Көк байрақтың ұзындығы – 24 метр, ені – 12 метр, жалпы ауданы – 288 шаршы метр.
Мемлекеттік Ту «Әділет» партиясының орталық аппараты ғимаратына ілінді
136
оқылды

Республика күні қарсаңында Астанадағы «Әділет» партиясының Орталық аппарат ғимаратының қасбетіне Қазақстанның Мемлекеттік Туы ілінді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Көк байрақтың ұзындығы – 24 метр, ені – 12 метр, жалпы ауданы – 288 шаршы метр. Кешкі уақытта туды бес прожектор жарықтандырады. Көк байрақ орталық кеңсенің қасбетінде 27 қазанға дейін ілініп тұрады.

«Мемлекеттік Ту – тәуелсіздігіміздің, мемлекеттілігіміз бен ұлттық бірлігіміздің нышаны. Оның қадір-қасиеті ресми рәсімдер мен мемлекеттік мерекелердің аясымен ғана шектелмейді. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – өткенімізді қастерлеу, бүгінімізді бағалау және еліміздің болашағына ортақ жауапкершілікті сезіну», – деп атап өтті партия өкілдері.

Бұл іс-шара партияның  Жастар қанаты ұйымдастырған «Менің Елім – Менің Туым» республикалық патриоттық акциясы аясында өтті. Республика күніне орай қолға алынған бастама бойынша 25 қазанға дейін еліміздің қалалары мен ауылдарында 5 мыңға жуық Мемлекеттік Ту ілу жоспарланған. Акцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде.

Айта кеткен жөн, биыл Қазақстанның Мемлекеттік Туы Reddit әлеуметтік платформасында да көпшіліктің назарын аударды. Пайдаланушылар арасында өткен дауыс берулердің бірінде еліміздің көк байрағы әлемдегі ең әдемі ұлттық ту деп танылды.

Дауыс беруге қатысушылар оның көгілдір түсі мен алтын түстес бейнелерінің үйлесімін ерекше атап өтті.