Шымкент қаласында қала әкімі М.Әйтенов осымен екінші рет түн ауа сағат 24-тер шамасында қала тұрғындарына мәлімдеме жасады. Оның алдында жауапты өкілдер дәл осы уақытта брифинг берген болатын.
Сонымен үшінші мегаполистен коронавирусты жұқтырғандардың тіркелгеніне 2 күн өткен соң қала әкімінің тұрғындарға жасаған екінші мәлімдемесінде не айтылды?
«Өздеріңіз білетіндей, Шымкент қаласының екі тұрғыны індетті жұқтырған болатын. Қазір олар қалалық инфекциялық ауруханада емделуде, денсаулықтары тұрақты. Ол адамдармен байланыста болған 26 адам карантинге жатқызылып, тест-сараптамасы алынып, нәтижесі күтілуде. Осы екі азаматтың мекенжайы Абай ауданы «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабы болғандықтан, инфекцияның таралуын шектеу үшін осы елді мекен 14 күнге карантинге жабылды Сонымен қатар қаладағы автовокзалдар мен бекеттердің және балабақшалардың жұмысы уақытша тоқтатылды», – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сондай-ақ инфекцияның таралуына жол бермеу үшін Президент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның келісіміне сәйкес, Шымкент қаласында 28 наурызда түнгі сағат 24.00-ден бастап бірқатар шектеу шарасы енгізілетінін атап өтті.
Шымкент қаласы әуежайының, теміржол вокзалының жұмыстары, автокөлік базарлары, азық-түлік жәрмеңкелері, мобильді телефон сататын дүкендердің жұмысы тоқтатылады. Қала тұрғындары мен қонақтарына, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарға, меншік түріне қарамастан барлық жайларда, тұрғын үйлерде және аумақтарда, діни нысандарда жеке, отбасылық, еске алу іс-шараларын және басқа да салтанаттар, жиындар өткізуге қатаң тыйым салынбақ.
Барлық сауда нысанына өз тауарлары мен қызметтерін сатуда онлайн режимге көшу ұсынылады. Бұған дейін қызметіне шектеу енгізілген барлық сауда және басқа да нысанда, келушілер мен сатушылар үшін медициналық бетперделерді киюді талап ететін санитарлық және дезинфекциялық шаралар күшейтілмек. Мал базарлары тек жексенбі күні сағат 11-ден 17-ге дейін жұмыс істейді. Қоғамдық тамақтану орындарының (кафе, мейрамхана және тағы басқалар) қызметіне сағат 10-нан 18-ге дейін шектеу енгізіледі. Ал сағат 18-ден 22-ге дейін қоғамдық тамақтану орындарының жұмысын «тағамдарды үйге жеткізу және өзімен алып кету» режимінде жүзеге асырылады. Тамақтану орындары кіреберісте клиенттердің температурасын бақылауға және қолдарын санитарлық өңдеуге және клиенттерді «келушілер арасында бір бос үстел қашықтығы» форматы бойынша, залда 50 адамнан аспай отырғызуға міндетті.
Шымкент қаласының аумағына сағат кешкі 21-ден таңғы сағат 7-ге дейін автокөліктер мен азаматтардың кіруіне және шығуына тыйым салынады. (Транзиттік көліктер мен азық-түлік тасымалдайтын көліктерге қатысы жоқ). Қаладағы қоғамдық көліктің жұмысы сағат 6-дан 21-ге дейін шектеледі.
Осындай шектеулерді атап өткен Мұрат Әйтенов қала тұрғындарына сын сағатта барлық жағдайға түсіністікпен қарап, талаптарды орындауға шақырды.
Бүгінде қазақы қаймағы бұзылмаған шымкенттіктер етек-жеңін жинап, барлық сақтық шараларына кіріскен. Барлық бағыттағы қалаға кіреберіске блок-бекеттер қойылып, тексеріп кіргізу шаралары күшейген.
Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, науқастардың жағдайы бірқалыпты. Егер науқастардың саны артып, олармен қарым-қатынаста болғандар көбейген жағдайда, оларды жатқызатын 170 төсек-орын инфекциялық стационар дайындалып, онда 90 боксталған төсек-орын қойылған. Одан бөлек, 680 төсек-орын провизорлы стационар, қаладағы 5 жатақханадан 1 456 төсектік карантиндік стационар дайын. Вирусқа қарсы, дене қызуы мен қақырық түсіретін препараттардың, сонымен қатар медицина қызметкерлері үшін жеке қорғаныс құралдарының (1-ші типті обаға қарсы костюмнің, маска және қолғаптың) стационарларда 2 айлық қоры бар. Сондай-ақ жауапты өкіл 90 000 нысанның аумағына жететін 4 127 келі залалсыздандыру қоры бар.