Украина әскері ұрыс даласында танктер мен броньды техниканы қолданудың жаңа тәсілдерін енгізіп жатыр. Әскери техника енді ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен қорғалады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Forbes басылымына сілтеме жасап.
Ресей мен Украина арасындағы соғыстың алғашқы кезеңінде танктер маңызды рөл атқарған. Алайда соққы беретін дрондардың кеңінен қолданылуы броньды техниканың мүмкіндігін шектеп, екі тарапты да жаяу әскерге көбірек сүйенуге мәжбүр етті.
Forbes мәліметінше, Украина әскері танктер мен Bradley жаяу әскердің жауынгерлік машиналарын FPV-дрондармен бірге қолдана бастаған. Мұндай дрондар қарсыластың ұшқышсыз аппараттарын әуеде ұстап, броньды техниканы қорғайды.
Сонымен қатар техникаға металл шыбықтардан жасалған қосымша қорғаныс орнатылады. Бұл құрылым қарсылас дрондарының негізгі сауытқа жетпей жарылуына мүмкіндік береді.
Жарияланған бейнежазбалардың бірінде Bradley машинасына дрон соққы жасағанымен, техника қозғалысын жалғастырған.
Басылымның жазуынша, Украина әскері қазір екі-үш броньды машинадан тұратын шағын топтарды пайдалануға басымдық беріп отыр. Мұндай тәсіл техниканы әуеден қорғауды жеңілдетеді.
Дегенмен жаңа тактиканың да осал тұстары бар. Қорғаныс дрондарының жұмысы уақытша үзіліп қалуы мүмкін. Ал қосымша сауыт бірнеше мәрте жасалған шабуылдан толық қорғай алмайды.
Forbes сарапшысының пікірінше, алдағы уақытта танктердің тиімділігі қарсылас дрондарына қарсы әуеде жергілікті басымдық орната алу мүмкіндігіне байланысты болады. Сондықтан заманауи соғыста танктердің рөлі жойылып жатқан жоқ, керісінше оларды қолдану тәсілдері өзгеріп келеді.
