Егемендіктің өткен онжылдықтарындағы ең бір көкейкесті проблема – экономиканың мұнай секторына шектен тыс тәуелділігі болатын.
Өңдеу өнеркәсібі – өркендеу өзегі
137
оқылды

Президент қойған міндеттер аясында экономиканы әртараптандыруға басымдық берілді. Осы арқылы бүгінде Қазақстанның қара алтыннан түсетін табысқа тәуелділігі біраз еңсерілген көрінеді. Үкімет биылғы жылдың 9 айының қорытындысын шығарды. Одан шикізаттық емес салаларды дамыту нәтижесінде енді ел экономикасының өсімін өзге салалар қамтамасыз етіп отырғаны белгілі болды. 

Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы телекөпір ар­қылы құрылысына ақ жол аш­қан Ақ­тоғай мыс балқыту зауыты – кеңес кезінен өзге елдердің ши­кізат қоймасы болып келген Қа­зақстанның жаңа замандағы тү­леуі мен өнеркәсіптік қуатын паш ететін тағы бір символға айнал­мақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы Ақто­ғай кен орнында салынатын зауыт­ты тұтас ел экономикасының өркендеуіне тың серпін беретін аса маңызды жобаның бірі деп ата­ды. Сондай-ақ ол еліміздегі өң­деу өнеркәсібінің даму қар­қы­нын «жақсы» деп бағалады. 

Жаңа кәсіпорын жылына 300 мың катодты мыс шығарады. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қам­тамасыз етуге жетеді. Осы зауыт іске қосылған соң Қазақ­стан жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін жаһандық жетекші елдердің «ондығына» кіре алады. Мұның сыртында кәсіпорында ал­тын және күкірт қышқылы өн­діріл­мек.

Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистрлігінің мәліметіне сәйкес, тек бір жылда, 2025 жыл қорытын­ды­­сында Қазақстанда жалпы со­ма­сы шамамен 1,5 трлн теңгені құ­райтын осындай 190 ірі ин­дустрия­лық жоба пайдалануға бе­рі­ліп, онда 22 мыңнан астам тұ­рақ­ты жұмыс орны құрылған. Соңғы үш жылда еліміздің барлық аймағында 540 индустриялық жо­ба іске қосылды. Соның арқасын­да 50 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды. Былтыр өңдеу сала­сын­дағы жалпы өнім көлемі 60 миллиард долларға жуықтады. Ал 2026 жылы жалпы сомасы 2 трлн теңгеге дейін жететін 200-дей жо­баны іске асыру жоспарланған. Бар­лық жоба толық қуатына шық­қан кезде өндіріс көлемі ша­мамен 2,3 трлн теңгеден асуға тиіс.

Экономиканың жаңа, жасампаз өрісі

Биылғы жылғы қаңтар-қазан аралығындағы ел дамуының қо­ры­тындыларына келсек, Қазақ­стан экономикасы құрылымдық жаң­ғыру жолында оң дина­ми­ка­сын сақтап отыр. Экономиканы әр­тараптандыру, шикізаттық емес салаларды дамыту және өндірістік әлеуетті арттыру бағытындағы үде­­­рістер нақты нәтижелерін, сал­­­­мақты жемісін бере бастады. 2026 жылдың 9 айында экономика 4,2%-ға өсті. Өсімнің негізгі қоз­ғаушы күші, драйвері – ши­кі­зат­тық емес сектор! Ол 5,4%-ға арт­­қан. 

Мұнайлық емес салаларда өрлеудің ең жоғарғы қарқынын ке­лесі секторлар көрсетті: құ­ры­лыс – 11,5%, өңдеу өнеркәсібі – 8,6%, көлік –7,2%, сауда – 6,2%, ауыл шаруашылығы – 5,8%. Сөй­тіп, кейінгі жылдары ел эко­но­ми­касы тіректерінің құрылымы бір­тіндеп өзгерді: тиісінше, өсім де бұрынғыдай шикізатпен шек­те­ліп қалмай, бірнеше секторға қа­тар сүйенеді. Осының нәтиже­сін­де, 2026 жылдың тоғыз айында мұ­най өндірісі 8,6%-ға құлдыра­ға­нына қарамастан, экономика оң динамикасын сақтай алды.

Президент айтқандай, эконо­м­и­каның орнықтылығы оның қан­шалықты мол ресурс өндіре­ті­німен өлшенбейді. Ең маңыз­ды­сы – сол ресурстардың әлемдік на­рықтағы бағасы құбылғанда не­месе өндіріс көлемі кемігенде, елдің даму қарқынын сақтап қалуы. Осы тұрғыда Қазақстан­дағы экономикалық әртараптан­дырудың мәні терең. Ол – шикі­зат­қа тәуелділікті азайту, сонымен бір­ге ұлттық экономиканың ішкі мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа өн­дірістерге, жаңа кәсіптерге жә­не қосылған құны жоғары өнім­дерге даңғыл жол ашу деген сөз.

Әртараптандыру – тұрақтылық тірегі

Қазақстан экономикасындағы құрылымдық бетбұрысты көр­се­тетін басты өлшемнің бірі – мұ­най секторының ЖІӨ-дегі үле­сінің төмендеуі. 2010 жылы бұл көр­сеткіш 16,5%-ды құраса, бү­гін­де ол 7,8%-ға дейін азайған. Әри­­не, мұнай-газ саласы ел эко­номикасының маңызды құрамдас бө­лігі болып қала береді. Алайда ұлт­тық әл-ауқаттың ұзақмерзімді «тағ­дырын» бір ғана ресурсқа бай­ламай, өзге салалардың да әлеуетін толық іске қосу – уақыт та­лабы.

Осы орайда күшейіп келе жат­қан өңдеу өнеркәсібінің орны ай­­­рықша. 2026 жылдың бірінші жар­тысының қорытындысы бойын­ша бұл саланың Қазақ­стан­ның ЖІӨ-сіндегі үлесі 14%-дан асты: бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Яғ­ни мұнай секторының үлесінен екі еседей көп. Бұл – эконо­ми­ка­ның шикізатты өңдеуге, одан жүз­деген түрлі дайын өнім шы­ғару­ға және өндірістік тізбектерді да­мытуға бет бұрғанының маңыз­ды нышаны.

Өңдеу өнеркәсібінің үлесі арт­қан сайын экономиканың іш­кі мазмұны да өзгереді. Өйткені мұнда технология, инженерлік бі­лім, жаңа еңбек дағдысы, ғы­лыми ізденіс пен кәсіпкерлік бас­тама тоғысады. Өндірістің да­муы жаңа жұмыс орындарын ашу­ға, отандық өнімнің түр-түрін кө­бейтуге және ішкі нарықтың мүм­кіндігін кеңейтуге жол аша­ды. Сондықтан өңдеу өнер­кәсі­бінің өсімін тек бір саланың же­тіс­тігі ретінде емес, ұлттық эко­но­миканың сапалық жаңғыруын та­нытатын көрсеткіш ретінде ба­ғалаған жөн.

Оң серпін өңдеу өнеркәсібінің ішкі салаларында да байқалады. 2026 жылдың басынан бері ең жо­ғары өсім дайын металл бұйым­­дарын өндіру саласында тір­келді (34,8%). Фармацевтика өнер­кәсібі 30,9%-ға, автомобиль жа­сау 29,9%-ға өсті. Химия өнер­кәсібіндегі өсім 23,4%-ды құраса, электр жабдықтарын өндіру көле­мі 20,7%-ға артты. Резеңке және плас­тмасса бұйымдарын шығару 18,1%-ға, азық-түлік өнімдерін өн­діру 13,8%-ға артты. 

Бұл сандардың әрқайсысы өн­дірістің белгілі бір бағытындағы жә­не айналып келгенде, бүкіл Қа­­зақстандағы ілгерілеудің кө­рінісі. Дайын металл бұйымдары өн­­дірісінің өсуі өңдеуші сек­тор­дың мүмкіндіктерін кеңейтсе, фар­мацевтика өнеркәсібіндегі алға озу – халық денсаулығын сақ­тауды өрістетуге сеп. Қара ал­тынды немесе басқа шикізаттарды шетелге шығаруға қатысы жоқ өзге салалардың өрлеуі Қазақ­стан­ның халықтың күнделікті сұра­нысынан бастап, күрделі өн­дірістік қажеттіліктерге дейін өзге­ге тіленбей, өз өнімдерімен өтеу қабілеті мен қуатының өске­нін білдіреді. 

Қазақстан экономикасының мұнайдан тыс өсім қайнарлары біртіндеп артып келеді. Ұлттық ста­тистика бюросының дере­гін­ше, шикізаттық емес сектордың ЖІӨ-дегі қосылған құнының үле­сі рекордтық 77,7%-ға жет­кен. Бұл ұлттық экономиканың қа­­лып­­тасуында мұнай-газ өн­дірі­сі­не тікелей қатысы жоқ са­ла­лардың рөлі күрт күшейге­нін көрсетеді. 

Алайда осы үрдістің тұрақ­ты­лығы жоғары қосылған құны бар өндірістерді тоқтаусыз дамытуға, ең­бек өнімділігін үздіксіз арт­ты­руға, дайын өнім экспортын әрі қарай кеңейтуге және шағын, орта бизнестің бәсекеге қабілетін үде­мелі нығайтуға тікелей бай­ла­ныс­ты болмақ. Мұнайдан тыс кіріс­тердің өсуі бюджет тұрақ­ты­лығын қамтамасыз етіп қана қой­май, мемлекеттік қаржының мұ­най нарығындағы ахуалға тәуел­ділігін азайтып, ұзақмерзімді эко­номикалық өсімнің берік не­гі­зін қалыптастырады.

Сондықтан экономиканың жаңа ұстынына айналған сала­лар­дың өсім қарқыны ғана емес, қол жеткен нәтижені ұзақ мерзім­ге орнықтыру да маңызды. Ол үшін инвестициялар нақты сек­тор­дағы өндірістік қуаттарды арт­тыруға, жаңа жұмыс орында­рын ашуға және жаһандық на­рық­та бәсекеге қабілетті өнім шы­ғаруға бағытталуы қажет. 

Экономикалық өркендеудің мә­ні – бүгінгі мүмкіндікті ертеңгі зор әлеуетке айналдырып, ағым­дағы жетістікті ұзақмерзімді да­му­д­ың іргетасына айналдыру. Мем­лекет басшысының эконо­ми­­каны жаңғырту бойынша қой­ған стратегиялық міндетінің ең бас­ты межесі де осы.

Айхан ШӘРІП