Елде төтенше жағдай жарияланғалы шетелден елге қайтқан отандастарымыз туралы ақпарат қарша борап жатыр. Олардың біразы шекара жабылмай тұрып туған топыраққа оралса, біразын СІМ мен Туристік қамқор қоры елге жеткізді. Өз күшімен қайтқандар да бар. Бір ғана қордың өзі 4 500 қазақстандыққа көмек қолын созып үлгеріпті. Бүкіл әлемге жайылған пандемия шекараны қымтап, кіріс-шығысты шектеуге мәжбүрлеп отыр. Соның кесірінен турфирмалардың жұмысы түгел тоқтап, коронавирустан толық айыққанша бұл бизнес оңалмайды деген сөз. Яғни, біздің туристік фирмалар да белгісіз уақытқа дейін жұмыссыз қалды. Рас, елде төтенше жағдай жарияланғалы туроператорлар жұмысын тоқтатты. Бірақ одан бұрын да тұтынушысынан айырылып отырғандар бар екен. Қытай туристерін елге әкелумен айналысатын QTrip компаниясы бас директорының айтуынша, шығыстағы көршімен шекара жабылғалы кәсібінің берекесі қашқан. Алғашында Сингапур, Тайвань, Малайзиядан келген туристерді қанағат тұтқанымен, бұл елдерді де індет жайлап, саяхатшылар сап тыйылады. Сондықтан ақпанның 1-інен бастап кеңсесін жауып, қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберген. оларды енді қашан жұмысқа шақыратынын да білмей отыр. Себебі Қытай коронавирусты жеңгенімен туристерін шетелге шығара қоюы екіталай. Өйткені олардың басқа елдерден инфекция жұқтырып әкелу қаупі бар. Бұл – кемі бір жыл жұмыс жүрмейді деген сөз. Тығырыққа әбден тірелген кәсіпкер мемлекет көмегінен де құр қалуы мүмкін екен. «Абырой болғанда фирманың мойнында несие жоқ. Ал қызметкерлердің қарызы бар-жоғын білмеймін. Бізде қазір жалақы төлейтін қаржы жоқ. «Атамекен» палатасы ТЖ кезінде жұмысы тоқтағандарға осындай көмек болатыны туралы ақпарат жіберді. Онда соңғы үш айда жалақы, салық төленген болуы керек екен. Ал бізде екінші айдан бастап жалақы төленбеген, бірақ салық төлеп отырмыз. Сондықтан бұл көмекке ілінеміз бе, жоқ па білмей отырмыз», – дейді Алма Бермағамбетова. Компанияда жеті адам қызмет етеді. Былтыр олар елге 3 500 турист әкелген. дені – аспанасты елінен келген азаматтар. Жалпы, былтыр Қазақстанға 55 200 қытайлық қыдырып келіпті. Көрші тұрған елдер үшін бұл өте төмен көрсеткіш екені рас. Дегенмен төтенше жағдай дамып келе жатқан саланы одан сайын тұралатып тастады. Орта есеппен бір турист күніне 100 доллар жұмсаса, бес-алты күн қыдырған саяхатшы ел қазынасына кемі 500-600 доллар тастап кетеді. Яғни, коронавирус індеті жайлағанға дейін бұл ел бюджетіне айтарлықтай кіріс кіргізіп отырған бизнес еді. Қазақстан туристік қауымдастығының басшысы Рашида Шайкенова бұл елдің әлеуметтік жағдайына қатты әсер етеді деп отыр. Өйткені сала қызметкерлері түгелдей жұмыссыз қалған. «Мемлекет туристік бизнеске көмек көрсетуі керек. Өйткені бұл – әлеуметтік мәселе. Туристік бизнесте көбіне әйелдер жұмыс істейді. Оның ішінде жалғызбасты аналар көп. Мүгедек балалары бар отбасылар да жетеді. Бүгінде кәсіп иелері қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр. Ал жұмыссыз қалғандар қалай өмір сүреді? Сондықтан бар жұмыс орындарын сақтап қалу үшін мемлекеттің қолдауы керек. Қазір санаторийлер мен лагерьді қоспағанда 4000 жұмыс орны жабылғалы тұр. Турбизнесте шамамен 3 500 ойыншы бар. Әр компанияда кемі 5-6 адам істейді деп есептеген күннің өзінде қаншама адамның жұмыссыз қалғанын көруге болады», – дейді ол. Дегенмен мамандар елдегі төтенше жағдайдан ішкі туризмге қарағанда, сыртқы туризммен айналысатын компаниялар көбірек зардап шегіп отырғанын айтады. «Қазір бізде ішкі туризммен айналысатындардың бәрінде қарыз жоқ деп ойлаймын. Кредиттері бар шығар. Бірақ біз көп ақша салғанымыз жоқ. Ал сыртқы туризмнің қарызы көп. Ең басты проблема – туристердің ақшасын қайтару. Аутбаунт фирмалардың қаражаты жетпей жатыр. Өйткені олар – айналымда жүрген ақша. Олар қазірдің өзінде жан-жақта жүрген 4 500-ден астам туристі қайтарды. Содан кейін олар да жұмыссыз қалды ғой. Оларда да еңбекақы мен жалға алу мәселесі шығады. Олардың қызметкерлері көп. Бір фирмада 50-60 адамға дейін істеуі мүмкін», – дейді QTrip ЖШС бас директоры Алма Бермағамбетова. Оның ойын әріптестері де қуаттап отыр. Сондықтан осындай қиын кезде түсіністік танытып, компанияларға қолдан келгенше көмектесу керек деп санайды. Сондай-ақ бұл мәжбүрлі үзілісті пайдаға да асыруға болады деп санайды мамандар. «Бұл мәжбүрліктен туып отырған жағдай екенін түсініп отырмыз. Қазір бастысы – вирустың елге таралып кетпеуін қадағалау. Сондықтан туристік компаниялар бұл жағдайдың тұрақтанғанын күтеді. Бұл уақытта жаңа қызықты бағыттар құрастырып, олқылықтардың орнын толтырып, біреулер білімін жетілдіреді. Сондықтан бұл уақытты да пайдамен өткізуге тырысу керек. Өзгерістер енгізетін кез. Мысалы, Қытайда коронавирус тоқтаған соң ішкі туризмді дамытуды қолға алғалы жатыр», – дейді Туристік қамқор қорының басқарма басшысы Инна Рей. Иә, расында әр нәрсенің қайыры бар. Дегенмен әлемдік туризм биыл кірісінің 80-90 пайызынан айырылғалы тұр. Өйткені кей елдер коронавирусты ауыздықтап үлгергенімен, басқа мемлекетте індет өршіп тұр. Сондықтан барлығы 2020 жылы сырттан келетіндерге шектеу қоятыны белгілі. Бұған Қазақстанда коронавирус жұқтырған бірде-бір адам болмағанына қарамастан, Сауд Арабиясы біздің азаматтарға виза беруден бас тартқаны да дәлел бола алады. Яғни, отандық турфирмалар да осы уақытта ішкі туризмге көбірек көңіл бөлуіне жағдай тудырмақ. Жалпы, кез келген дағдарыстан кейін дүние дүр сілкінеді деседі. Бұл індет те отандық бизнеске жаңа серпін алуға күш береді деп сенейік. Түнерген түннен кейін күлімдеп күн шығатынын ұмытпайық.