Қабылданған заң ЕАЭО аясындағы экономикалық ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін жетілдіруге және интеграциялық рәсімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстандық кәсіпкерлерге ЕАЭО нарығына шығу жеңілдейді
289
оқылды

Құрылтай «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Хаттама ЕАЭО-ның шарттық-құқықтық базасын жетілдіруге, құқықтық реттеудегі олқылықтарды жоюға және мүше мемлекеттердің өзара іс-қимыл тетіктерін нақтылауға бағытталған. Құжатта Одақтың ішкі нарығы, техникалық реттеу, қызметтер саудасы мен инвестициялар, бәсекелестік, мемлекеттік сатып алу, ортақ электр энергетикасы нарығы және көліктік бақылау салаларын қамтитын 30-ға жуық түзету көзделген.

Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық комиссияның ішкі нарықтағы кедергілерді бағалау және жою жөніндегі өкілеттіктері нақтыланады. Сондай-ақ техникалық регламенттерді біркелкі қолдану, ортақ электр энергетикасы нарығының жұмысын реттеу және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыру тетіктері жетілдіріледі.

– Хаттамада банктік кепілдіктерді өзара тану  бекітіледі,  бұл отандық кәсіпкерлерге қазақстандық банктің кепілдігі болған жағдайда  Одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алу нарықтарына шығуға мүмкіндік береді. Бұған дейін басқа мүше мемлекеттер банктерінен кепілдік алу талап етілген. 

Бұдан басқа,  әкелу кедендік баждарын төлеуге байланысты мәліметтер алмасу жөніндегі нормалардың қайталануы жойылады, өйткені мұндай ақпарат алмасу Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінде көзделген. Сондай-ақ Комиссияның мүше мемлекеттер ұсынатын ақпаратты пайдалану мақсаттары  нақтыланады, – деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Бәсекелестік саласында Комиссия шешімдері орындалатын аумақтағы мемлекеттің заңнамасын ескере отырып,  оларды мәжбүрлеп орындату тәртібін нақтылады. 

– Осылайша, енгізілетін өзгерістер қайталанатын ережелерді жоюға,  қолданыстағы тетіктерді нақтылауға  және Одақ шеңберіндегі жекелеген рәсімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған. Хаттама бойынша жұмыс  мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілді. Хаттаманы ратификациялау  республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді, – деді министр.

Қабылданған заң ЕАЭО аясындағы экономикалық ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін жетілдіруге және интеграциялық рәсімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.