Үш жылдан бері елімізде ең тө­менгі жалақы 85 мың теңге болып кел­ді.
Сапарбай Жобаев,  экономист:  Әлеуметтік экономиканы дамыту бағыты
133
оқылды

Бюджетте 5-6 трлн теңге тапшылық болып тұрған шақта оны бірден 150 мың теңгеге дейін көтеру мүмкін емес еді. Сон­дықтан көп сарапшының ара­сын­да ол 100-115 мың теңге ша­масында болуы мүмкін екені ай­тылған. Ақыры есептей келе, бюд­жет тапшылығы көп болып тұр­са да ең төменгі жалақы ала­тын­дарға аз да болса қосуды дұ­рыс деп есептеймін. Бұл әрине бюджетке де, квазимемлекеттік кә­сіпорындарға да қосымша ауырт­палық. Бірақ біз әлеуметтік экономиканы дамытамыз дегеннен кейін дұрыс шешім болды. 

Енді мұны жүзеге асыруда бір қызық жағдай бар. Ең кіші жа­лақыны көтердік деген­мен, министрліктердегі, квази­мем­ле­кеттік кәсіпорындардағы, әкім­діктердегі өте үлкен жалақы­лар да соған сәйкес өседі. Бұл біз­дегі инфляцияны тоқтатуға кедергі жа­сап жатыр. Осыған дейін әр жылы индексация жүргізуді жа­рияладық. Соны орта жалақыға дейін жасау керек те одан, яғни 480 мың теңгеден жоғары алатындарға ондай әдісті қолданбаса екен. Сонда ғана инфляцияны тоқтатуға ықпал ете аламыз. 

Әрине, бұл жаңалық медбике, еден жуушы секілді бюджет қыз­мет­керлерінің жалақыларын кө­теруге әсер етеді. Бірақ оның эко­номикаға мынадай да әсері бар. Мәселен, біздегі жеке кәсіпкерлік саласында шамамен 3-4 млн адам өзін ең төменгі жалақы алатын адам ретінде көрсетіп жүр. Со­ның арқасында салықтары да, түр­лі төлемдері де соған сәйкес есептеледі. 

Осындағы тағы бір жайт, бұрын 150 мың алатын адам 85 мың тең­гесін бөліп тастап, қалған 65 мың теңге табысы үшін 10 пайыз са­лық төлейтін. Енді жаңа тәртіп бойынша 100 мыңын алып тастап, 50 мыңы үшін ғана салық төлейді. Бұл жеке кәсіпкерлерден түсетін табыс салығын азайтады. Әйтсе де, ең төменгі жалақыны көтеру өзекті болып тұр. Сондықтан Президент былтырғы Салық кодексіне өзгеріс енгізу туралы айтқанда сол табысы жоғары азаматтарға қолданылатын прогрессивті салық жайлы айтып тұрған болса керек.