Шымкентте тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру, әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың баспанаға қол жеткізуіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстар қаланың әлеуметтік-демографиялық дамуының маңызды бөлігіне айналып отыр.
Әр шаңыраққа – тұрақтылық пен сенім
Отбасының әл-ауқаты мен қоғамның тұрақтылығы бір-бірімен тығыз байланысты. Өз үйі бар отбасы болашаққа сеніммен қарап, балаларын тәрбиелеуге, білім алуына және тұрмысын жақсартуға көбірек мүмкіндік алады. Сондықтан тұрғын үй мәселесін шешу тек құрылыс саласына қатысты міндет емес, ол әлеуметтік саясаттың, демографиялық дамудың және адам капиталына инвестиция салудың маңызды бағыты. Халық саны артып, тұрғын үйге сұраныс көбейіп келе жатқан Шымкент қаласында баспана мәселесін шешу әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Осы орайда қалада тұрғын үй құрылысын дамыту, жеңілдетілген бағдарламаларды іске асыру және азаматтардың жеке баспанаға қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Жуырда қалада тұрғын үймен қамтуға арналған екі бағыт бойынша кезекті іс-шаралар өтіп, барлығы 60 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Оның ішінде 30 отбасына сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй ұсынылды. Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Баспана Асар-2 шағынауданындағы көпқабатты үйлерден берілді. Жаңа қоныс иелерінің қатарында мүгедектігі бар азаматтар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған және толық емес отбасылар бар. Бұл санаттағы азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімді болуының маңызы ерекше. Себебі тұрақты баспана отбасылық тұрмысты реттеуге, балалардың қажеттіліктеріне көңіл бөлуге және болашаққа сенімді жоспар құруға мүмкіндік береді.
Сатып алу құқығымен жалға беру тетігі азаматтарға тұрғын үйді бірден толық құнына сатып алмай, жалға алу арқылы кейіннен өз меншігіне өткізуге жағдай жасайды. Осылайша, баспанаға мұқтаж азаматтарға жеке тұрғын үйге қол жеткізудің қосымша мүмкіндігі ұсынылады.
Жеңілдетілген бағдарламалар – баспанаға қолжетімділік тетігі
Қалада «Отбасы банк» АҚ арқылы жүзеге асырылатын жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары да тұрғындарды баспанамен қамтуда маңызды рөл атқарады. Кезекті іс-шара барысында тағы 30 отбасына пәтер кілттері табысталды. Тұрғын үйлер Бозарық, Ақжайық және Асар-2 шағынаудандарында орналасқан. Азаматтар «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламаларына қатысып, төлем қабілеттілігі мен белгіленген талаптарға сәйкестігін растағаннан кейін пәтер сатып алды.
Баспаналы болғандардың арасында көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, толық емес отбасылар және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Бұл жеңілдетілген тұрғын үй тетіктерінің әртүрлі әлеуметтік топ үшін маңызын көрсетеді. Екі іс-шараның нәтижесінде 60 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды. Әрине, бұл көрсеткіш қаладағы баспанаға деген жалпы сұранысты толық өтемейді. Дегенмен әрбір отбасының жеке үйге қол жеткізуі әлеуметтік қолдаудың нақты нәтижесі.
Отбасы құндылығы – қоғам тұрақтылығының тірегі. Қазақ қоғамында отбасы әрдайым ерекше орынға ие. Жас отбасылар үшін тұрғын үйдің қолжетімді болуы жеке өмірін жоспарлауға және бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуге жағдай жасайды. Сондықтан тұрғын үй саясатының нәтижесін берілген пәтерлер санымен ғана бағалау жеткіліксіз. Оның шынайы тиімділігі отбасылардың тұрмыс сапасының жақсаруынан, әлеуметтік осалдық тәуекелдерінің төмендеуінен және балалардың қолайлы ортада өсуіне жасалған мүмкіндіктерден көрінуге тиіс.
Шымкенттің әлеуметтік-демографиялық дамуы тұрғын үй құрылысымен қатар, жаңа шағынаудандардағы инфрақұрылымның сапасына да тәуелді. Бозарық, Ақжайық және Асар-2 аумақтарында тұрғын үй қорының кеңеюі баспанаға мұқтаж азаматтарға мүмкіндік беріп отыр.
Асар-2 шағынауданындағы сатып алу құқығымен жалға берілетін үйлер қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес салынып, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қосылған. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі мен күнделікті тұрмыс қолайлылығын қамтамасыз ету үшін қажет. Сонымен бірге жаңа шағынаудандардың толыққанды дамуы мектептер мен балабақшалардың, медициналық мекемелердің, қоғамдық көлік пен демалыс орындарының қолжетімді болуын талап етеді. Тұрғын үй құрылысы осы қажеттіліктермен қатар жоспарланған жағдайда ғана адамдар үшін қолайлы өмір сүру ортасы қалыптасады.
Сондықтан Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың басты мәні пәтер кілтін табыстаумен шектелмей, әр отбасының сапалы өмір сүруіне жағдай жасау. Өйткені берік отбасы, қолайлы орта және ұрпақ болашағына деген сенім тұрақты дамзі.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы
