Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән беріп, бұл бағытта табысты жобалардың барын айтты.
– Мәселен, Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан, жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Ал Түркістан облысында қытай компаниясы суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр.
Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақытылы қолдау көрсетуі керек. Сонымен қатар мұндай заманауи тәсілдерді мал шаруашылығында да жан-жақты пайдаланған дұрыс.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басшылыққа ала отырып, елімізде 71 тауар-сүт фермасы іске қосылды. Бұл фермаларда жыл сайын 462 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Ақмола облысында шетелдің озық тәжірибесіне сай ет кластері құрылып жатыр. Осындай жобаларды қолдауға болады, қажетті жағдайда қаражат та бөлу керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өндіру және өңдеу жұмысымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату жүйесін жетілдірген жөн санайды.
– Ірі холдингтерден бастап, шағын шаруа қожалықтарына дейін агрологистика орталықтарының қызметін кедергісіз пайдаланатын мүмкіндік болуға тиіс. Жалпы, халықтық құрылыс аясында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту ісіне де баса мән беру керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Сондықтан Үкімет пен «Бәйтерек» холдингі бірлесіп, нақты шешімдерді қабылдауы қажет.
Экономиканың негізгі салаларын дамыту үшін өнімді терең өңдеумен айналысатын, еңбек өнімділігін арттыратын жобаларға басымдық берген жөн. Бұл – басты талап. Әсіресе, ірі инфрақұрылымдық бастамаларға қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын, инженерлік жабдықтарды өз елімізде өндірген жөн. Мұндай жобалар «Халықтық құрылыс» бағдарламасының тірегіне айналуы керек деп санаймын.
Ұлттық қор арқылы импортты қаржыландыруға жол беруге болмайды. Бұл – маңызды талап. Экономиканың дамуына тың серпін беру үшін озық технологиясы бар, қажетті сараптамалық тәжірибесі және жаһандық нарықтарға шығу мүмкіндігі зор әлемнің жетекші компанияларын, солардың ішінде отандық компанияларды да тартқан жөн.
Инвестицияның тиімділігі жұмыс істей бастаған өндіріс орындарының санымен, сапасымен және оның экономикаға қосқан нақты үлесімен бағалануға тиіс, – деді Президент.
