Ішкі істер министрінің бұйрығымен Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Армат Оразғалиұлы Абылғалиев «Ғазиз Байтасов» медалімен марапатталды.
Ол – Ішкі істер министрлігінің ведомстволық наградалар жүйесіндегі жаңа марапаттың алғашқы иегерлерінің бірі.
Марапатты әскери қызметшіге Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов табыстап, оның батылдығы мен азаматтық жауапкершілігін жоғары бағалады.
Армат Абылғалиев биылғы 26 тамызда үйінде демалып жатқан кезде кіреберістен көмек сұраған дауысты естіген. Баспалдақ алаңына шыққан ол қорқып тұрған баланы кездес-
тіріп, бесінші қабаттағы пәтерде өрт шыққанын, ал оның екі інісі үй ішінде қалғанын білген. Жағдайдың қауіптілігіне қарамастан, ұландық уақыт жоғалтпай, түтінге толған пәтерге кіріп, екі баланы қауіпсіз жерге алып шыққан. Осыдан кейін ол төтенше жағдайлар қызметіне хабар беріп, көршілердің барлығының есігін қағып, көмекке шақырып, өртті сөндіруге кіріскен. Көп ұзамай оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды толықтай ауыздықтады.
Ұлттық ұлан жауынгері Армат Абылғалиевтің батыл әрекетінің арқасында екі баланың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды. Оның ісі әскери антқа адалдықтың, адам өміріне деген жауапкершіліктің және қиын сәтте батыл шешім қабылдай білудің жарқын үлгісі болды.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілері үшін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – күнделікті қызметтің ғана емес, адамгершілік парыздың да көрінісі. Ұлттық ұлан сарбаздары әскери қызметшінің ерлігін мақтан тұтады. Мұндай азаматтық батылдық пен қайсарлық – жас ұрпаққа үлгі, ал Отанға қызмет етудің биік өлшемі.
лейтенант Жанболат Кенжеғұл
