Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда Қазақстанның он қаласынан жас футболшыларды біріктірген II Республикалық UNI FOOTBALL LEAGUE турнирі өтті. Алаңға Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Петропавл, Семей, Тараз, Өскемен және Шымкент командалары шықты.
Бір күн ішінде 20 футбол матчы өтті. Алайда турнирдің басты нәтижесі соғылған голдар емес, әр баланың өзін нағыз футбол командасының бір бөлігі ретінде сезіну мүмкіндігі болды. Бұл жерде жеңілгендер болған жоқ — әр жас футболшы лайықты медальмен марапатталды.

Балалар спортын дамыту және ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау — Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды бағыттарының бірі.
Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барлық өңірінде футболды дамыту, балаларға арналған футбол алаңдарын көбейту және ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесін кеңейту қажеттігін атап өтті.
UNI FOOTBALL LEAGUE бұл міндеттердің қоғамдық ұйымдар, мемлекет, футбол қауымдастығы мен бизнестің ынтымақтастығы арқылы іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынын көрсетеді. Жоба бір реттік қайырымдылық іс-шараларымен шектелмейді. Оның негізінде тұрақты жаттығулар, жаттықтырушылардың кәсіби даярлығы және даму ерекшеліктері бар балалардың қатарластарымен тең дәрежеде жүйелі түрде футболмен айналысуына жағдай жасау жатыр.

2026 жылы UNI FOOTBALL LEAGUE UEFA Grassroots Awards 2025/26 халықаралық сыйлығының Best Disability Initiative («Мүгедектігі бар адамдарға арналған үздік бастама») санатында қола жүлдеге ие болды.
UEFA сыйлығы футболды қолжетімді ететін, кедергілерді азайтатын және мүгедектігі бар адамдардың спорт өміріне қатысуына мүмкіндік беретін жобаларды атап өтеді. Халықаралық мойындау 2023 жылы басталған қазақстандық бастама үшін маңызды жетістік болды.
«Біздің мақсатымыз — Қазақстанның кез келген қаласында аутизмі, Даун синдромы немесе ДЦП-сы бар баланың өз қатарластары сияқты футболмен айналысуына мүмкіндік беру. Жылына бір рет қайырымдылық іс-шара ретінде емес, әр апта сайын, нағыз командада, кәсіби жаттықтырушымен бірге ойнау.
Үш жыл ішінде біз бүгінде Қазақстанның тоғыз қаласында жұмыс істейтін жүйе құрдық. Балаларымыз тұрақты жаттығады, жолдастық матчтарға қатысады, кәсіби футболшылармен кездеседі. Біз жай ғана спорт секцияларын емес, әр бала өз әлеуетін аша алатын толыққанды футбол ортасын дамытып келеміз. UEFA Grassroots Awards қола жүлдесі қазақстандық инклюзивті футболды дамыту моделінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Бірақ біз үшін ең үлкен жеңіс — әр жаттығуды асыға күтетін, достар тауып, өз күшіне сене бастаған балалар», — деді «Bolashak Charity» ҚҚ Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

«UNI FOOTBALL LEAGUE — Қорымыздың басым жобаларының бірі және біз оны қолдау мүмкіндігіне ие болғанымызды мақтан тұтамыз. Жоба БҰҰ-ның тұрақты дамуының бірден екі мақсатына — теңсіздікті азайтуға және халық денсаулығын нығайтуға сәйкес келеді. Тұрақты жаттығулар мен жаттықтырушыларды даярлау даму ерекшеліктері бар балаларға қатарластарымен тең дәрежеде футболмен айналысуға мүмкіндік береді. Біз үшін бұл — бизнестің қоғамдық мәселелерді шешуге нақты үлес қосып, адамдардың қажеттіліктеріне жауап беруінің үлгісі», — деді жобаның бас демеушісі Freedom Шапағат корпоративтік қорының президенті Баглана Мусина.
«UNI FOOTBALL LEAGUE аутизм мен Даун синдромы футболға кедергі емес екенін дәлелдейді. Біздің балалар күрделі тактикалық тапсырмаларды түсіне алады, координациялық жаттығуларды орындайды және команданың толыққанды мүшесі бола алады. Әр жаттығу сайын олар өзіне сенімді бола түсіп, әлеуетін ашады және мүмкіндіктерінің біз ойлағаннан әлдеқайда кең екенін көрсетеді. Біздің мақсатымыз — балаларды тек футбол ойнауға үйрету емес, диагноз олардың мүмкіндігін анықтамайтынын көрсету», — деді UNI FOOTBALL LEAGUE лигасының жетекшісі Шыңғыс Темерханов.
Бүгінде UNI FOOTBALL LEAGUE Қазақстанның тоғыз қаласын қамтиды. Жобаға 120 бала мен жасөспірім қатысады. Олар аптасына екі рет білікті жаттықтырушылардың, соның ішінде UEFA B, C және D санатындағы мамандардың жетекшілігімен футболмен айналысады. Соңғы бір жылдың өзінде өңірлерде 682 жаттығу өткізілді.
Лиганың дамуындағы маңызды бағыттардың бірі — толыққанды ойын тәжірибесі. Астана, Семей және Өскемен командаларының қатысуымен өңіраралық жолдастық матчтар өтті. Оларға 40 жас футболшы қатысты.
Инклюзивті футболды дамытуға кәсіби клубтар да қосылып келеді. «Қызылжар» ФК және «Атырау» ФК ойыншылары жоба қатысушыларына шеберлік сабақтарын өткізді. «Қызылжар» ФК-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Жаттықтырушылар құрамын даярлауға да ерекше көңіл бөлінеді. 2026 жылы UNI FOOTBALL LEAGUE мамандары бейімделген дене шынықтыру, балалардың эмоциялық жағдайын басқару, Child Protection және алғашқы көмек көрсету бойынша екі күндік республикалық тренинг-семинардан өтті.
UNI FOOTBALL LEAGUE қатысушылары үшін футбол — тек дене белсенділігі емес. Тұрақты жаттығулар координацияны, зейінді, коммуникациялық дағдыларды, дербестікті және командада әрекет ету қабілетін дамытуға көмектеседі. Сонымен қатар жаттықтырушылар мен ата-аналар балалардың эмоциялық жағдайындағы өзгерістерді де атап өтеді.
«Биыл жаттығуларға моторика, координация және зейінді дамытуға арналған көбірек жаттығулар қостым. Біздің балалар үшін футбол тек физикалық дағдыларды ғана емес, зейінді шоғырландыруды, реакцияны, өз қимылдарын бақылауды да дамытуы маңызды. Біз жақсы нәтижелерді көріп отырмыз, мұны ата-аналар да байқайды. Мен үшін ең құндысы — балалардың жаттығуға деген ықыласы: біз аптасына екі рет кездесеміз, ал келесі кездесуде олар бізді көптен көрмегендей жүгіріп қарсы алады. Бала сені жақын адамындай шын жүректен қуана қарсы алғанда, бұл жаттығулардың оның өмірінде қаншалықты маңызды орын алғанын түсінесің», — деді Тараз қаласындағы UNI FOOTBALL LEAGUE командасының жаттықтырушысы Игорь Светачев.
«Айбын бала кезінен футболды қатты жақсы көретін және басқа балалар сияқты ойнауды армандайтын. Біз әртүрлі секцияларға жүгіндік, бірақ оның ерекшеліктеріне байланысты бізге жиі бас тартатын. Жаттықтырушы алғаш рет қоңырау шалып, Айбынның жаттығуға қатыса алатынын айтқанда, бұл біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш болды. Қазір ол жаттығуға үлкен ықыласпен барады, бар күшін салады және әр ойынды асыға күтеді. Өткен жылғы Астанадағы турнирден кейін ол сол күнді ұзақ уақыт бойы есіне алып, үнемі айтып жүрді. Мен үшін ең маңыздысы — оның алаңға шығып, өзін команданың бір бөлігі ретінде сезініп, өз күшіне сенгенін көру. Балаларымыздың шектеулеріне емес, мүмкіндіктеріне қарап, сүйікті ісімен айналысуына жағдай жасап отырған Bolashak Charity қорына, жаттықтырушыларға және осы іске атсалысқан барша жанға алғыс айтамын», — деді UNI FOOTBALL LEAGUE қатысушысы Айбын Мақсотовтың анасы Динара.
II Республикалық турнир 6+1 форматында өтті. Әр команда ұзақтығы 15 минуттан төрт матч өткізді. Жалпы іс-шараға Лига қатысушылары, ата-аналар, жаттықтырушылар, серіктестер, демеушілер, БАҚ және қоғам өкілдерін қоса алғанда 200-ден астам адам қатысты. UNI FOOTBALL LEAGUE философиясына сәйкес командалар жүлделі орындарға бөлінген жоқ. Барлық жас футболшылар медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Турнир UEFA, Астана қаласының әкімдігі, Израильдің Қазақстандағы Елшілігі, Aman Global Logistic, «Арзан Alem», ANTA компаниялары және басқа серіктестердің демеушілік қолдауымен өтті.

UNI FOOTBALL LEAGUE — 2023 жылдан бері «Bolashak Charity» қоғамдық қоры мен Қазақстан футбол федерациясы бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан әлеуметтік жоба. Жоба Freedom Holding Corp. компаниясының Freedom Шапағат корпоративтік қоры арқылы көрсететін демеушілік қолдауымен, сондай-ақ Астана қаласының әкімдігі мен Испания Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылады.
Жоба инклюзивті футболды дамытуға, даму ерекшеліктері бар балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтендіруге және спортпен айналысу үшін тең мүмкіндік жасауға бағытталған. 2026 жылы жоба UEFA Grassroots Awards 2025/26 сыйлығының Best Disability Initiative санатында қола жүлдеге ие болды.
