TOKYO-2020
Халықаралық олимпиада комитеті Олимпиада ойындары тарихындағы ауыр шешімдердің бірін қабылдады. Томас Бах бастаған лауазымды тұлғалар әлемді жайлаған коронавирус індетіне байланысты 2020 жылғы Токио Олимпиадасын кейінге шегерді. Кезекті жазғы ойындар 2021 жылы өткізілетін болды. Ал нақты мерзімі әзірге бекітілген жоқ. Негізінде XXXII жазғы Олимпиада ойындары Токиода 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы арасында өтуі тиіс болатын. «Ұйымдастырушылар бұл шешімнен соң $2,7 млрд жоғалтуы мүмкін» деп болжайды Forbes. Басылымның мәліметінше, 2019 жылдың желтоқсан айында ойындардың қаржысы $12,6 млрд-ты құраған. Уақыты шегерілген соң Олимпиаданы ұйымдастыруға тағы $15,3 млрд жұмсалуы мүмкін екен. Бұл жағдайда Токиодағы дүбірлі дода тарихтағы ең қымбат екінші Олимпиада атанады. Айта кетейік, әлемдегі ең қымбат Олимпиада Ресейде өткен еді. Сочидегі ойындарға 21,9 миллиард доллар жұмсалған. Ал Кансай университетінің спорттық экономика профессоры Катсухиро Миямото Токио ойындарының 1 жылдық кешіктіру жоспары шамамен 6,5 млрд еуролық шығын келтіреді деп болжап отыр. Оның пайымынша, спорттық нысандарды күтіп, оларды 2021 жылға дейін дайын күйінде ұстау жалпы 3 млрд 800 миллион еуро шығын әкелеуі мүмкін екен. Айтпақшы, доданың атауы өзгеріссіз қалмақ. Яғни, енді 2021 жылдың жазында өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындары «Токио-2020» деп атала береді.ФУТБОЛ
Сондай-ақ УЕФА ұйымы да EURO-2020 турнирін де 1 жылға шегерді. Аталған маңызды турнирдің мерзімін өзгертуге негізгі себеп коронавирус пандемиясы екені айтпаса да түсінікті. Бастапқыда турнир 2020 жылдың 12 маусым мен 12 шілде аралығында ұйымдастырылатын болған. Жаңа мерзім бойынша 2021 жылдың 11 маусымы мен 11 шілде аралығында өтеді деп жоспарлaнудa. УЕФА ықтимал шығынды 300 миллион еуродан жоғары деп бағалады. Егер турнир кейінге қалдырылса, ұйымдастырушылар бұл өтемақыны барлық клубтар мен лигалардан алуға ниетті. Доп додасының мерзімінің ауысқанына жанкүйерлердің көбі наразы. Өйткені олар алдын ала алған қайтарымсыз ұшақ билеттері мен жалға алынған пәтердің ақшасын қалай қайтарарын білмей бастары қатуда.ТЕННИС
Тағы бір ірі жарыстың бірі – теннистен «Үлкен дулыға» санатына енетін Ролан-Гаррос-2020 турнирі де қыркүйек айына ауыстырылды. Франция теннис федерациясы спортшылар мен ұйымдастырушылардың денсаулығын сақтау мақсатында турнирді қыркүйекке қалдыру туралы шешім қабылдады. Жарыс 2020 жылдың 20 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында өтеді. Әлемде болып жатқан жағдайды жіті қадағалап, індетті ушықтырмау мақсатында түрлі спорт түрінен өтуі тиіс көктемдегі жарыстар да белгіленген уақытында өтпейді. Көптеген спорттық шаралардың кестесіне бірқатар өзгеріс енгізілді.ҚАЗАҚ СПОРТЫ
Еліміздегі жағдай да мәз емес. Халық көп жиналатын барлық іс-шаралар уақытша тоқтатылды. Оның ішінде спорттық жарыстар да бар. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 13 наурыздағы жарғысына, Мәдениет және спорт министрлігінің 2020 жылдың 14 наурыздағы бұйрығына байланысты Қазақстан волейбол федерациясы волейболдан 28-ші Қазақстан чемпионатын уақытынан бұрын аяқтағанын хабарлады. Қазақстан баскетбол федерациясы да ел біріншілігі мен бірқатар жарыстарды уақытша тоқтату туралы ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы Қазақстан баскетбол федерациясының баспасөз қызметі жазды. Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу және сақтық шарасын үдету мақсатында дзюдодан өтетін бірқатар жарыстар да белгісіз мерзімге шегерілді. Сондай-ақ таэквондодан Қазақстан құрамасы Бельгияда өтетін рейтингілік Belgian Open G-2 турниріне қатыспайтын болды. Сәуір айында Иорданияда өтеді деп жоспарланған таэквондодан Азия аймақтық олимпиадаға іріктеу турнирі де кейінге шегерілді. «Астана» велокомандасы әлемде коронавирустың таралуына байланысты таяуда өтетін «Страде Бьянке», «Париж – Ницца» и «Тиррено – Адриатико» жарыстарына қатысудан бас тартты. Команда менеджменті мен дәрігерлер бірлесе отырып осындай шешім қабылдады. Көркем гимнастикадан Қазақстан командасы әлем кубогы кезеңдеріне қатыспайтын болды. Чехияның Брно қаласында өтетін Гран-при турниріне, сондай-ақ Киев пен Марбельедегі Гран-при турнирінен және Ташкент пен Софияда өтетін әлем кубогына бармайды. Халықаралық теннис федерациясы теннистен Қазақстан мен Аргентина арасындағы Федерация кубогының плей-офф ойындарын белгісіз мерзімге шегерді. Федерация күнтізбесіне сәйкес, жарыс 17-18 сәуірге жоспарланған. Ал кейінге қалдырылған ойындар кестесі ITF ресми сайтында жақын арада жарияланады. Бокс пен UFC жарыстары да осындай жағдайды бастан кешуде. Жақында ғана Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жегінің кейінге шегерілгені хабарланған болатын. Спорттық гимнастикадан Дохада (Катар) өтуі тиіс лицензиялық әлем кубогы да уақытша тоқтатылды. Коронавирус эпидемиясының таралуына байланысты әлем кубогының кезеңі 2020 жылдың 3-6 маусымына шегерілді. Фристайл-могулдан Идре Фьелле (Швеция) аймағында жоспарланған әлем кубогының соңғы кезеңі өтпейтін болды. Бұл туралы Халықаралық шаңғы спорты (FIS) түрлері федерациясы хабарлады. Құрлықтық хоккей лигасы COVID-19 індетіне байланысты биылғы маусымды мерзімінен бұрын тоқтатты. Бұл туралы лиганың ресми сайтында жарияланды. Айта кетелік, ҚХЛ-дың плей-офф кезеңінен «Барыс» және «Йокерит» клубтары бас тартқан.ІШКІ ФУТБОЛ
Футболдан ішкі біріншілік те тоқтап тұр. Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков коронавирус індетінің таралуына байланысты футболдан халықаралық және ұлттық турнирлерді өткізу мәселесі туралы айтып, маңызды мәселені сөз етті. – Еліміздегі барлық ресми турнир тоқтатылып тұр. Қазақстандық клуб басшыларына бұл мәселеде жауапкершілік үлкен екенін тағы ескертеміз. Алдын алу шараларын үзбеуді және оқу-жаттығу жиындарын тоқтатуды талап етеміз. Қауіптің беті бері қараған соң клубтар жаттыға бастайды. Ұлттық құраманың 27-30 наурызға жоспарлаған жолдастық кездесулері өтпейді, – дейді Әділбек Жақсыбеков. COVID-19 індетіне байланысты жарияланған карантин кезінде қазақстандық спортшылар бос уақытты тиімді пайдаланып, үй жағдайында жаттығу жұмысын жасауға көшуде. Олардың әзірге қолдан келері – осы ғана. Халық сабыр сақтап, төзімділік танытса, көп өтпей бұл індет те ауыздықталып, жағдай қайта қалыпқа келер. Дегенмен бұл шығынның орнын толтыру қиынға соғары сөзсіз. Бір ғана футболдың өзін алайық. KPMG зерттеу компаниясы коронавирус індетінің кесірінен әлемдегі үздік 5 лига (А сериясы, Ла Лига, АПЛ, Бундеслига, 1 лига) қанша шығынға батуы мүмкін екенін болжады. Бүкіл әлемге таралған індетке байланысты тоқтатылған маусым аяқталмаса, аталған лигалар 4 млрд еуроға дейін шығынға батуы мүмкін екен. «Біздің елдегі футбол маусымы аяқсыз қалса, қанша шығынға батуы мүмкін?» деген сұраққа белгілі комментатор, спорт сарапшысы Ермұхамед Мәулен жауап берді. – Әлемдік футбол біраз қаржыдан қағылатыны түсінікті. Әсіресе, Англия, Испания, Италия, Германия, Франция сияқты Еуропаның алдыңғы қатарлы лигалары, сондай-ақ УЕФА мен ФИФА да біраз ақшадан айырылды. Оның ішінде Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы секілді ірі жарыстардың тоқтап қалуын қосыңыз. Жоспарланып қойылған жарнамалар, матчтар, телекөрсетілімдер – барлығы да болмайды. Бұл шығынның орнын толтыру оңай емес. Ал өзіміздің елге келер болсақ, Қазақстан футболында ондай проблема жоқ деп айтсақ та болады. Неге? Өйткені Қазақстан чемпионаты көп ақша таппайды. Телекөрсетілімдер жоқтың қасы. Екіншіден, жарнама нарығы елімізде өте нашар. Көп емес. Өз шығынын өзі жаба алмайды, – дейді Ермұхамед Мәулен. Қайткенмен де «шығын шықпай, кіріс кірмесі» анық. Ең бастысы, қауіпсіздік шараларын сақтап, жағдайдың қайтадан қалыпқа келуін күту. Сөнген үміт қайта жанар, тоқтаған жарыс та жалғасар. Қазіргі кезде біз үшін сынақтан сүрінбей өту маңызды.Абылайхан ЖҰМАШ