Спортшының пікірінше, жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігімен қатар, олардың мінез-құлқы мен спортшыларға қарым-қатынасы да қатаң бақылауда болуы керек.
Сабина Алтынбекова волейболдағы жаттықтырушылардың әрекетін сынға алды
129
оқылды

Қазақстандық танымал волейболшы Сабина Алтынбекова спорттағы әлімжеттік мәселесін көтеріп, жаттықтырушыларға қойылатын талаптарды күшейту қажеттігін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Спортшының пікірінше, жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігімен қатар, олардың мінез-құлқы мен спортшыларға қарым-қатынасы да қатаң бақылауда болуы керек. Ол жаттығу кезінде ойыншыларға қол көтеру мен психологиялық қысым көрсетуге жол берілмеуі керектігін атап өтті.

«Жаттықтырушыларды мұқият тексеріп, олардың мінез-құлқы мен жұмыс істеу әдістеріне де баға беру қажет. Өкінішке қарай, волейболда кейбір жаттықтырушылардың бойынан қарапайым әдеп мәдениетінің өзін көре алмаймыз», – деді Сабина Алтынбекова.

Волейболшы федерация жаттықтырушыларға қойылатын талаптарды қайта қарап, бақылауды күшейтуі қажет деп есептейді. Сондай-ақ ол көптеген командаларда дәрігерлермен қатар, психологтардың да жоқтығына назар аударды. Оның пікірінше, спортшылардың физикалық дайындығымен бірге психологиялық жағдайына да көңіл бөлінуге тиіс.

Бұл пікірге Павлодарда өткен волейбол турниріндегі оқиға себеп болған. Жарыс кезінде Шымкент командасының жаттықтырушысы ойыншылардың біріне қол көтерген. Оқиғадан кейін жаттықтырушы екі жылға жарыстарға қатысудан шеттетілген. Бірақ ол қызметінен босатылмаған. Сабина Алтынбекова мұндай жағдайлар спорт жүйесіндегі тәртіп пен жауапкершілік мәселесін қайта қарау қажеттігін көрсететінін жеткізді.