30 қазанда Көкшетау қаласында көз жұмған ер адам облыстық соттың ішкі қауіпсіздік бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеген.
Көкшетауда сот қызметкері тағы да өз-өзіне қол жұмсады: екі айда екінші өлім
150
оқылды

Ақмола облысында сот жүйесінде қызмет еткен тағы бір маманның мәйіті табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

30 қазанда Көкшетау қаласында көз жұмған ер адам облыстық соттың ішкі қауіпсіздік бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеген. Полиция аталған дерек бойынша «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл биыл Көкшетауда сот қызметкерлеріне қатысты тіркелген екінші қайғылы жағдай болып отыр.

Ақмола облысында тағы бір сот қызметкерінің суыт қазасы қоғам назарын аударып үлкен резонанс туғызды. Қайғылы оқиғаға қатысты ақпаратты өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

Ведомство мәліметінше, 30 қазанда Көкшетау қаласынан ер адамның мәйіті табылған. Алдын ала болжам бойынша, марқұм өз-өзіне қол жұмсаған. Қазіргі уақытта осы дерекке байланысты қылмыстық іс тіркеліп, оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

- Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Кейін белгілі болғандай, көз жұмған азамат Ақмола облыстық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімінде бас маман қызметін атқарған.

Еске салайық, 17 қыркүйекте Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің 27 жастағы басшысы Аян Дүйсековтің қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді. Аталған оқиғадан кейін полиция қылмыстық іс қозғаған еді. Марқұмның туыстары оның өліміне қатысты барлық мән-жайды жан-жақты әрі объективті тексеруді талап етті. Отбасының айтуынша, Аян Дүйсековке ұзақ уақыт бойы моральдық және психологиялық қысым көрсетілген. Алайда Ақмола облысы бойынша Қазақстан Республикасы сот әкімшілігі департаменті марқұмның қазасы қызметтегі қысыммен, тәртіптік жазаға тартылуымен немесе қызметтік баспана мәселесімен байланысты болуы мүмкін деген болжамдарды жоққа шығарған еді.

Осылайша, араға аз уақыт салып, Көкшетауда сот жүйесінде қызмет атқарған тағы бір азаматтың өмірі қиылды. Екі оқиғаның да нақты себептері мен мән-жайы әзірге толық жарияланған жоқ.

Қоғамды алаңдатқан бұл жағдайларға қатысты тергеу нәтижелері қандай болмақ? Қайғылы оқиғалардың артында қандай да бір ортақ себеп бар ма? Әзірге бұл сауалдарға ресми жауап жоқ. Ал түпкілікті қорытынды тергеу нәтижесінде белгілі болуға тиіс.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы