Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметіне 1996 жылы туған Аида Садатқызы Тулеева тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұған дейін ол Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.
Аида Тулеева Мәскеу политехникалық университетінің Баспасөз және медиаиндустрия жоғары мектебін «Журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Ол еңбек жолын 2015 жылы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Маңғыстау облыстық филиалында редактор болып бастаған. Кейін республикалық басылымдардың меншікті тілшісі болып, Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінде еңбек еткен.
2021 жылы Маңғыстау облысы әкімі аппаратында жұмыс істеді. Сол жылы облыстық Қоғамдық коммуникациялар орталығының басшысы болып тағайындалып, бұл қызметті 2025 жылға дейін атқарды. Ал 2025 жылғы қазан айынан бастап Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметінде болды.
Аида Тулеева – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Сонымен қатар спорт шеберлігіне үміткер және Маңғыстау облысының көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының президенті.
