Бүгінде баршамыз үшін ортақ міндет саналатын жалпыұлттық жоба жаһандық үрдістермен үндес, ұзақмерзімді даңғыл десек болады. Сондай-ақ тазалық идеясы тек табиғатты қорғау акцияларының аясында шектелмей, енді Конституцияда бекітілген азаматтық жауапкершілікпен сабақтасып, адам дүниетанымының, күнделікті өмір салтының және қоғамның рухани жаңғыруының негізгі элементі ретінде орныға бастады. Еліміз тарихында алғаш рет Конституцияның 37-бабында әрбір азаматтың табиғатты қорғау міндеті бекітілді. Ал «Әділет» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасындағы 10 басымдықтың қатарына «Таза Қазақстан» бастамасын жалғастыруды да қосқан еді. Әрі бұл бастаманы жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Осы аптада партияның жастар қанаты «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасын аяқтады.
ТАЗАЛЫҚ ТАҒЫЛЫМЫНЫҢ МАҒЫНАСЫ КЕҢ
Президенттің пайымдауынша, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы қоршаған ортаның тазалығын сақтаумен қатар, ойдың тазалығына және жоғары азаматтық жауапкершілікке негізделген жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
– Халқымыз ежелден «тазалық» ұғымына ерекше мән берген. Жұртымыз «таза» сөзін кең мағынада қолданады. Мысалы, арлы, ниеті түзу, адал адам туралы айтқан кезде «ары таза, ойы таза, жүрегі таза» адам деп сипаттаған. Бабаларымыз әрдайым табиғатпен етене байланыста өмір сүрген, қоршаған ортаны қорғау қастерлі міндет деп санаған. «Обал болады» деп, жас ұрпақты табиғатқа ешқандай зиян келтірмеуге үйреткен. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп, Жер-Анаға жанашыр жүрекпен қарауға тәрбиелеген. Міне, бүгін де тазалық ұғымы ұлтымыздың болмыс-бітіміне тән асыл қасиетке, қоғамдық мәні зор құндылыққа айналып жатыр. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – соның айқын көрінісі. Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы. Ақ пейілмен, түзу ниетпен қолға алған әрбір іс берекелі болады. «Таза Қазақстан» – дәл осындай бірегей бастама. Бұл жоба миллиондаған отаншыл азаматымыздың адал еңбегінің арқасында жалпыхалықтық қозғалысқа айналды», – деген болатын Президент.
Жалпы экологияға деген шынайы жанашырлық әр адамның күнделікті қарапайым іс-әрекетінен басталады. Қоқыс қалдырмау, суды үнемдеп пайдалану, ағаш отырғызу, өз ауласы мен қоғамдық орындардың тазалығын сақтау – осындай қарапайым қадамдардың нәтижесінде қалаларымыз бен ауылдарымыз таза, жайлы әрі көрікті бола түседі.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, жоба басталғалы бері ел көлемінде 2 мыңнан аса экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, аумақтарды санитарлық тазарту аясында 3,8 млн тонна қоқыс жиналып, 10 мыңға жуық рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылды. Орманды қалпына келтіру жұмыстары аясында 1 млн гектардан астам алқапқа шамамен 1,7 млрд ағаш отырғызылды.
«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ АЛҒЫ ШЕПТЕ
Атқарылған қыруар шаруаның артында, әсіресе жастар мен жүйелі ұйымдастырылған волонтерлік жобалардың үлесі басым. Сарапшылардың сөзінше, кейінгі жылдары Президент бастамаларын жүзеге асыруда жастардың азаматтық белсенділігі артып келеді. Солардың қатарында 13-16 қазан аралығында «Әділет» партиясының Жастар қанаты ұйымдастырған «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасын атап айтуға болады. Эстафета аясында 5 мыңға жуық жас азамат «Астана – Өскемен» бағытындағы автожол бойында жалпы ұзындығы 1800 шақырымға жуық аумақты қоқыстан тазалады.
Шығыс Қазақстан облысында эстафетаға қосылған Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр осындай игі істің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай акциялар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және тарихи ескерткіштерді сақтау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
– Табиғатты қорғау тек мемлекеттік органдардың немесе коммуналдық қызметтердің міндеті емес, бұл – баршамызға ортақ іс. Сондықтан экологиялық мәдениет қалыптастыру ісін жастардан бастап, оған қоғамның барлық мүшесін жұмылдыру маңызды. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында да табиғатқа жанашырлықпен қарау, қоршаған ортаны қорғау және елді мекендердің тазалығын сақтау мәселелері қамтылды. Мұндай бастамалар осы қағидаттарды күнделікті өмірде жүзеге асыруға жол ашады, – деді Ерлан Сайыр.

Эстафетаға Құрылтай депутаттары, партияның, мемлекеттік органдардың өкілдері және белсенді жастар қатысты. Олар Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының 10 аудан мен 59 ауыл аумағын қоқыстан тазартып, экологиялық іс-шаралар өткізді. Бұдан бөлек, депутаттар тұрғындармен кездесіп, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырды.
ВАНДАЛИЗМГЕ ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Партияның белсенді жастары эстафета аясында жол бойын тазалап қана қоймай, «Вандализмге жол жоқ!» ұраны негізінде қорықтарды, тарихи және мәдени орындар мен ескерткіштер аумағын қоқыстан тазалап, табиғи нысандарға заңсыз салынған суреттер мен жазуларды өшіріп, граффитилерді жою жұмыстарын жүргізді. Олардың айтуынша, мұндай шаралар туған өлкенің тазалығын сақтауға үлес қосып қана қоймай, оның тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
Road-эстафета тек қалаларда ғана емес, шалғай ауылдарда да жастарды біріктіргені туралы «Әділет» партиясының жастар қанатының өкілдері айтып берді.
– Біздің мақсатымыз – жол бойындағы қоқысты тазалау ғана емес, қоғамда табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Осы жолы төрт өңірдің жастары бір мақсатқа жұмылып, шамамен 1 800 шақырым жол бойын тазалады және 150 тоннадан астам қоқыс жинады. Осындай игі іс әр азаматтың туған жеріне деген жауапкершілігін нақты іс арқылы көрсетуге мүмкіндік береді, – деді «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов.
Экологиялық шара аясында жол бойындағы тарихи-мәдени мұралар, қорықтар мен киелі ескерткіштер аумағының қалыпқа келтірілуі – халқымыз үшін қастерлі ұлттық құндылықтарымызды келер ұрпаққа саф таз күйінде жеткізудің қамы десек болады. Сонымен қатар эстафета шеңберінде «Әділет» партиясы жастар қанаты қатарының өңір жастарымен де толыға түсетіні сөзсіз.
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасын тек экологиялық іс-шара деп қабылдауға болмайды дейді. Оның айтуынша, Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы – терең философиялық мәнге ие. Ол қоршаған ортаны таза ұстауға ғана үндемейді.
– Бұл дәстүрлі шара деп айтсам болады. Осыған дейін еліміздің бірнеше өңірінде ұйымдастырылып, Астанадан Қарағанды арқылы Алматы облысына дейін жетті. Алматыдан Қызылордаға дейінгі жолдарды тазартып, үлкен жұмыс атқарылды. Ал Астанадан Павлодар өңірі арқылы Абай облысына жол тартқан сапардың ең басты мәні мен маңызы – мұның тек қана экологиялық қоршаған ортаны тазартуға қатысты жұмыс емес екендігінде. Эстафетаның идеологиялық мәні – жұртшылықты таза қоғамға, таза ортаға үндеуінде шақыруында, қоршаған ортаға деген жауапкершілікке назар аудартуында және ортақ іске жұмылдыра алуында. Сонымен қатар негізгі өзегі – сананың және ардың, адам жанының тазалығы деген ұстанымды қатар алып жүруінде. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» идеясының тұрақты ауқымда, әсіресе жастардың қатысуымен өтетін акцияға айналуының маңызы зор. Эстафетаға әр өңірден жүздеген, мыңдаған жастар қатысып жатыр. Шараның ауқымы бұдан да кеңейе береді. Сондықтан шараның елге берер идеологиялық мәні, философиялық мағынасы тереңде. Сонымен қатар шараның ерекшелігі – қоғамды рухани тазалыққа, жан тазалығына, ар тазалығына, жалпы экологиялық тазалық мәдениетіне үндеуінде. Жастар мыңдаған шақырым жол жүріп, тазалық ұғымын насихаттайды. Өздері де сол қасиетті бойларына сіңіреді, – деді Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы.
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» – ИДЕОЛОГИЯ
Қоғамда адам жанының тазалығы мен ар-ождан тазалығын экологиялық тазалық мәдениетімен үндестіру және үйлестіру – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының идеологиялық мәніне айналды. Сонымен қатар экологиялық сананы өзгерту, экологиялық мәдениет қалыптастыру жұмысы қазір азаматтық қоғамды, волонтерлік бірлестіктер мен жастарды кеңінен тарту арқылы жүзеге асырылып жатыр. Конституцияда белгіленген экологиялық нормалар мен «Адал азамат» қағидаттарын балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі барлық деңгейдегі үлгілік оқу жоспарларымен байланыстыру жұмысы қолға алынған. Өскелең ұрпақтың экологиялық біліміне және кері байланысты цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп жатыр. 265 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде «Жасыл балабақша» бағдарламасы енгізілді. Білім беру ұйымдарында 4 мыңнан астам «Жасыл клуб» жұмыс істейді. Мұндай тәсіл қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін білім арқылы ғана емес, балалар мен жастардың табиғатты қорғау іс-шараларына тікелей қатысуы арқылы да қалыптасуына мүмкіндік береді.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
