Дерт жұқтырғандар шеттен келген
Дерт жұқтырғандар шеттен келген
85
оқылды
Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқ­тыр­ғандар саны төртеуге жетті. Ауырғандардың барлығы – «Минск–Нұр-Сұлтан» ұшағының жолаушылары. Бортында 67 адам болған халықаралық рейс 18 наурызда Үкіметтің ше­шімімен Қарағандыға шұғыл қондырылған еді. Қарағандыда коронавирус инфекциясы (COVID-19) тағы екі адамда расталды. Олар Фран­циядан «Минск – Нұр-Сұлтан» рейсімен 18 наурызда ұшып кел­ген. Пациенттер бір-біріне жақын туыс. Оларда вирус зертханалық талдаулар арқылы 25 наурызда расталды. Қазіргі уақытта науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Осымен бұл рейспен ұшып келгендер арасында қауіпті дерт­ке шалдыққандар саны төрт­ке жетті. Жұқтырғандар қон­ған­нан кейін бірден карантинге жатқы­зылған.
– Рейстің қалған жолаушы­ларынан 26 наурыз күнгі талдау бойынша коронавирус белгілері та­был­мады. Ауырғандар Қара­ғанды облысының тұрғын­да­ры емес. Жұқтыр­ған­дар оқшаулан­ған бокстарда, – деп хабарлады облыстық Ден­сау­лық сақтау бас­қармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Теміртауда әкімшілік сот су­пермаркет әкімшісін 10 тәулікке қамады. Сауда орнында кассир келушілерге қолғапсыз қызмет көр­сеткен. Сонымен қатар са­тып алушылар арасындағы арақа­шықтық сақталмаған. Ал Қар­қаралы ауданының тұрғыны 58 адамның қатысуымен мерекелік шара өткізгені үшін 5 тәулікке қамауға алынды. Сот оны Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша кінәлі деп тапты. Қазіргі таңда полиция қыз­мет­керлері Төтенше жағдай ре­жимін бұзғандарға қатысты әкімшілік сотқа 80-нен астам іс тапсырды. Оның 28-і бойынша шешім шығарылды. 11 жағдайда әкімшілік қамауға алынып, 12 дерек бойынша айыппұл са­лынды. Тағы 54 іс алдағы уақытта қаралады.    width= 23 наурызда Қарағанды әуе­жайына «Варшава – Қарағанды» рейсінің ұшағы келіп қонды. Арнайы рейстің бортында 207 адам болды. Барлығы COVID-19 ви­русына тест тап­сыр­ды. Жо­лаушылардың еш­қайсысы­нан ауру анықталған жоқ. Бортпен шетелде оқып жат­қан қазақстандық студенттер мен өзге де отандастарымыз ұшып келді. Варшавалық рейстің бар­лық жолаушысы карантинді үй жағдайында ұстануға жіберілді.
– Барлық дәрігерлер Польша­дан келген адамдарды ба­қылау үшін госпитальге өз еркімен келді. Бұл – біздің дәрігерлік парызымыз. Біз барлығының сау екенін білгенде, қатты қуандық, – дейді жалпы тәжірибе дәрігері Хайролла Ерғашев.
Қарағанды облысының авто­мобиль жолдарында 6 сани­тарлық бекет жұмыс істейді. Санитарлық бекеттер ашыл­ған сәттен бастап олар ар­қылы 26 700 көлік өтті. Бай­ланыссыз тер­мометрия 54 мың­нан астам адам­ға жасалды. Қызуы бар жолау­шылар ауруханаға жат­қы­зылды. Облыс аумағына кіре­тіндер сауалнама толтырды. Қарағанды гарнизонының әскери қызметшілері теміржол және автовокзалдарға санитарлық өңдеу жұмыстарын бастап кетті. Зарарсыздандыру іс-шарасына жүзден астам әскери қызметкер қатысты. Жақын күндері олар мектеп, балабақша, медициналық мекемелер, сауда орталықтары, базарлар, сондай-ақ жаяу жүр­гіншілер жолдарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, гүлзарлар, саябақтар және т.б. аумақтарына дезинфекциялау жүргізеді.
– Әскери қызметкерлер жеке қорғаныс киімдерімен жұ­мыс істейді. Өңдеу үшін жуу құ­ралдарын, «Рубеж» дезин­фекциялық ерітіндісі бар жеке газсыздандыру жинақтарын пайдаланады. Ерітінді адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз және 5 сағатқа дейін әрекет етеді. Дезинфекциялау үшін қажетті реагенттер қорын АРС-14KZ ав­томобиль құю стансалары қам­тамасыз етеді, – деді «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары Қанат Дайыров.
Қарағанды облыстық мә­слихатының кезектен тыс XXXVI сессиясы онлайн режимінде өтті. Жиналыстың дистанциялық форматын депутаттар елдегі тө­тенше жағдайға және бұқаралық іс-шараларға тыйым салуға бай­ланысты таңдады. Сессия күн тәр­тібінде облыстық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесін қа­ра­ды. Депутаттар бюджеттің шы­­ғыс бөлігін түзетулерді бе­кітті. Осындай қиын уақытта қа­зына­дағы ақша шұғыл қажет­тіліктерге бағытталмақ. Оған инфекциялық ауруханалар мен бөлімшелерге жеке қорғаныс құралдары мен медициналық жабдықтар сатып алынады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорын то­лықтыруға қосымша қаражат бөлінді. Сондай-ақ Төтенше және күтпеген жағ­дай­ларға арналған облыстық бюджеттің резерві ұлғайтылды. Бүгінгі күні карантинде 314 адам тәулік бойы бақылауда. Бұл 1А санатындағы елдерден оралған немесе шартты түрде жұқтырған адамдармен байланыста болған азаматтар. Тағы 152 адам үй жағ­дайында карантиннен өтуде. 9 000-нан астам нысанда сани­тар­лық-дезинфекциялық режим күшейтілді.  

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы