Бас прокурор Берік Асылов «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында Президент Жолдауында айқындалған міндеттердің орындалуы, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау, қылмыстың алдын алу және әлеуметтік нысандар құрылысының нәтижелері туралы жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы жүзеге асырылған конституциялық реформалар аясында мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде еліміз үшін ауқымды басымдықтарды қалыптастыра отырып, айрықша маңызға ие болып отыр.
Мемлекет басшысы еліміздің даму бағыты мен болашақ келбетін нақты айқындады. Жаңа кезең мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, экономикалық өсімді қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту, инвестициялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ бизнесті дамытуға тың мүмкіндіктер ашады. Осы басымдықтардың барлығын біріктіретін ортақ конституциялық бағдар – халықтың әл-ауқатын арттыру.
Терең институционалдық, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық өзгерістердің іргетасы – Халық Конституциясы. Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткендей, жаңа Конституция «еліміздің саяси жүйесінің түбегейлі жаңғыруына, жаңа билік институттарының құрылуына үлкен серпіліс берді».
Жолдау елді ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыртуға көшірудің стратегиялық негізін айқындайды. Президент жолдар мен логистикалық орталықтарды жедел әрі сапалы салудың қажеттігіне назар аударды. Еліміздің барлық өңірінде білім, спорт, мәдениет, таза ауызсумен қамтамасыз ету нысандарын, перинаталдық орталықтар мен ауруханаларды, жедел медициналық жәрдем стансаларын, балаларды оңалту орталықтарын, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт залдарын салуды тапсырды.
Президент айқындаған басымдықтарды одан әрі дамыту мақсатында келер жылды «Халықтық құрылыс» жылы деп жариялауды ұсынды. Біз бұған қайтарылған активтер есебінен азаматтардың игілігіне қызмет ететін әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуда айтарлықтай тәжірибе жинақтап келіп отырмыз. Олардың барлығы мердігерлер үшін бюрократиялық кедергілерге жол бермей, қысқа мерзімде әрі сапалы іске асырылып жатыр. Құрылыс жұмыстарының барлық кезеңі алғашқы кірпіші қаланған сәттен бастап қадағалауға алынған.
Бұған осы аптада Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында жаңа Гематология орталығының ашылуы айқын мысал бола алады. Бұл – Шығыс Қазақстан, Павлодар мен Абай облыстарының ересек адамдары мен балаларына мамандандырылған медициналық көмек көрсететін өңіраралық кешен.
Орталықтың басты ерекшелігі – қан ауруларына шалдыққан пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің толық циклі бір жерде шоғырландырылған. Мұнда жоғары дәлдіктегі диагностика мен емдеуден бастап, сүйек кемігін трансплантациялау, оңалту және пациенттердің кейінгі жағдайын тұрақты бақылауға дейінгі барлық қызмет түрі қамтылған.
Орталықта молекулалық-генетикалық және цитогенетикалық диагностика жүргізу, сүйек кемігін трансплантациялау бөлімшесі мен трансфузиология орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар химиотерапияға арналған дәрілік препараттарды орталықтандырылған тәртіппен дайындау мүмкіндігі қарастырылған.
Балалар гематологиясы мен сүйек кемігін трансплантациялау бағытында мамандандырылған медициналық көмек көрсетудің маңызы ерекше. Қазіргі уақытта аталған үш өңірдің ешқайсысында мұндай қызмет түрі жоқ.
Биыл Шымкент қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар оқитын «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» арнайы кешені үшін 300 орындық заманауи жатақхана пайдалануға берілді.
Ақмола облысында да бірқатар ірі спорт нысандары ашылды. Олардың қатарында Зеренді ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және Көкшетау қаласындағы «Көкше Арена» спорт кешені бар. Павлодар, Арқалық және Балқаш қалаларындағы үш әуежайды реконструкциялау жұмысы аяқталды.
Бүгінде құрылысы жоспарланған 466 жобаның 383-і аяқталды. Оның ішінде сумен жабдықтау саласында – 194, денсаулық сақтау – 169, білім саласында 11 нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар спорт, көлік және инфрақұрылым салаларында 3 нысаннан аяқталды. Жолдауды іске асыру мақсатында уәкілетті органдармен бірлесіп құрылыс жобаларын сүйемелдеу бойынша қалыптасқан тәжірибені еліміздің инфрақұрылымын дамытуға арналған барлық нысанға қолданатын боламыз.
Президент Жолдауында кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін нығайтуға, оларды бақылаушы органдар тарапынан болатын негізсіз қысымнан және заңсыз қылмыстық қудалаудан қорғауға бағытталған шаралар қабылдаудың маңыздылығына тоқталғанын атап өткен жөн. Мемлекет басшысы «Бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту» екенін атап өтіп, кәсіпкерлердің қызметіне қолдан заңсыз тосқауыл жасауды мемлекетке қарсы жасалған қылмыс ретінде бағалап, бірқатар нақты тапсырма берді. Олардың қатарында экономикалық құқықбұзушылықтарды одан әрі қылмыстық жауаптылықтан арылту, бизнес субъектілерін тексеруге мораторий енгізу мәселелері бар.
Бұл бағытта прокуратура құқық қорғау органдары тарапынан кәсіпкерлерге түсетін қысымды азайту және оларды негізсіз қылмыстық қудалауға тартуға жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдап келеді. Бұл ретте, біз тіркелген қылмыстық істердің заңдылығы мен негізділігі, соттардың тергеу әрекеттерін жүргізуге және кәсіпкерлерге қатысты мәжбүрлеу шараларын қолдануға берген санкцияларын күнделікті мониторингтен өткізіп, тексереміз. Нәтижесінде кәсіпкерлерге қатысты тіркелген қылмыстық істер санының азаю үрдісі сақталып отыр (134-тен 104-ке дейін).
Жинақталған тәжірибені ескере отырып, экономикалық құқықбұзушылықтарды қылмыстық жауаптылық аясынан шығаруға бағытталған, жан-жақты сараланған ұсыныстар енгізуге дайынбыз.
Бүгінде уәкілетті органдардың цифрлық әкімшілендіру жүйесінің дамуы осы саладағы қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіруге кең мүмкіндік ашып отыр. Сонымен қатар прокуратура инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды іске асыруға қолдау көрсету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырады.
Қазіргі уақытта прокурорлар жалпы құны 105 трлн теңгені құрайтын 3,5 мың инвестициялық жобаларды сүйемелдеуде. Инвесторлардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетігіне айналған «прокурорлық сүзгі» өз нәтижесін көрсетіп отыр. Оның көмегімен 2 080 инвестордың құқығы қалпына келтіріліп, проблемалық сипаттағы 670 мәселе шешімін тапты. Осы орайда, Мемлекет басшысының: «Барша беделді әрі адал кәсіпкерлердің инвестициялық мүддесі ең мықты әрі сенімді құқықтық құжат – Конституциямызбен қорғалған», деген тұжырымының маңызы зор.
Жолдауда айқындалған басымдықтардың ішінде елдің одан әрі дамуы үшін іргелі маңызға ие «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын сақтау ерекше орын алады. Бұл қағидатты дәйекті түрде іске асыру қоғам өмірінің барлық саласына оң ықпал етеді. Азаматтар үшін бұл – алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуге мүмкіндік беретін, ертеңгі күнге деген сенімді нығайтатын кепілдік. Бизнес үшін – меншік құқығының қорғалуы мен қызмет жүргізудің айқын әрі түсінікті ережелері. Ал мемлекет үшін – жаңа инвестициялық жобалар, қосымша жұмыс орындары және экономикалық өсім.
Жуырда АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанды туризм үшін қауіпсіздігі жоғары елдер қатарына қосты. Әлемдік паспорт рейтингтерінде Қазақстан паспорты бүгінде Орталық Азиядағы ең мықты паспорт ретінде танылып отыр. Халықаралық субъективті әл-ауқат деңгейін бағалайтын «World Happiness Report» зерттеуінде еліміз 147 мемлекеттің ішінде 33-орынға ие болды. Бұл – Қазақстанның осы рейтингтегі бүгінгі күнге дейінгі ең үздік нәтижесі.
Бұдан да маңыздысы, аталған рейтингте қиын жағдайға тап болған кезде жақындары мен айналасындағы адамдардан қолдау күту мүмкіндігін бағалайтын көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемдік көшбасшылар қатарында. Бұл – қоғамдағы ынтымақ пен өзара көмектің айрықша құндылығын айғақтайтын тағы бір дәлел.
Үкіметтің мәліметінше, өткен жылы елімізге 12 миллионға жуық шетелдік турист келген. Ал туризм саласына салынған инвестиция көлемі бір жылда 32,6 пайызға өсіп, 1,26 трлн теңгеге жеткен. Әрине, бұл көрсеткіштерге инфрақұрылымның дамуы, көлік қатынасының қолжетімділігі және басқа да бірқатар кешенді факторлар ықпал етеді. Қауіпсіздік пен қорғалу деңгейі де туризм және экономиканың басқа да салалары дамитын ортаның маңызды сипаттамасы саналады. Бұл жетістіктердің артында құқық қорғау органдары мен мүдделі өзге де мемлекеттік органдардың үйлесімді әрі бірлескен жұмысы тұр.
Бұл бағыттағы жұмыстың тәсілдерін жүйелі түрде жаңартып, құқықтық тәртіпке төнетін қатерлердің алдын алуға басымдық беріп келеміз. Осы мақсатта ақпаратты жедел жинауға және өңдеуге, қалыптан тыс жағдайларды анықтауға, оқиғалар арасындағы өзара байланысты зерделеуге, сондай-ақ құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік беретін озық әдістер мен цифрлық құралдарға негізделген кешенді талдау модельдері кеңінен енгізіліп жатыр.
Мәселен, осы қағидаттар негізінде «Айқын нәтиже» жобасын әзірлеп, алғаш рет елордада жүзеге асырдық. Бүгінде жоба ІІМ және әкімдіктермен бірлесіп, еліміздің басқа аймақтарында да кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Біз криминалдық талдау нәтижелерін, инфрақұрылымдық деректерді ұштастырып, ЖИ көмегімен қоғамдық тәртіптің бұзылу қаупі жоғары аумақтарды анықтадық. Соның нәтижесінде көшелерде шамамен 4,2 мың жаңа жарықтандыру нүктесі орнатылып, 4 мыңға жуық бейнебақылау камерасы іске қосылды.
Бас прокуратураның «Саналы ұрпақ» жобасы аясында 10 айда 19 мың рейдтік іс-шара өткізілді. 4 мың жасөспірім профилактикалық есепке алынып, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүрген 2 400 бала анықталды. 304 дәмхананың алкоголь өнімдерін өткізуге берілген лицензиялары қайтарылып алынды. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі 7 пайызға төмендеді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес азаматтарды интернеттегі алаяқтықтан қорғаудың көпдеңгейлі жүйесі қалыптастырылды. Осы бағытта заңнама, ұйымдастыру және технологиялық шаралар қабылданды. Онлайн-кредит беруге қойылатын талаптар күшейтіліп, байланыс қызметтерін реттеу тетіктері қатаңдатылды.
Кейінгі жылдарда алғаш рет интернеттегі алаяқтықтың өсу үрдісін тоқтатуға қол жеткізілді. Тиісті органдардың бірлескен жұмысының арқасында биылғы жылдың 9 айында мұндай құқықбұзушылықтарды 22 пайызға төмендеттік (20 387-ден 15 819-ға дейін), соның ішінде кредиттік алаяқтық (62 пайыз), телефон арқылы жасалатын (31 пайыз) және онлайн-сатып алуға байланысты алаяқтықтар (34 пайыз) саны азайды.
Қылмыстық қатерлерді ерте анықтау бағытында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект белсенді енгізіліп жатыр. Бас прокуратура жанында жұмыс істейтін Қылмыстық қатерлерді болжау орталығы құқықтық статистиканың үлкен деректерін талдап, қоғамға төнуі ықтимал қауіптердің алдын алу мақсатында отандық және шетелдік медиакеңістіктегі ақпараттарға тұрақты мониторинг жүргізеді.
Жалпы, бүгінде зорлық-зомбылық деңгейінің төмендеп келе жатқанын, кісі өлтіру, қарақшылық шабуыл және бұзақылық сияқты ауыр құқықбұзушылықтардың азайғанын атап өтуге болады. Бұған, сөзсіз, қоғамдық сананың өзгеруі, заң үстемдігі мен тәртіп қағидаттарының орнығуы және цифр-ландыру үдерісінің дамуы ықпал етіп жатыр. Азаматтарға қылмыстардың жаңа схемалары мен ықтимал қауіп-қатерлері туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады.
Президент Жолдауында мұғалімдердің мүдделерін қорғау және педагогтерге құрметпен қарау мәселелеріне де ерекше назар аударып, ұстаздардың артық жүктемесін азайту және қоғамдағы беделін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
Бұл маңызды басымдықтар ұстазға құрмет көрсету, оның қоғамдағы рөлін мойындау және педагогтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – білімді, жауапты әрі заңға бағынатын жас ұрпақты тәрбиелеудің қажетті шарты екенін, олардың бойында Адал азамат қағидаттарына негізделген адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың ажырамас бөлігі екендігін айқындайды.
Біз өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөлеміз. Құқықтық мәдениет отбасында, мектепте және қоғамдық ортада қалыптасады. Бүгінгі жастар өте белсенді және, ең бастысы, мәселелерге бейжай қарамайды. Мұны күнделікті жұмысымыздан айқын аңғарамыз. Олар біздің көптеген бастамаларымызды қолдап, Заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілетуге белсенді атсалысып келеді.
Еліміздің көптеген өңірінде прокурорлар балалардың қауіп-қатерден сақтану дағдыларын қалыптастыруға және осы бағыттағы білімін арттыруға арналған жобаларды жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа оқу жылынан бастап мектептерде «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» міндетті курстары енгізілді. Мұндай жобаны біз алғаш рет Алматы облысында қолға алып, кейін тәжірибені еліміздің басқа өңірлеріне де тараттық.
Еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде өткізілетін Халық заңгері, Ашық есік күні, Құқықтық дәріхана және басқа да құқықтық акциялар халыққа өз мәселелерін шешуде заң көмегін беріп қана қоймай, сонымен қатар әр адамның өз құқықтарын білуге және оларды заңды жолмен қорғауға дағдылануына ықпал етіп келеді.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында еліміздің барлық өңірінде қоғамдық аумақтарды ластау, жасыл желектер мен коммуналдық инфрақұрылым нысандарын бүлдіру фактілерін анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік органдармен бірлесіп, 120 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
Экологиялық бақылаудың цифрлық құралдары енгізіліп жатыр. Мәселен, біз әзірлеген заңсыз қоқыс үйінділерін анықтауға арналған «TazaQala» цифрлық платформасының көмегімен Алматы қаласында осы айдың ішінде 260 заңсыз қоқыс орны анықталып, олардың 135-і тазартылды.
Біз тарихи өзгерістердің маңызды кезеңінде тұрмыз. Президент айқындаған басымдықтар мен міндеттерді жүзеге асыру баршамыздан жүйелі әрі үйлесімді жұмысты талап етеді. Бұл жұмыстың басты өлшемі – қоғам мен мемлекет мүддесіне сай келетін, азаматтарымыздың игілігіне бағытталған нақты нәтижелер.
Біз алға қойған мақсаттарымызға Әділетті, Қуатты, Таза әрі Прогрессивті Қазақстанның мызғымас негізі болып табылатын Заң мен тәртіп конституциялық қағидатын қатаң сақтай отырып қол жеткізетінімізге сенімдімін.
Берік АСЫЛОВ,
Бас прокурор
