Ақмола облысының прокуратурасы Ерейментау ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі үшін ақы есептеу заңдылығына талдау жүргізіп, өрескел заң бұзушылықтарды анықтады.
Ерейментауда тұрғындарға өздері шығарған қоқыс үшін 1,1 миллион теңге есептелген
111
оқылды

Ерейментауда 3 мыңнан астам тұрғынға өздері шығарған қоқыс үшін 1,1 миллион теңге төлеу есептелген. Қоқыс контейнерлері жоқ үйлерге де Kaspi.kz арқылы шот жіберілген. Прокуратура араласқаннан кейін негізсіз төлемдер жойылып, тұрғындарға 60 мың теңгеден астам қаражат қайтарылды, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Ақмола облысының прокуратурасы Ерейментау ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі үшін ақы есептеу заңдылығына талдау жүргізіп, өрескел заң бұзушылықтарды анықтады.

Тексеру барысында ауданның 3 013 тұрғынына қоқыс шығару қызметі үшін негізсіз төлем есептелгені белгілі болды.

Прокуратураның мәліметінше, «Repoint» серіктестігі Ерейментау қаласындағы жеке үйлерде тұратын тұрғындарға Kaspi.kz қосымшасы арқылы қоқыс шығару қызметінің ақысын негізсіз есептеген. Бұл үйлерде қоқыс контейнерлері болмаған, ал тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды өз күштерімен шығарып отырған.

Яғни, тұрғындар қоқысты өздері шығарса да, оларға бұл қызмет үшін төлем талап етілген.

— Прокуратураның қадағалау актісі бойынша жалпы сомасы 1,1 миллион теңгенің негізсіз есептелуі жойылды. Сондай-ақ 60 251 теңге көлеміндегі қаражат тұрғындарға қайтарылды, - дейді Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Осылайша, прокурорлық қадағалау нәтижесінде 3 013 тұрғынға қатысты негізсіз төлемдер алынып тасталды. Ал бұған дейін төленген қаражаттың 60 251 теңгесі кері қайтарылды.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы