Еуропа еліне сыйлымыз
Еуропа еліне сыйлымыз
373
оқылды
Грекия Қазақстанды Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақ­тылық орталығы деп санайды және еліміздегі өзгерістерді үлкен қызығушылықпен бақылап отыр. Бұл туралы Мәжіліс Төра­ғасы Нұрлан Нығматулинмен кез­десуі кезіне Грек Респуб­ли­касы­ның Қазақстандағы елшісі Адам-Георгиос Адамидис мәлім етті. Нұрлан Зайроллаұлы грек елі Қа­зақстанның Еуропадағы маңызды әріп­тесі екені атап өтті. Биыл өзара диплома­тиялық қатынастың орнағанына 28 жыл толды. Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев осы мемле­кетпен ынтымақтастықты нығай­туға зор көңіл бөлгенін еске сала келе, Н.Нығма­тулин қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің саяси бағытын одан ары жалғастырып жатқанына тоқталды. Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, бүгінде мемлекеттер арасында сауда-эко­номикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар белсенді дамып келеді. Алдағы уақытта, әсіресе туризм сала­сын­дағы әріптестік маңызды рөл атқарады. Мәжіліс төрағасы парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға айрықша көңіл бөлді. Заң шығару органдары ара­сында табысты ықпалдастық екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуге ықпал етпек. Өз кезегінде елші мырза Грекияда Қазақстанды бейбітшіл және тұрақты мемлекет ретінде жоғары бағалайтынын, сонымен қатар еліміздің даму бағдарына ұдайы ынта-ықылас білдіретінін жет­кізді. Адам-Георгиос Адамидис эконо­миканы әртараптандыру бағытында Грекия күн энергетикасы мен баламалы қуат көздері саласында өз тәжірибесін ұсынуға дайын екенін жеткізді. Жүздесушілер екі ел арасында парла­ментаралық іс-қимылдың әлеуеті мықты екенін тілге тиек ете отырып, парламент­тердің бейінді комитеттері мен ынты­мақтастық топтары арқылы өзара бай­ланысты тереңдетудің маңыздылығына назар аударды.   Елдос СЕНБАЙ