Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкіметтің даму индексі рейтингінде 24-орын алып, көрсеткіш бойынша Швейцария, Франция, Канада, Қытай, Түркия, Латвия және Италияны артта қалдырған болатын. Қазір еліміз осы биіктікті сақтап тұр. Оның үстіне ТМД мен Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұрған еліміз Ресей, Өзбекстан, Грузия, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан сынды мемлекеттерді артта қалдырды.
Қазақстанның цифрлық дамуы: жеті жылдағы негізгі өзгерістер
133
оқылды

Мұндай жетістікті электронды үкімет инфрақұрылым өндірісі мен электронды үкімет арнасы жетіле түскенін көрсетеді. Соның арқасында өндіріс көрсеткіші 2,5 есе артқан. Тіпті, Президенттің 28 қазандағы Жолдауында Қазақстан цифрлық экономика құруға міндетті екенін атап, азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, смартфон арқылы заңды табыс табуына мүмкіндік жасап, елдегі цифрландыру тек қымбат бағдарламаларды сатып алумен немесе қолданыстағы үдерістерді автоматтандырумен шектелмей, блокчейн технологиялары мен цифрлық платформаларды одан әрі дамытып, жасанды интеллектіні коммерцияландырып, цифрлық экономиканы дамытуға қажетті инфрақұрылым құрып, Digital Qazaqstan стратегиясына қатысты негізгі мәселелерге тоқталған болатын.

 Қазақстандағы цифрландыру: мемлекеттік қызметтер онлайн форматқа көшуі

Қазақстанда цифрландыру мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін өзгертіп, азаматтардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік берілді. Электрондық үкімет порталы арқылы азаматтар түрлі анықтама алып, өтініш беріп, құжаттарын рәсімдей алуға мүмкіндік туды. Цифрлық қызметтер білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында да кеңінен қолданыла бастады.

Жоғарыда айтып кеткендей, БҰҰ-ның 2024 жылғы Электрондық үкіметті дамыту индексінде Қазақстан 193 мемлекеттің ішінде 24-орынға иеленіп, онлайн-қызметтер индексі бойынша әлемде 10-орынға көтерілген. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік қызметтердің цифрлық қолжетімділігін, телекоммуникациялық инфрақұрылымды және адами капиталды бағалауға негізделген.

Соның бірі – eGov қосымшасы, яғни Электрондық үкімет порталы  күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Нақтырақ айтсақ, азаматтарға мемлекеттік органдарға бармай-ақ бірқатар қызметті онлайн алуға мүмкіндік алды. Цифрлық құжаттар, электрондық өтініштер және мобильді сервистер мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жеңілдетеді.

Ресми деректерге сәйкес, eGov.kz порталында 15 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. Портал арқылы көрсетілген қызметтердің жалпы саны 508 миллионнан асқан. Ал eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы 111 миллионнан астам қызмет көрсетілген. Бүгінде ел ішінде бұл платформа қалыпты дүниеге айналды.

Биыл eGov.kz электрондық үкімет порталы іске қосылғанына 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында портал қарапайым ақпараттық ресурс деңгейінен толыққанды цифрлық экожүйеге дейін дамып, әрбір қазақстандықтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.

eGov.kz тарихы – бұл 2006 жылдан бастау алған жүйелі даму кезеңдерінің жиынтығы. Порталдың негізін қалауға Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 10 қарашадағы №1471 Жарлығы, яғни 2005-2007 жылдарға арналған электрондық үкіметті қалыптастыру мемлекеттік бағдарламасы себеп болды. Алғашында портал тек анықтамалық қызмет атқарып, азаматтарға мемлекеттік органдар мен қызметтер туралы ақпарат ұсынумен шектелген еді.

Уақыт өте келе электрондық үкіметтің базалық инфрақұрылымы қалыптасып, мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта алу мүмкіндігі пайда болды. Даму кезең-кезеңімен жүзеге асты: алғашқы электрондық қызметтерден бастап онлайн төлемі бар транзакциялық сервистерге, одан әрі өмірлік жағдайларға негізделген кешенді қызметтерге дейін жетті.

Цифрлық инфрақұрылымның маңызды элементтері енгізілді. Олардың қатарында мемлекеттік деректер базалары, ведомстволық ақпараттық жүйелер, eLicense.kz порталы, Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы және электрондық үкімет шлюзі бар. Бұл шешімдер ең сұранысқа ие қызметтерді алуды жеңілдетіп, мемлекеттік органдарға жеке жүгіну қажеттілігін едәуір қысқартты. Мысалы, заңды тұлғаны небәрі 15 минут ішінде тіркеуге немесе баланың тууын онлайн рәсімдеп, бір мезетте жәрдемақыға өтініш беріп, балабақша кезегіне қоюға мүмкіндік туды.

2019 жылы электрондық үкіметтің мобильді қосымшасы жаңартылып, eGov Mobile ретінде дами бастады. Пандемия кезеңі жүйе үшін үлкен сынақ болумен қатар, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Шектеулер жағдайында eGov.kz мемлекет пен азаматтар арасындағы негізгі байланыс арнасына айналып, қызметтерге қашықтан үздіксіз қол жеткізуді қамтамасыз етті. 2020 жылы биометриялық сәйкестендіру енгізіліп, қызмет алу үдерісі одан әрі жеңілдеді. Осы кезеңде пайдаланушылар саны мен онлайн қызметтер көлемі айтарлықтай өсті.

Сонымен қатар Smart Bridge, Smart Data Ukimet және eGov Business жобалары іске қосылып, цифрлық құжаттар бағыты қарқынды дамыды.

 Цифрландырудың келесі кезеңі

Бүгінде электрондық үкімет күнделікті өмірдің қалыпты құралына айналды. Порталда 15 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген, ал көрсетілген қызметтердің жалпы саны 508 миллионнан асты. eGov Mobile арқылы 111 миллионнан астам қызмет көрсетілген, бұл азаматтардың мобильді форматқа тұрақты түрде көшіп жатқанын көрсетеді. Қазіргі 1300-ден астам мемлекеттік қызметтің шамамен 90%-ы онлайн қолжетімді. Сондай-ақ пайдаланушылар үшін 39 цифрлық құжат ұсынылған.

Қазақстанда цифрлық трансформацияны одан әрі дамыту, мемлекеттік қызметтерді азаматтардың қажеттіліктеріне бейімдеу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану бағытында жұмыс жүргізілуде. Алдағы кезеңде қызметтерді проактивті форматқа көшіру маңызды рөл атқарады. Бұл азамат мемлекеттік органға арнайы өтініш бермей тұрып, қажетті қызметті ұсынуға мүмкіндік беретін тәсіл. Цифрландырудың тиімділігі тек онлайн қызметтердің санымен өлшенбейді. Интернетке қолжетімділік, цифрлық сауаттылық, жеке деректердің қауіпсіздігі және сервистердің тұрақты жұмыс істеуі де маңызды.

Атап айтқанда, eGov AI және AlemGPT платформасы сияқты құралдар азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара әрекеттесуді барынша қарапайым әрі түсінікті етеді, соның ішінде табиғи тілде диалог жүргізу мүмкіндігін береді. Қазіргі уақытта толық циклді қызмет көрсетуге арналған мультиагентті AlemGPT платформасы сынақтан өтуде. Болашақта ол мемлекеттік қызметтердің барлық түрі бойынша толыққанды AI-көмекшіге айналады.

БҰҰ сарапшылары Қазақстанның электрондық үкіметі мен оның құрамдас бөліктерінің тиімділігін жоғары бағалады. Аталған жүйелердің операторы – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ. Қазақстан онлайн-қызметтер индексі (OSI) бойынша 10-орынға ие болып, әлемдік рейтинг көшбасшылары – Оңтүстік Корея, Дания және Эстониямен қатар тұр. Сонымен қатар, Қазақстан телекоммуникациялық инфрақұрылым индексі (TII) бойынша өз позициясын 23 орынға жақсартып, 41-орынды иеленді.

Сондай-ақ, Қазақстан цифрлық инфрақұрылымға белсенді түрде инвестиция салып, жасанды интеллект, блокчейн және заттар интернеті (IoT) сияқты озық технологияларды енгізу арқылы цифрлық трансформация саласында айтарлықтай ілгерілеген. Бұл бастамалар басқаруды және мемлекеттік қызмет көрсетуді түбегейлі өзгертті, оларды қолжетімді әрі ашық етті.

Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік мәселелері әрдайым басым бағыт болып қала береді. Жеке деректерді қорғау конституциялық деңгейде бекітілген және цифрлық инфрақұрылымның тұрақтылығымен қатар мемлекеттік сервистерге деген сенімнің негізі ретінде қарастырылады. Осы жетістіктердің артында ең басты нәтиже тұр – азаматтардың үнемделген уақыты мен ресурстары, сондай-ақ бюрократиялық жүктеменің айтарлықтай азаюы. Бүгінде eGov жай ғана құрал емес, мемлекет пен қоғамның сенімді цифрлық серіктесіне айналды.

Қорыта келе, Қазақстанның электрондық үкіметті дамытудағы халықаралық көрсеткіштері мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа көшіру бағытында елеулі нәтижелер бар екенін көрсетеді. Ендігі міндет — осы мүмкіндіктерді барлық азаматқа қолжетімді етіп, қызмет сапасын арттыру және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.