Мемлекет басшысының кәсіпкерлердің несие төлемін кейінге шегеру туралы тапсырма бергеніне бес күн өтті. Бірақ бұл тапсырма екінші деңгейлі банктер тарапынан толық орындалмай отыр. Бұл туралы кәсіпкерлер әлеуметтік желіде дабыл қағып, талқылауға кірісті.
Заңгер Ержан Есімхановтың айтуынша, қазіргі күні кәсіпкерлерді банктен алған несиесін алдағы уақытта қалай төлейтіні алаңдатып отыр. Уақытында төлемесе айыппұл мен өсімақы жамала береді. Төтенше жағдай жарияланған күні несие төлеу уақытын шегеріп берсе деп өтініш айтқаны да содан еді кәсіпкер қауымның. Бұл өтініш билікке жетті. Мемлекет басшысы 23 наурызда Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында: «Қазіргі күрделі жағдайдан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерліктің барлық несиелері бойынша негізгі қарыздары мен сыйақыларын төлеуді тоқтата тұру – оларды нақты қолдау механизмдерінің бірі. Іскерлік белсенділікті салық тұрғысынан ынталандыру және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар әзірлеуді, шағын және орта кәсіпкерлікті барлық салық және міндетті төлемдерден 3 ай мерзімге босатуды тапсырамын. Осы кезеңде оларға айыппұлдар мен өсімпұл жүрмеуі керек», – деді.
«Президент сөзі бәріне түсінікті. «Барлық несиелер» деп айтылды. Төлемдердің «барлық түрі» деді. Бұдан кейін басқа әңгіме айтылмай, тапсырма орындалуы керек еді. Алайда олай болмай шықты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Президенттің жоғарыдағы сөзінен кейін банктердің төтенше жағдай кезеңінде халыққа және кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету шараларына қатысты түсініктеме жариялайды. Қызықтың көкесі осы жерде басталады», – дейді заңгер
Оның айтуынша, түсіндірмеде «негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлем мерзімі күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен асып кеткен банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттары бойынша сыйақыны есептемейді делінген. Демек, кепілзат құны несие сомасынан асатындарға сыйақы есептеледі. Ең бастысы, «Өтінішті қарау процесінде кредитор қажет болған кезде төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде қарыз алушының қаржылық жай-күйінің нашарлауын растайтын құжаттарды сұратады». Содан кейін ғана несиені төлеу мерзімінің кейінге шегерілетіні немесе шегерілмейтіні туралы шешім қабылданады. Яғни Президент айтқандай барлық несиелер мен барлық төлемдерге бірдей несие төлеу мерзімі шегерілмейді.
«Осы тұста агенттік Президент нұсқауларын шығармашылық тұрғыда түсіндіруге құқылы ма деген сұрақ туындайды. Агенттік мұны неге істеп отыр? Менің жеке пікірім, агенттік осылайша банктерге 2008, 2012 және 2015 жылдардағыдай кезекті күйзеліске төтеп беруге көмектеседі. Президент адамдарға көмектесуді тапсырды, ал агенттік банктерге көмектеседі. Банк бұл жерде кімді тыңдайды?» – дейді Е.Есімханов.
Бұл сұрақтың жауабын білу мақсатнда ForteBank-ке хабарластық. Қалыптасып отырған төтенше жағдай кезінде банк Мемлекет басшысының тапсырмасын қалай орындап жатқанын сұрадық. Банк ресми сайтындағы сілтемені жөнелтумен шектелді. Хош, онда не деген екен?
«Банк елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты қиын жағдайда қалған клиенттерін қолдауға дайын. Бірінші кезекте банк енгізілген шектеулерге байланысты сауданы немесе қызмет көрсетуді тоқтатуға мәжбүр болған клиенттерге көмектеседі. Ондай клиенттер өтінішпен бірге, бизнес жүргізуді тоқтатқанын растайтын құжаттарды ұсынуы керек» делінген. Сонымен қатар банк бизнесін жаппаса да қаржылық жағдайы төмендеп бара жатқан клиенттерінің өтінішін жеке қарайтынын да айтып, бұл бағдарламаны банк несиесін тұрақты төлеп келген клиенттеріне ғана ұсынатынын ескерткен. Мұнда да клиенттерді алалауға жол берілген. Айтқандай, аталған банк жеке кәсіпкер мен ШОБ-қа арналған қолдау көрсету бағдарламасын жасағанымен, жеке тұлғаларға қатысты механизмді жасап аяқтамаған. Мұнда да Президенттің «барлық несиелер» деген тіркесі ескерусіз қалғанын байқаймыз.
Екінші деңгейлі банктердің ресми сайттарында Президент тапсырмасын тап-тұйнақтай орындауға дайынбыз деген рай бар. Іс жүзінде қалай екенін төмендегі респонденттер баяндасын. Аты-жөнін атамауымызды сұраған кәсіпкер екінші деңгейлі банктің біріне барып, несие төлемін кейінге шегеру үшін не істеуі керегін сұраған.
«Түсінгенім, өте көп құжат жинауым керек екен, жеке куәлік, халыққа қызмет көрсету орталығынан мүліктің тіркелгені туралы анықтама, мүлік ауыртпалығы туралы анықтама, соңғы бір жылдағы жалақым туралы анықтама, некеде болсам оны растайтын куәлік, жолдасымның транзиттік шотындағы айналым, оның жеке куәлігі, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың туу туралы куәліктері, қосалқы қарыз алушым болса, оның құжаттары, жұмыстан қысқарту немесе шығарылғаны туралы анықтама апарып, өтінішті қарауға 10 мың теңге төлеуім керек екен. Бұл құжаттың барлығын несие аларда банкке өткізгенмін, соны айтсам, банктің талабы деген жауап алдым», – дейді. Оның айтуынша, несие төлеуді кейінге шегергенде, банк шегерілген үш айдың ақшасын қалған айларға бөліп тастайды екен. Яғни, сізде он ай бойы төлейтін несие қалған болса, үш айға шегергенде төртінші айдан бастап, ары қарай он ай төлеймін деп ойласаңыз, қателесесіз, себебі банк шегерілген үш айдың ақшасын қалған 7 айға бөліп қосады. Сондықтан несие төлемін шегеруге өтініш бермес бұрын ойланып алған дұрыс.
Біз жоғарыда кей банктердің жеке тұлғалардың несие төлеу мерзімін шегеруге қатысты механизмді жасап бітпегенін тілге иек етті. Бізге сұхбат берген Әлима Жапарова Каспий банктен жеке тұлға ретінде алған несиесінің төлемін шегергісі келеді. Сондай өтінішпен банкке барған, ал банк әуелі наурыз айындағы несиені төлеуді талап еткен. «Наурыз айындағы несиемде төлеген соң ғана менің телефонымдағы қосымша арқылы несиемді екі айға шегеріп беретінін айтты. Ал мен оларға дәл қазір несие төлеуге мүмкіндігім жоқ екенін, үш баламен әлі қанша уақыт жұмыссыз отыратыным белгісіз екенін айтып түсіндіре алмадым. Төтенше жағдай 16 наурызда жарияланды, ендеше наурыздың несиесін де шегеріп беруі керек емес пе?» – дейді ол.
Қысқасы, қарапайым халық та, кеңсесінде арнайы заңгер ұстап отырған кәсіпкер де Президент айтқан жеңілдіктің қалай жүзеге асатынын ұға алмай дал. Бұл мәселеде кәсіпкерлер құқын қорғайтын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да дәрменсіз болып тұр...
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА:
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Төтенше жағдай кезеңінде халыққа және кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету шараларын іске асырудың жан-жақты тәртібі бекітілгенін хабарлады. Соған сәйкес, зейнеткерлер, мүгедектер, әлеуметтік төлем алушылардың несиесі автоматты түрде шегеріледі. Ал жеке тұлғалар мен ШОБ субъектілерінің несиесін төлеу мерзімі еркін форматтағы өтініші негізінде (растайтын құжаттарсыз және өтінішті қарау комиссиясына ақша алмай) 2020 жылдың 16 наурызынан 2020 жылдың15 маусымына дейін шегеріледі. Бұл туралы мақала газеттің алдағы санында жарияланады.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ