Рақымжан Қошқарбаев – Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық қаһарманы. Ол Ақмола облысының Астанаға жақын орналасқан Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген. 4 жасында анасы дүниеден өтіп, әкесі жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлерінде болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне (ФЗУ) жіберілді.
1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылғы қазанда Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітірген.
1944 жылғы қазан айынан бастап бірінші Беларусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысты.
Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, Жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды.
1947-1967 жылдары Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор, 1967 жылдан «Алматы» қонақүйінің директоры болды. Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
Рақымжан Қошқарбаев Алматы қаласындағы Совет аудандық халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып үш рет сайланды. Қошқарбаев соғыс ардагерлері комитетінің қазақ бөлімшесінің президиумының мүшесі, кеңес-герман достығы қоғамының мүшесі болды. «Целиноград қаласының Құрметті азаматы», «Балқаш қаласының Құрметті азаматы», «Арқалық қаласының Құрметті азаматы» атақтарымен марапатталған.
1988 жылы 10 тамызда қайтыс болып, Алматы қаласындағы Кеңсай зиратында жерленген.
Екі жыл бұрын майдандағы қазақ азаматтарының еленбей қалған ерлік істерін мұрағат материалдары негізінде жұртшылыққа жариялап жүрген белгілі публицист, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммед AIQYN газетіне берген сұхбатында Рақымжан Қошқарбаевқа қатысты тың ақпаратты бөліскен еді.
– Рақымжан ағамыздың «Жеңіс жалауы» 1978 жылы жарық көрді, ол кезде қазіргідей емес, советтік цензураның күшейіп тұрған уақыты. Мен қазір сізге Жеңіс туының нақпа-нақ тігілген уақытын құжаттармен дәлелдеп көрсетемін. Мұның бәрін кезінде «Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві» федералды мемлекеттік мекемесінен алдырдым.
«Гиммлер үйі» ғимаратынан Рейхстагқа дейінгі арада 360 метр жер ашық алаң бар – Кёнигсплац алаңы деп аталады. Сол ашық алаңды кесіп өту керек, қарудың барлық түрінен оқ қарша борап тұр. Рақымжан аға өзінің кітабында «осы жерде мен 7 сағатта жүріп өттім, кешкі сағат 6.30-да ту тігілді» деп жазған. Шындығында, Рақымжан ағаға осылай деп жаздырған. Әскери цензура өзгертіп қосуы да мүмкін.
Ту 30 сәуір күні сағат 14.25-те тігілген. Оны бірінші болып тіккен – Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов.
Бірінші құжат. Рақымжан Қошқарбаевтың взводы 674 атқыштар полкінің құрамында болды, полктің командирі – Плеходанов. Сол Плеходанов Жеңіс туы тігілген оқиғаның ізі суымай-ақ алғашқы баянатты береді. Онда былай делінген, сөзбе-сөз келтірейін: «Командир взвода разведки 1 сб л-нт КОШКОРБАЕВ и разведчик взвода полковой разведки кр-ц БУЛАТОВ в 14.30 водрузили знамя над Рейхстагом. В 14.40 1 и 2 сб полностью вошли в Рейхстаг, очищая нижний этаж и подвальные помещения» (РФ ҚМОМ, 1390-қор, 1-тізім, 76-іс, 174-175-беттер).
Екінші құжат. Соғыс кезінде әрбір дивизияның «Журнал боевых действий» дейтін арнайы журналы болған. Оған ешкім өзгеріс енгізе алмайды. Сол сағатында болған оқиға ғана көрсетіледі. Міне, «Журнал боевых действияда» былай деп жазылған. «Лейтенант КОШКАРБАЕВ и разведчик 674 сп БУЛАТОВ первыми подползли с полковым красным знаменем и в 14.25 30.4.45 водрузили его на площадки лестницы главного центрального входа в Рейхстаг с западной стороны. Только с наступлением сумерков 30.4.45 в здание Рейхстага с южной и центральной части ворвались 674 сп; с северной 1/756 сп», – делінген (Сонда, 1390 қор. 1-тізім, 1-іс, 22-23 беттер).
Көрдіңіз бе? Екі құжаттағы уақыт айырмашылығы – 5-ақ минут. Біреуінде –14.30, екіншісінде 14.25 деп көрсетілген. Енді үшінші құжатқа келейік. Әрбір дивизияның «исторический формуляр» дегені болады, сол құжатта не деген? Енді сол генерал-майор В.Шатилов басқарған 150-атқыштар дивизиясының тарихи формулярына назар аударып көрейік. Онда: «В 13.00 30.4.45 г. артиллерия, минометы и РС открыли уничтожающий огонь по противнику. Артобработка продолжалась в течение 30 минут. В 13.30 начался штурм противника. ...В 14.25 30.4.45 г. лейтенант КОШКАРБАЕВ и разведчик БУЛАТОВ 674 сп по-пластунски подползли к центральной части здания и на лестнице главного входа поставили красный флаг... В 18.00 30.4.45 г. был повторен штурм Рейхстага... Рота Сьянова первая ворвалась в сев. часть Рейхстага, а бойцы 1 и 2 (батальона) 674 сп с центральной и южной стороны», – делінген (Сонда, 1390-қор, 1-тізім, 22-іс, 192-193 беттер). Міне, үшінші құжатта нақпа-нақ 14.25-те деп көрсетіліп тұр.
Енді осы оқиғаны бас штабтағы Г.Жуковқа баяндайды. Сөйтіп, Жуков 30 сәуір күні №6 бұйрыққа қол қояды. Онда былай делінген: «Генерал-полковник Кузнецовтың 3-Екпінді армиясының әскерлері шабуылды өрістете отырып, жау қарсылығын еңсеріп, Рейхстаг ғимаратын басып алды. Бүгін 30.4.45 жылы сағат 14.25-те онда Кеңес туын көтерді. Рейхстаг ғимараты мен оның алаңы үшін шайқаста генерал-майор Переверткиннің 79-атқыштар корпусы мен оның құрамындағы полковник Негоданың 171-атқыштар дивизиясы және генерал-майор Шатиловтың 150-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті» деген жолдар бар. Дәл осы бұйрықтың 4-тармағында тудың біржолата тігілгенін нақтылай түсетін: «Біздің кеңестік туымыз Берлин қаласының ортасындағы Рейхстаг ғимаратында желбіреп тұр» деген жолдар болды, – деген еді Мұхтар Құл-Мұхаммед сұхбатында.
