Баласын алдап әке жүр
Баласын алдап әке жүр
172
оқылды
Жыл басындағы дерек бойынша, елімізде алимент төлемеген борышкерлердің қарызы 5,7 млрд теңгеден асқан. Отбасын тас­тап кеткен ата-аналар арасында алимент төлеуден қаша­тындар саны көбеймесе, азайған емес. Борышкерлердің басым бөлігі жұмыссыз болса, қалғандары табысын жасырумен әлек. Асығыс ше­шім қабылдап, үй бола алмағандардың зардабын бала тарта­тыны белгілі. Ал мәселенің ушығуына сот орындау­шы­ла­рының қауқарсыздығы себеп пе? Әлде ата-ананың өз міндет­ін толық түйсіне алмауынан ба?  

Борышкердің жыры

Қазіргі таңда Қазақстан бо­йын­­ша 202 мыңнан астам адам али­мент төлеуші ретінде тір­кеуде тұр. Оның 197 мыңға жуығы ер адамдар ен­шісінде, қалған бөлігі әйел адамдар. Өткен жыл со­ңын­дағы деректерге көз жүгіртсек, елі­мізде алимент тө­леу­ден жал­тарып, қашқандардың саны 2 мыңнан асқан. Тіпті, тұр­ғы­лық­ты мекенжайын ауыс­ты­рып бой та­салауға дейін барған­дар да жоқ емес. Олардың қарыздары жоға­рыда айтқандай 5,7 млрд теңге­ден асып кеткен. Әрине, бұл аз қаржы емес. Бір қызығы, іздеудегі борышкерлердің анықталмай жатқаны. 2018 жылы алимент төлеуден қашқан, ресми іздеудегі 1 864 азаматтың тек 9%-ы ғана анық­талыпты. Бұл сот орындау­шы­ларының салғырттығы емес пе? Дегенмен Жоғарғы соттың отс­тав­кадағы судьясы Әділ Жам­басбайұлы бұл мәселені жалпы қоғамның дертіне балап отыр. – Отбасының бұзылуы – қоғам індеті. Ал соның пайда бо­луы­ның көптеген себебі бар. Со­ның бірі және жиі кездесетіні – тұр­мыс жағдайының төмен болуы. Қоғамды құрайтын отбасы болған­дықтан, отбасы құндылығы, бала тәр­биесі сияқты ұғымдар, отба­сы­ның жағдайын жақсарта алдық па, ол үшін мемлекет қандай қамқорлық көрсетіп жатыр деген сияқты сұрақтар алғашқы орында болуы керек. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде ұрпақтың жақсы азамат болып өсуі емес, күн көру басты құндылыққа айналып кет­кен. «Ерлі-зайыптылар және от­басы» кодексінде міндетінен жал­­тарған азаматтардың дүние-мүл­кін тәркілеу, шетелге шығуға шек­теу қою, қоғамдағы құқығын шек­теу, жарты жылдан астам төле­­месе, 2 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыру сияқты шара­лар қарастырылған. Алимент мәселе­сінің дауға айналуы заңды дұрыс орындамаудан туып отыр. Оған жауапты мемлекеттік органдар мен сот орындаушыларының іске салғырт қарауы – басты себеп. Жұмыссыздық немесе басқа да мә­селелер жалтаруға, ұрпақ алдын­дағы міндеттен қашуға болады деген сөз емес, – деді экс-судья. Жыл сайын Қазақстан бойынша 200 мыңға жуық іс сот орындаушыларына алимент төлеушілердің қарызын өндіру мәселесі бойынша беріледі екен. Жуырда алимент мәселесі бойынша Қазақстан Италия елінің тәжірибесіне сүйенуі мүмкін. Италияда алиментті төлемеген жағдайда борышкердің қарызы ата-анасына жүктеледі. Яғни, баланың ата-әжесі қарыз төлеуге міндеттеледі. Ал еліміздегі заңға сәйкес алимент төлеушілер бала­сының санына қарай, сәйкесінше өз жалақысының белгілі бір бөлігін аударып тұруға міндетті. Бір балаға – табыстың төрттен бірін, екі ба­ласы болса – үштен бірін, үш-төрт немесе одан да көп болса, табысының жартысын алимент ретінде төлеуі тиіс. Бірақ алимент төлеушілердің басым көпшілігінің табысы аз немесе тұрақты жұмысы жоқ. Ал олар ақшаны қайдан тап­пақ? Қарызын өтеуге қауқарсыз, шаңырағы шайқалған отбасыларға көмек ретінде ұйымдастырылған жаңа қор мемлекеттің бюджет қаражатын жұмсамайды. Қор­дың қазынасы ерікті түрдегі қайы­рым­дылық қаражаты және жар­намен толықтырылып отыра­ды. Қорға құйылатын жарна шағын қалалардағы сот орындау­шы­ларына 50 АЕК, үлкен қала­лардағылар үшін 200 АЕК көле­мінде болады. Қор қаржысы шек­теулі болғандықтан, бұл қор жы­лына тек мұқтаж 10-20 адамға қол ұшын соза алады. Мың­даған борышкерді қор жарылқай алмасы анық. Яғни, әлеуметтік жағдайы төмен немесе ауруға шал­дыққан адамдарға ғана қор­дан қаражат бөлінеді. Оны анық­тау үшін комиссия құрылады. Ко­миссия мүшелері ақшаның кімге бе­рілетінін егжей-тегжейлі қарастырады. Соған қарай беріле­тін жәрдемақының да көлемі әртүрлі болуы мүмкін. Ал өз мінде­тінен себепсіз әрі саналы түрде қашқан ер адамдар ғана емес, әйел адамдар да бар. Заң бәріне бірдей екенін ескерсек, оларға қандай шара қолданбақ керек?  

Жалғызбасты әкелер не қылмақ?

Статистикалық дерек көз­деріне зер салсақ, елімізде ажырас­қандардың 83% - ның ортақ ба­лалары бар. Нақтырақ айтсақ, 400 мыңға жуық әйел жалғызбасты ана болса, 60 мыңға жуық ер адам балаларын жалғыз асырап отыр. Оның біразы жұбайы қайтыс болып, екі тараптың да міндетін өзіне алған әкелер. Десек те, бала­лары мен күйеуін тастап, отба­сы­ның бүлінуіне себепкер болған әйел­дер де қоғамда бары жасы­рын емес. Ал алимент мәселесі­мен айналысып жүрген заңгер Камиша Есмұхамбетқызы ерлердің жауапсыздығы басым болып отыр­ғанын айтады. – Бүгінгі таңда алимент тө­лемей жүрген еркектер көп. Жауап­кершіліктен қашу мақса­тында әртүрлі анықтамалар апарып беріп, бала алдындағы парызына немқұрайды қарайды. Мұндай әрекеттер борышкерлер үшін тиімсіз, себебі заң бар. Яғни, уақытылы алимент төлемегендер Әкімшілік құқықбұзушылық ко­декс бойынша жауапқа тарты­лып, айыппұлдан бастап, 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Қылмыстық кодекстің 430-бабы бойынша сот шешімін орындаудан бас тартқаны үшін қарыз адамды қылмыстық жауапкершілікке де тарта алады. Менің өзімде кемінде 30-40 іс алимент өндіру мәселесі бойынша тұр. Заң бар, дегенмен төлеуден жалтарғандар көп. Кей кезде борышкерлерді халыққа көрсетіп сабасына салу керек пе деп ойлап қаласыз. Әрине, бұл әйел­дерге де қатысты, – дейді заңгер. Балалардың анасыз қалуы қан­дай қиын болса, ер адам үшін де жарынан айырылу  психо­ло­гиялық және моральдық тұрғы­дан ауыр екені сөзсіз. Жағ­дайға үйреніп, оңалу үшін ер адамға біраз уақыт керек еке­нін пси­холог мамандар да дәлел­деп отыр. Бәрін тереңінен ойл­ап, от­басындағы мейірім мен жылудың бас­тауы болу қашаннан әйел за­ты­ның табиғатына тән қасиет­тер болса, сол қасиеттен ада қа­лып, от­басын тастап кетуге не мәж­бүр­лейді? Жалғызбасты ер адам­дарға мемлекет қандай да бір жеңілдіктер қарастыруы керек пе? Осы сияқты көптеген түйткілді мәселенің шешімі табылмай тұр.   Түйін:

Соңғы он жылда елі­мізде 1,5 мил­лионнан астам неке қиылған. Оның жарты миллионы ажырасып кеткен. Демек, Қазақ­станда әрбір үшінші отбасы ажыра­сады деген сөз. Осыдан келіп али­­­мент мәселесі неге ушықты деуі­­­мізге себеп жоқ сынды. Қоғам от­­­басы құндылықтарының тере­ңіне үңіле алмай отыр ма дерсіз. Ал әке­сіз, не анасыз өскен ұрпақтың ке­ле­шегі алаңдатпай қоймасы анық.

 

Мадияр ТӨЛЕУ