Шымкентте шектеу шаралары күшейді
Шымкентте шектеу шаралары күшейді
124
оқылды
Шым­кент қаласында қала әкімі М.Әйтенов осымен екін­ші рет түн ауа сағат 24-тер ша­ма­сында қала тұр­ғын­­да­рына мәлімдеме жа­сады. Оның алдында жауап­ты өкіл­дер дәл осы уа­қытта брифинг берген бола­тын.  Сонымен үшінші мегапо­лис­тен коронавирусты жұқтыр­ған­дардың тір­келгеніне 2 күн өткен соң қала әкімінің тұр­ғындарға жа­саған екінші мәлімдемесінде не айтылды? «Өздеріңіз білетіндей, Шым­кент қаласының екі тұр­ғыны індетті жұқтырған бола­тын. Қазір олар қалалық инфек­ция­лық ауруханада емделуде, ден­саулықтары тұрақты. Ол адам­дар­мен байланыста болған 26 адам карантинге жатқызылып, тест-сараптамасы алынып, нә­тижесі кү­тілуде. Осы екі азамат­тың ме­кен­жайы Абай ауданы «Тәуел­сіз­дікке 20 жыл» тұрғын алабы бол­ған­дықтан, инфекцияның тара­луын шектеу үшін осы елді мекен 14 күнге карантинге жабыл­ды Со­нымен қатар қаладағы автово­кзалдар мен бекеттердің және бала­бақшалардың жұмысы уақытша тоқ­татылды», – деді Мұрат Дүйсенбекұлы. Сондай-ақ инфекцияның та­­ралуына жол бермеу үшін Президент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік ко­миссия­ның келісіміне сәйкес, Шымкент қаласында 28 нау­рызда түнгі сағат 24.00-ден бас­тап бірқатар шектеу шарасы енгі­зілетінін атап өтті. Шымкент қаласы әуежайы­ның, теміржол вокзалының жұ­­мыстары, автокөлік базар­лары, азық-түлік жәрмеңкелері, мобильді телефон сататын дүкен­дердің жұмысы тоқтатылады. Қала тұрғындары мен қонақтарына, коммерциялық және коммерция­лық емес ұйымдарға, меншік тү­ріне қара­мастан барлық жайларда, тұрғын үйлерде және аумақтарда, діни нысандарда жеке, отбасылық, еске алу іс-шараларын және басқа да салтанаттар, жиындар өткізуге қатаң тыйым салынбақ. Барлық сауда нысанына өз тауар­лары мен қызметтерін сатуда онлайн режимге көшу ұсы­нылады. Бұған дейін қызметіне шектеу ен­гізілген барлық сау­да және басқа да нысанда, келу­шілер мен сатушылар үшін меди­циналық бетперделерді киюді талап ете­тін санитарлық және дезин­фек­циялық шаралар күшейтілмек. Мал базарлары тек жексенбі күні сағат 11-ден 17-ге дейін жұмыс іс­тейді. Қоғамдық та­мақтану орындарының (кафе, мей­рамхана және тағы басқалар) қызметіне сағат 10-нан 18-ге дейін шектеу енгізіледі. Ал сағат 18-ден 22-ге дейін қоғамдық тамақ­тану орындарының жұмы­сын «тағамдарды үйге жет­кізу және өзімен алып кету» ре­жи­мін­де жүзеге асырылады. Тамақ­тану орын­дары кіреберісте клиент­тердің температурасын ба­қы­лауға және қолдарын сани­тар­лық өңдеуге және клиенттерді «келу­шілер арасында бір бос үстел қашықтығы» форматы бойынша, залда 50 адамнан аспай отырғызуға міндетті. Шымкент қаласының аума­ғына сағат кешкі 21-ден таңғы сағат 7-ге дейін автокөліктер мен азаматтардың кіруіне және шығуына тыйым салынады. (Транзиттік көліктер мен азық-түлік тасымалдайтын көліктерге қатысы жоқ). Қаладағы қоғамдық көліктің жұмысы сағат 6-дан 21-ге дейін шектеледі. Осындай шектеулерді атап өткен Мұрат Әйтенов қала тұр­ғындарына сын сағатта барлық жағдайға түсіністікпен қарап, та­лаптарды орындауға шақырды. Бүгінде қазақы қаймағы бұ­зыл­маған шымкенттіктер етек-жеңін жинап, барлық сақтық шараларына кіріскен. Барлық бағыттағы қалаға кіреберіске блок-бекеттер қойылып, тексеріп кіргізу шаралары күшейген. Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, науқастардың жағдайы бірқалыпты. Егер нау­қастардың саны артып, олар­мен қарым-қатынаста бол­ғандар көбейген жағдайда, оларды жат­қызатын 170 тө­сек-орын инфек­ция­лық стацио­нар дайын­далып, онда 90 бок­сталған төсек-орын қойылған. Одан бөлек, 680 төсек-орын про­визорлы стационар, қаладағы 5 жа­тақханадан 1 456 тө­­сектік ка­ран­тиндік стационар да­йын. Вирусқа қарсы, дене қызуы мен қа­қырық түсіретін препарат­тар­дың, сонымен қатар медицина қыз­меткерлері үшін жеке қор­ғаныс құрал­дарының (1-ші типті обаға қар­сы костюмнің, маска және қол­ғаптың) стационарларда 2 айлық қоры бар. Сондай-ақ жауап­ты өкіл 90 000 ны­санның ау­мағына жететін 4 127 келі за­лал­сыздандыру қоры бар.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы