар. Бірақ күнделікті өмірде оның бәрі мінілмейді ғой. Үлкен та­бын­дағы жылқының  санаулысы ғана қолға үйретіліп, мінуге пай­да­ланылады. Қалғаны еркін жайы­лып жүреді. Олардың ара­сы­нан соғымға немесе басқа да қажеттілігі үшін мал алынады. Сол себепті табылған жылқы сүйек­терінің бәрінен бірдей ауыз­дықтың немесе ер-тоқымның бел­гісін іздей беру дұрыс емес. Мі­нілген жылқыны адам күн­де­лікті пайдаланғандықтан, оны бірден сойып тастамайды. Мініс жыл­қысы көшпенділерде тек жер­леу ғұрыптарымен байланыс­ты келеді. Ал Ботай қоныс орны. Бұл жерде күнделікті өмірде негі­зі­нен бағымдағы жылқылар қа­жеттілікке (сойысқа) жаратылған.  Сон­дықтан археологиялық қо­ныс­тан табылған сүйектің көбі шаруашылық мақсатында сойыл­ған малға тиесілі болуы кәдік. Ботайдан мінілмеген жылқы сүйе­гінің көптеп табылуы кері­сін­ше, кешегі қазақ қоғамы сияқ­ты бағымдағы мыңдаған жылқы үйірлерінің болғанының белгісі. 

– Бір сұхбатыңызда «қираған қаланың бәрін моңғолдарға жаба беру дұрыс емес» дедіңіз. Бүгінгі археология ортағасырлық қала­лардың күйреуіне қатысты қалып­тасқан осы бір түсінікті қайта қаз­балауды талап етпей ме?

– Біз ақырындап осыған келе жа­тырмыз. Кеңес кезеңінде та­рих­ты түсіндірудің белгілі бір үлгісі қалыптасты. Көптің сана­сында моңғол шапқыншылығы қалалардың жаппай күйреуіне, даладағы экономикалық дағда­рыс­қа алып келді деген түсінік ор­нықты. Біз әлі де сол көз­қа­рас­­­тан толық арыла қойған жо­қ­пыз. «Моңғол шап­қын­шы­лы­ғының» нәтижесінде бой кө­терген мем­лекеттердің бірі Ал­тын Орда ғой. Ал Алтын Ор­да керісінше Еуразия құр­лы­ғында теңдесі жоқ сауда-эко­номикалық аймағын жасады. Осы себепті бұл дәуірлерге жаңа­­ша қарауға мүмкіндік бере­тін деректер көбейіп келеді. Қала соғыс кезінде қирауы мүм­кін. Бірақ ол экономикалық тұр­ғыдан тиімді, сауда жолдары то­ғысқан маңызды жерде ор­на­ласса, уақыт өте қайта жан­да­на­ды. Отырарды мысалға алайық. Ол Шыңғыс хан жоры­ғы кезінде қирағанымен, бір­жо­ла жойылып кет­кен жоқ қой. Се­бебі орна­лас­қан жері қолай­лы болды. Бір жа­ғында көшпелі, екінші жа­ғын­да отырықшы халық орна­лас­қан әрі Жібек жо­л­ының бойын­да тұрды. Осы­дан кейін қа­ла қайта жан­данып, XVI ға­сырға дейін өмір сүрді. Тағы бір мысал, Жошы ұлысы мен Ша­ғатай ұлысы алғашында бір им­­перияның құрамында болға­ны­мен, кейін жеке мем­ле­кет­терге айналды. Өзара сая­си, сау­да-экономикалық бәсе­ке­лес­тік пайда болды. Нәти­же­сін­де, өзіндік сауда бағыттары іске асты. Бұның салдары екі мем­лекет арасындағы кейбір ше­кара­лық қалалардың тір­шілі­гі­нің баяулауына немесе мүл­дем тоқтауына алып келді. Сая­си би­ліктің ауысуы, мем­лекеттер ара­сындағы бәсеке, сауда жол­дары­­ның бағыты, эко­номи­ка­лық сұраныс – мұ­ның бәрі қа­ла­ның өркендеуіне не­месе әл­сі­реуі­не міндетті түр­де ықпал ете­ді.

– Сонымен, ортағасырлық қа­­­­лалардың дамуын саяси оқи­ға­лармен қатар экономи­ка­лық тұр­ғыдан да қарауымыз қажет дей­сіз бе?

– Міндетті түрде. Қай за­ман­ды алсақ та, қоғам белгілі бір дәрежеде экономикалық заңдылықтарға бейімделеді. Бір мемлекет саудаға қолайлы жағ­дай жасаса, керуен жолдары да сол бағытқа ойысады. Алтын Ор­да дәуірінде Еуразияның үл­кен бөлігін бір саяси кеңістік бірік­тірді. Соның нәтижесінде Қы­тайдан Қара теңізге дейінгі сауда жанданды. Керуен жол­дарының бойында керуен-сарай­лар, құдықтар мен басқа да инфрақұрылым іске қосы­лып, саудагерлердің қозғалы­сы­на жағдай жасалды. Алтын Ор­даның ұзақ өмір сүруінің бір себебін осы экономикалық жүйе­ден де іздеу керек. Ал мұн­дай жүйе бұзылған кезде сауда бағыттары да өзгереді. Мем­ле­кет­тер арасындағы күресті кей­де жай ғана әскери қақтығыс деп қабылдаймыз. Шын мәнін­де, оның астарында сауда жол­да­ры­на, экономикалық торап­тар­ға ба­қыл­ау орнату мүддесі жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ